Policia.kz хабарлайды: «Tomiris» құрамасы UAE SWAT Challenge додасында әйелдер командалары арасында топ жарды. Биыл Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысында «Tomiris» әйелдер құрамасы жоғары дайындық пен өзара үйлесімділіктің үлгісін көрсетті. Команда мүшелері физикалық, тактикалық және психологиялық тұрғыдан шыңдалғандығын дәлелдеп, әйелдер тобы арасында 1-орынды иеленді. Жалпыкомандалық есепте «Tomiris» 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер тобынан басым түсті. Бұл — құрамның кәсіби шеберлігі мен дайындық сапасының айқын айғағы. Команданың бұл жетістігі — жүйелі әрі мақсатты жұмыстың заңды нәтижесі, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби деңгейі жыныстық ерекшелікке байланысты емес екендігінің жарқын мысалы. Бұл жеңіс тек спорттық жетістік қана емес, сонымен бірге ішкі істер органдары жүйесіндегі әйелдер бөлімшелерінің дамуының символына айналды.

Еуразия24 пікірі:
Дубайда өткен арнайы бөлімшелер арасындағы бейресми «олимпиадада» қазақстандық сарбаз қыздар жауынгерлік дайындықтың үздік үлгісін паш етті. Биыл бұл жарыстың қалай өткені туралы қысқаша айтқан болатынбыз. Қазақстанның әйелдер құрамасы аталған додада алғаш рет 2025 жылы бақ сынап, бірден күміс жүлде иеленген еді. Небәрі екі жыл ішінде тұғыр шыңына көтерілу — қазақстандық арнайы жасақтардың жүйелі әрі жоғары деңгейдегі даярлығының нәтижесі. UAE SWAT Challenge тактикалық жарысы тек физикалық күшке ғана емес, сонымен бірге ұжымдық ауызбіршілікке, командалық рух пен темірдей тәртіпке негізделген. «Томирис» командасының мүшесі Құралай Қабырайқызы 2025 жылы дебюттік жарыстан кейін өз әсерімен бөлісе отырып былай деді: «Біз ерлермен қатар сынға түстік. Жарыс өте тартысты өтті, финалға жолдама алдық. Елордада өткен жаттығулардың арқасында дайындығымыз жоғары деңгейде болды. Тіпті ерлердің өзі өте алмай қалған соңғы кезеңде біздің команда белгіленген қарқынды жоғалтпай, мәреге жетті». Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздігі осындай сақадай сай бұрымдылардың сенімді қолында екені қуантады!




