Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәліметінше, Премьер-Министр Олжас Бектенов Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына және Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровтың Еуразиялық үкіметаралық кеңес делегация басшыларымен өткізген ортақ кездесуіне қатысты. Кездесу барысында ЕАЭО елдерінің экономикалық әлеуетін нығайту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, өзара сауданы дамыту, Одақ нарығындағы кедергілерді жою сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, тұрақты өсімді қамтамасыз ету және сауда ағындарын әртараптандыру мақсатында ЕАЭО-ның үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын кеңейту қажеттігі атап өтілді. Қазақстан әртүрлі форматтарда әріптестермен практикалық өзара іс-қимылды тереңдету бастамасын қолдайды. Жиын барысында климаттық күн тәртібін жүзеге асыру, көлік дәліздерін цифрландыру, еңбек нарығындағы біліктілік талаптарын жақындату және өзге де мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Отырыстың қорытындысында 10 құжатқа қол қойылды.
Евразия24 пікірі:
Еуразиялық бестік Үкімет басшыларының тұрақты кездесулері әрдайым мазмұнды өтіп, интеграциялық үдерістердің әрі қарай дамуына жол ашады. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссияның күн тәртібінде тұрғанмаңызды бағыттардың бірі – мүше мемлекеттердің азаматтарын ЕАЭО аумағында еңбекке тартуды жеңілдету. Комиссия Үкіметаралық кеңес отырысына арнап ұлттық біліктілік жүйесіне жасалған жан-жақты талдау мен олардың негізгі өлшемдері, кәсіби білім беру деңгейі және еңбек қызметін атқаруға қойылатын талаптарына қатысты салыстырмалы шолу қамтылған баяндама әзірледі. ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей: «ЕАЭО туралы шарт аясында білім туралы құжат өзара мойындалғанымен, кәсіби біліктілікті тану мәселесінде айырмашылықтар әлі де бар». Нәтижесінде Үкіметаралық кеңес Комиссия жүргізіп отырған, ЕАЭО еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтар үшін біліктілік талаптарын үйлестіруге бағытталған жұмысты қолдады. Бұлеуразиялық елдердің азаматтары үшін пайдалы болмақ.