ХАН ТӘҢІРІ, ОРЫС БАРЛАУЫ ЖӘНЕ РОК-МУЗЫКА
Тәңіршілдіктің символы – Хан Тәңірі тауы қазақтар ежелден «Аспан Тау», ал, қытайлар Тянь-Шань деп атаған тау жүйесінің Орталық бөлігінде орналасқан.
Отандастар, заманауи географиялық карталардың бәрінде біздің қазақ пен қырғызға ортақ тауларымыз қытайдың «Тянь-Шань» деген сөзімен аталатындығы сіздерді таңқалдырмай ма? Бұндай келеңсіздік Ресей Бас штабының Сыртқы барлау қызметінің офицері Петр Семеновтің қитұрқы іс-әрекетінің салдарынан болды деп ойлаймын. Ол өз мамандығын меңгеру кезінде-ақ неміс географы Александр фон Гумбольдтің «Орталық Азия» атты 3 томдық басылымын орыс тіліне аударып, келешекте Британ және Орыс империяларының геосаяси бақталастығы аумағына айналатын осы маңызды аймақ, яки, Орталық Азия туралы көп білетін сарапшы маман саналған.
1856-жылы Семенов «ғылыми» экспедиция жетекшісі деген жалған атпен жедел түрде біздің жерімізге іссапарға жіберілді. Оған арнайы Пекиннен ұрланған әскери қытай карталарының мазмұнын нақтылап, жаңартып, барлық географиялық нысандардың жергілікті атауларын кириллицамен жазып көрсету құпия тапсырмасы берілді.
Жылы-жайлы астанадан алыстағы қауіпті «жабайы» Азияда өткізген жылдарының өтеуі ретінде Семеновке Сыртқы барлау қызметінің ғылыми бөлімшесі болып табылатын Императорға қарасты Орыс Географиялық Қоғамындағы (ИОГҚ) басқарушылық қызметке өсірілетіні уәде етілді.
Қазақтың киіз үйінде Петербургті сағынып, зарыққан жас Семёнов, осыдан қайтқан соң, өзінің Ресей Ғылым академиясының толық мүшесі ретінде өңірі жарқ-жұрқ еткен орденге толы мундир киетінін елестетумен болды. Ал, ол мундирге қол жеткізуі үшін, ол аты белгісіз геодезистердің, топографтардың, биологтардың, ботаниктердің және командасындағы басқа да ғалымдарың еңбегін пайдалануы керек болатын. Сондықтан, ол экспедиция мүшелеріне тыным таптырмай, тау-тас, аңғар-шатқалдарды аралатып, 2 жыл ішінде тапсырманы тап-тұйнақтай орындап шықты!
Мейманасы асқан Петр арман жетегімен өзінің тым қарапайым тегіне (яки, фамилиясына) алыс елдерді ашқан саяхаттарындағы ерліктеріне меңзейтін әдемі экзотикалық қосымша жалғанатынына да дәмелі еді. Әне, әріптесі Колька Миклуха іс-сапармен Гвинеядағы папуастарға барып келді де, енді өзін Миклухо-Маклай деп атайды, қандай сүйкімді!
Заңғар тау сілемі сызылған қытай картасына қарап отырып, осы «ізашар» саяхатшы оның «Тянь-Шань» деген қытайша атауын аудармай қалдыруды ұйғарды. Бұл «болмашы қателікті» Бас Штабта ешкім байқаған жоқ. Соның арқасында ақыры сұрқия Семенов армандағандай болып шықты! Ол кейін ИОГҚ (Императорға қарасты Орыс Географиялық қоғамының) әскери барлау саласы бойынша Вице-Төрағасы да, Академик те болды, ал, зейнеткерлікке тақаған жасында, өзіне «Семенов-Тян-Шанский» фамилиясы берілетіні туралы Ең жоғары жарлыққа да қол жеткізіп тынды! Иә, Петр дұрыс шамалапты, шынында да, «Семенов-Аспантауский» деген фамилия онсыз да жартылай түркілік Ресейде ешкімді елең еткізбес еді!
Хан Тәңірі (7010 метр) Жер бетіндегі ең әдемі ТОП-10 шыңдар қатарына кіреді, ал, оның төбесі еліміздегі ең биік нүкте болып табылады. Алыстан оны тек Қазақстан жағынан, Алматы облысының оңтүстігіндегі Кегеннен Текеске бара жатқан жолда көруге болады. Бұл географиялық дерек Тәңіршілдік философиясының қалыптасуына қазақтардың ата-бабаларының тікелей қатысы болғанын бұлтартпай айғақтайды.
Әлемнің көптеген халықтары өз отандарының асқаралы тау шыңдарын кие тұтады. Фудзияманы (3776 метр) дәріптеу арқылы аса қадірлі жапондықтар өз бойларында сондай биік адамгершілікті-өнегелік қасиеттерді тәрбиелеген. Ұлттық рухының биіктігімен де, мықтылығымен де алып жанартауға сай болуға тырысқан шағын Жапония аралдарының жұрты не мұнай, не минерал қоры болмаса да, өз күштері мен миларына ғана сүйеніп, ғылым мен техникада, экономикада таңғажайып жетістіктерге жетті.
Біле жүріңіздер, құрметті отандастар, жапондықтардың Синто деп аталатын көне философиясы біздің көпке әйгілі Тәңіршілдігіміздің көшірмесі болған, тек 1869-жылы ғана пысықай сарай қызметшілері оны Жапонияның мемлекеттік дініне айналдырып, ол (дін) Императорды тікелей «Аспан тәңірінің ұлы», «Аспан ұлы» деп мәлімдеді. Бұған бағынбаған синтоистерді сектанттар деп жариялап, әдейі ұйымдастырылған лаңкестік әрекеттер арқылы халықтың көз алдында әзәзіл етіп көрсетті.
Айналасындағы таулардан асқақ, найзадай тік шаншылып, сүйір ұшы аспанмен таласқан Хан Тәңірін көнедегі көшпенділер ата-бабаларының жаны Көкке көтеріліп, ғаршы Мәңгілікке бет алған Қасиетті Баспалдақ деп елестеткен.
Хан Тәңірі шыңын көрген сайын, атақты «Led Zeppelin» рок тобының «Stairway to Heaven» атты әлемдік хитының керемет әуені көкейіме оралады. Осы қысқа симфонияның барлық бөлімдері мендегі сезім күйлерінің жүйесін де, тереңдігін де тап басып бейнелейді, ал, оның соңғы аккорды ойналғанда, мен өмірдің шынайы құндылықтары жайлы ойға шомамын. «Көкке көтерілуге рұқсат қағазын алтынға сатып ала алмайсың!» делінеді әнде. Дәл осылай, Хан Тәңірінің асқар шыңына қарап отырып, біздің дана көшпенді атамыз да болмыстың мәні туралы толғанған.
ҚАҺАРЫМЕН ӘЛЕМДІ ТІТІРЕТКЕН ӘМІРШІ ЕСІМІНІҢ ТӘПСІРІ
«Моңғол» ұғымын анықтап алған соң, осы сөзбен астаса ойға түсетін есімге де көңіл бөлетін кез келді. Ол орысша «Чингисхан», ал латынша, неге екені, басқаша – «Genghis Khan» деп жазылады. Әлемдік ауқымдағы ұлы мемлекет қайраткері есімінің түрлі этностардың тарихнамаларында түрліше жазылуы мен айтылуы да сауал тудырып, салмақты талқылауды қажет етеді.
Кітаптар мен фильмдерден оқып-білгеніміздей, болашақ Әлем Әміршісінің балалық, бозбала және жастық шағы кедейлікте, бас бостандығынан айыру орындарында, толассыз қудалау мен азапта өткен, себебі, оның әкесін – қазақтың қият руы ішіндегі бозжігіт тайпасының, айталық, Естай есімді, ел құрметтеп Есеке (орысша — Есугей) дейтін Ханын татар дейтін әлдебір жұмбақ халықтың адамдары улап өлтірген.
Тарихшылардың жазуында, осы оқиғадан 10 жыл бұрын тайпа басшысы Естай Хан, қайдағы бір тексіз жалаңаяқ жүгермектей (?!), татарлардың қоңыраттан келген келіндерін, яғни, Шыңғыс Ханның Аяулым (бұрмаланған орысша нұсқада – Оэлун) есімді болашақ анасын озбырлықпен алып қашып кеткен, міне, кекшіл татарлар оны сол үшін өлтіріп, өш алған.
Татарлардың неге сонша жыл (бақандай он жыл) өш алмай, нендай ерекше сәтті күтіп жүргендерін тарихшылар түсіндіріп жатпайды, есесіне, Шыңғыс Хан билікке келген соң, татарлардан әкесінің кегін аямай алып, олардың тайпасын бірін қалдырмай қырып тастағанын баяндайды! Сөйте тұра, әпкелі-сіңлілі екі татар қызын тірі қалдырып, артынша оларды бірінен соң бірін әйелдікке алғанын қоса жазады.
Неліктен әпкелі-сіңілі қыздар қаза болған туыстарының кегін қуып, Шыңғыс Ханды алғашқы түні-ақ өлтіре салмады, одан кейін де Шыңғыс Хан тұқымын тұздай құртқан татарлардың қалайша кенеттен қайта тіріліп, онымен қоймай, татар-моңғол езгісінің басында тұрғанын тарихшылар тағы түсіндірмейді.
Ал, мен бұл бұлдыр-көмес оқиғаны мүлде басқаша елестетемін. Адам саны онсыз да онша көп болмаған көшпелі қоғамда, тіпті, ең қарапайым адамның өзін өлтіру некен-саяқ әрі арты үлкен дауға айналатын дабыралы қылмыс болған. Дала заңына сай, жапа шеккен отбасына қисапсыз мал бергізетін айыппұл мөлшері қылмыскердің бүкіл руын жұтатып кетуі мүмкін еді, ал, кейде құныкер қылмысының жазасына өз баласын өлген кісінің туыстарына беруі тиіс болған!
Қазақтар өзара қақтығыстарда біреуді жазатайым өлтіріп қоймас үшін, адамды жазым қылмайтын қару, атап айтқанда – жаяу ұрыста шоқпар, ал, ат үстінде соғысқанда шоқпардан ұзындау сойыл ғана пайдаланған.
Осындай далалық тәртіп тұсында рубасы-Ханның өлтірілуі ешқашан ұмытылмайтын, шектен шыққан Ғасыр Қылмысы болар еді! Президент Кеннеди мен Диана ханшайымның өлімі төңірегінде ауық-ауық небір аңыздар айтылатыны сияқты, бұл қайғылы оқиға да халыққа ғибрат боларлық жырларға айналып, қазақ эпосына енуі тиіс еді, бірақ, ондай дәнеңе де жоқ!
Мен былай топшылаймын – ел аман, жұрт тынышта қайтқан Есекені ешкім де өлтірмеген, ол өзіне-өзі қол салған, мойнына тым көп қарыз ілінгендіктен, көптігі сонша, қайтара алмайтын болғандықтан да, соған барған. Оның қалай қарыздар болғанын артынан біле жатарсыздар, бірақ, халық эпосының Естай хан өлімі туралы жақ ашпауы менің жорамалымды растайды, өйткені, адамның өз-өзіне қол жұмсауын ешбір халық құп көрмеген.
Осы нұсқаға орайлас тағы бір дерек бар. Тарихи жазбаларда айтылғандай, өлерінен аз бұрын Есеке өзінің 9 жасар ұлына әйелінің руласы, яғни, қоңырат руынан шыққан Бөрте есімді қызды асығыс-үсігіс айттырған. Осы жерде «неге бұлай асығыс?» және «неліктен дәл сол рудан айттырған?» деген сауалдар туындайды.
Балаларын некелестіргенде, Хандар бір ғана мақсатты көздеген – неғұрлым көп рулардың Хандарымен құдаласып, туыстық байланыс аясын кеңейте отырып, өздерінің саяси және экономикалық күш-қарымын нығайту. Естай ханның бір рудан қатарынан екі рет әйелдікке қыз алуы саяси тұрғыдан осындай зор мүмкіндіктен айырылумен бірдей еді, бұндай қадамға адам амалы құрығандықтан ғана барады.
Менің ойымша, бұғанасы қатпаған баласын атастыруға асыққан себебі, осы жақсы істің желеуімен ол жаңа құдаларынан материалдық көмек сұрап, қыз жасауына мол дүние келтіріп, сөйтіп, тым болмаса, қарызының бір бөлігін болса да өтемек болған. Алайда, оның несиесін қайтара алмай, басына іс түскенін білетін Хандардың ешқайсысы онымен туыстасқысы келмеген соң, әйелінің туыстары, қоңыраттарға құда түскеннен басқа оның еш шарасы қалмаған.
Қызын құтты орнына қондыру – әке-шеше өміріндегі аса маңызды міндеттердің бірі! Қазақ ұғымында, Есекенің тағы да туыстаспақ ниетіне қуанған қоңыраттар осымен екі мәрте қыздарын алып отырған оның алдында екі есе борышты болып, күйеу бала, енді оған қоса, қадірлі бас құда ретінде оған көмектесуі керек еді. Бірақ, жаңа құдаларға жанашыр біреулер бұл оқиғаға килікпеуге ақыл берген болуы керек, қыздарын сәтімен атастырғанымен, қоңыраттар сақсынып, жасауын 5 жылдан кейін, той күні ғана беруге уәде еткен, сөйтіп, бұл амалы да іске аспай, Есеке қарыздарынан құтыла алмаған.
Сірә, осы сәтсіздіктен кейін қатты күйзеліп, тығырықтан шығар амалы таусылғандықтан, масқара боларын түсінген Есеке, өзі у ішіп өлсе керек, және ол түсінікті де.
Бұл аяқ астынан келген қаза, күтпеген оқиға болғандықтан, несие берушілер қаралы хабарды ең соңғы болып естіді, ал, ести сала, кепілге қойылған дүние-мүлікті алып кетпек үмітпен марқұмның ауылына жетіп келгенде, тым кеш еді.
Есеке бақиға аттанған бойда, оның кедейлікке ұшыраған бұрынғы бағынышты-руластары талайдан төленбеген айлықтарының өтемі ретінде қалған-құтқан хан мүлкін талап алып, бастары ауған жаққа тарап кетті. Кешігіп келген несие берушілер бәрінен құр қалып, ақыры несиелерін қайтарып алудың амалын іздеп, Есекенің жесірі мен жетім баласына шүйлікті.
Жағдай ушығып, несие берушілер қорғансыз жесір әйелдің үлкен ұлын неше мәрте тартып алып, жолшыбай әрі өткен, бері өткен шетелдіктерге сатып жібергенге дейін жетті, бірақ, ол бала құл болуға көнбей, ылғи да тор мен зынданға қамап қойған жерінен қашып кете берді. Несие берушілер де әр кез баланың ақысына алған күмісті иелеріне қайтарып, тағы да оның артынан қууға мәжбүр болды.
Ұлын өкшелеп қоймағандардан тасалау үшін, Есекенің жесірі амалдап, оның ата-тегін жасырып бақты, сол үшін ұлдың шын атын ел ішінде көп таралған қарапайым атқа өзгертті. Батыл баланың еркіндік үшін ерлерше күресіп, бір емес бірнеше рет танытқан темірдей қайсар мінезіне қарап, анасы оған «Теміржан» деген лақап атты таңдады.
Шежірелерден «Теміржан» деген анық қазақы есімді кезіктіріп, шошып кеткен Ресей Империясының тарихшылары, саяси цензураның нұсқауымен оны бұрмалап, «қазақша емес», не тегі, не мағынасы белгісіз «Тэмуджин» деген сөзге айналдырды да, ақыры сол сөз әлемдік тарихнамаға жол тартты.
Тарихшылар ескі аңыздың өңін айналдырып, Есугей шетелдегі әскери жорықтан оралған соң, зарығып көрген тұңғышына Тэмуджин деген жеңген жауының атын қойған-мыс деген мағлұматты бүкіл кітаптарға енгізіп жіберді. Енді ше? Есугей деген есуас мәжуси көшпенді емес пе, әлгі ұлына қарап, дұшпанын жиі-жиі есіне түсіріп, оның төбесін ойғанына өмір бойы мәз болып өткісі келген ғой, жауыз неме!
Неткен қызық қисын еді! Ұлы Отан Соғысынан үйіне жеңіспен оралып, қуаныш үстінде тұңғышын «Гитлер» деп атап жіберген совет командирін елестете аласыздар ма? Ал, қылжақбас тарихшылар елестете алады!
Ал, менің көз алдыма басқа көрініс келеді. Ақ көбігі шыққан ат үстінде жүзін шаң басқан «қызыл жаушы» жігіт даламен шауып барады, ол Есекенің жасағы жауды жеңіп, қайтып келе жатқанын жерлестеріне жеткізіп, сүйіншілеуге асығулы. Жауынгер ұлдарының хабарын алаңдай күткен ауылдардың тұсынан құйғытып өте беріп, жігіт алыстан қарқылдай күліп, бар даусымен руластарына:
-Жеңіс! Жеңіс!!! Жеңі—і-с !!! Жеңі-і-і- і — с !!! – деп айқайлайды.
Аулына жетіп, киіз үйінің алдында жорыққа мінетін атынан түскен Есугейді тағы бір қуанышты хабар күтіп тұрды – ол ұлды болған еді! Баласын құшақтап, алдынан шыққан жары Аяулымның алғашқы сөздері:
- Жеңіс құтты болсын, сүйіктім! – болды.
Бүкіл бозжігіт руы шаттанысып, жан-жақтан:
- Жеңіс! Жеңіс! — деп айқайлаған дауыстар естіліп жатты.
Көрші Хандар да келіп, Есекені жеңісімен құттықтады, содан соң, жаңа туған ұлының атын кім деп қойғанын сұраған оларға бақытты әке:
— Әрине, «Жеңіс»! – деп жауап берді.
Құттықтай келгендерге күле қарап отырып, Естай Хан бұл жеңістің, шын мәнінде, «құт емес, жұт әкелгенін» сездірмеді. Өйткені, елінің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын қорғап қалу үшін, тайпасының бүкіл материалдық қоры мен көрші Хандардан қарызға алған қыруар қаражатты түгелдей жұмсауына тура келген еді. Тонағанмен бірдей тым үлкен пайызбен берілген қарыз-несиені 10 жылға алған оның, ғайыптың күшімен «әйтеуір бір құтылармын» деген үміті жоқ емес-тін, бірақ, ол да неғайбіл еді.
Соғыс қашанда жоқшылыққа ұшыратады. Қазіргі Ұлыбритания Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тан алған әскери қарыздарын осы жуырда ғана төлеп бітті! Екінші Дүниежүзілік соғыс ауыртпалығына төтеп беру үшін де сол Штаттардан алған несиелерін қайтаруды Британия әлі бастаған да жоқ. Ал, біз Вашингтонның неліктен, ай-шай жоқ, Лондонның сыртқы саясатын билеп-төстейтініне таң қаламыз!
Сол заманда католик дінін уағыздаушы монах атын жамылып, Мәңгі Елді шарлаған еуропалық барлаушы Джованни де Плано Карпини (Giovanni da Pian del Carpine) Федерация басшының атын сұрағанда, оған «Жеңіс Хан» деп жауап берілді. Тыңшы латын әріптерімен әдемілеп, GENHIS-KHAN деп жазып алды (бұндағы Н әрпі өзінен кейінгі I (латынша – Ай) әрпі И деп, ал, А (латынша Эй) әрпі А деп дыбысталатынын көрсетеді). Аудармашы ретінде Карпинидің жанында жүрген, оның жол жазбаларына не жазғанын аңдуға қойылған түркілік қарсы барлау қызметкері оны түзеп:
- Джованни, достым, сен дұрыс жазбадың ғой. Бұл жерде жай ғана итальяндық «N» емес, қазақтың «Ң» деген үнді дыбысы жазылуы керек, өзгерт! – дейді.
Қазақтың осы төл дыбысын 100 рет айтса да, тілі келмеген байғұс италияндық, ол дыбысты қазақ фонетикасынан өзгешеленетін латын әріптерімен жазбақ болғанда, тіптен, қиналды. Ақыр аяғы, Карпини GENgHIS-KНAN деп жазып алды да, ауызша «ДЖЕН’ИС-ХАН» деп айтты.
– Жә, жарап тұр! – деп, әбден шаршаған түркілік қарсы барлау қызметкері қолын бір-ақ сілтеді, содан бері бүкіл Еуропада Әлемді Тітіреткен Тұлғаның есімі GENGHIS-KНAN деп жазылып, ДЖЕН’ИС-ХАН деп айтылады, ал, бұл қазақша ЖЕҢІС ХАН дегенмен бірдей естіледі.
Тек Ж әрпінің орнына ДЖ деп жібергені үшін Қарсы Барлау қызметкеріне кінә тақпайық, өзіміз де совет заманында қазақтың ақыны Жамбылды «Джамбул» деп келдік қой!
Арада 600 жыл өткенде, Карпинидің жазбаларын аударып отырған орыстар бастарын ұстап:
— Мына жұмыс ауырламаса, жеңілдейтін түрі жоқ, — деген еді абдырап. – «Теміржан»-ды әйтіп-бүйтіп бұрмалап, «Тэмуджин»-ге айналдырып ек, енді Карпинидің есебінде де «GENgНIS-КНAN» делініп, «тюркизмдер» қаптап жүр. «Дженис» деген де, «Хан» деген де – таза түркі сөздері, ешқандай да моңғолдікі емес. Енді қайттік?
— Байбаламды доғарыңдар, қане! – деп барқ етті оларға Әлемнің Әміршісін «моңғолдандыру» ісіне жауапты шенеуніктер. – Алдауға кірістік пе, енді соңына дейін алдаймыз. GENgНIS-КНAN-ды бұрмалаңдар, дыбысталуы жағынан да, мағынасы жағынан да қазақшаға ұқсамайтын болсын!
— Әміріңізге құлдық, — деп ыңғайға жығылғыш ғалымдар бір кісідей жауап берді де, түркі есімін бүлдіру тәсілін іздестіруге кірісті.
«Түркілерді алдап соғу» Басқармасының шұғыл сұранысына Императорға қарасты Орыс Географиялық Қоғамынан ақпарат келіп түсті. Аталмыш Қоғамның Ұлы Далада «этнограф ғалым» деген атпен жасырын жұмыс істеген барлаушысы берген құнды мәліметі бойынша – орыс тіліндегі кейбір дыбыстар қазақ тіліне мүлде жат; мысалы, «че», «вэ», «цэ», «ща» дыбыстарынан басталатын бірде-бір төл қазақ сөзі жоқ екен.
- Алақай! – деп дауыстап жіберген орыс аудармашылары, жалма-жан G-ны Ч-ға өзгертті, латынның Ng деп жазылғанмен, g әрпі оқылмай, Н делінетін дыбысын НГ деп жазып жіберді, әрі қарай бастарын қатырмай-ақ, әр түрлі дыбысталатын Е және I әріптерін екі бірдей И-ге алмастыра салды.
Осылай, Әлем Әміршісінің италиялық замандасы Карпини оның есімін сол 13-ғасырда «Genghis-Кhan» деп, анықтап тұрып жазып қалдырғанына қарамастан, 19-ғасырдағы ресейлік үлгімен «Жеңіс Хан» есімі дыбыстық жүйе тұрғысынан қазаққа жат «Чингисхан» деген нұсқаға айналып шыға келді.
Осыған орай, ресми орыс тарихнамасы шындыққа жанасымсыз, таза теориялық мынандай тұжырым қабылдады: «Тэмуджин» – Ұлы Моңғолдың өз аты, ал, «Чингисхан» — оған басшылық қызметке келгенде берілген атақ».
Ресейлік «тарих саңлақтарының» адал шәкірттері – тілалғыш қазақ ғалымдары бұған жалбақтай келісті, бірақ, былай шыға бере, өзара әңгімелескенде, қалталарында тотығыңқы тылақтарын шығарып тұрып, орыстың «Чингисхан»-ын қазақша мәнерге салып, ақырын сыбырлап, «Шыңғыс Хан» деп атады.
Алайда, есімнің бұл нұсқасы да дұрыс деуге келмейді. Түркі мәдениетінде адам есімі әманда белгілі бір мағына үстейтінін бәріміз білеміз. «Шыңғыс» сөзі дыбысталуы жағынан қазақшаға келетін де шығар, бірақ, оның ешқандай айқын мағынасы жоқ. Қазақ тілінде бұл сөздің «шың» деген бірінші бөлігінде ғана мағына бар. «Ғыс» деген екінші бөлігі – мағынасыз құр дыбыс, содан да, «тау шыңы + белгісіз нәрсе» деген мәндегі сөз Ұлы Хан есіміне әсте ұқсамайды; әрі ел арасында артық-ауыс сұрақ, тіпті, кейістік тудырар еді.
Өзімізге көбірек белгілі түркі Билеушілерінің аттарын еске түсірсек, «Хан» деген лауазымды білдіретін сөз олардың жалқы есімдеріне жалғанатынын көреміз: Жошы Хан, Бату Хан, Алау Хан, Кұбылай Хан. Демек, қаһарымен Әлемді Тітіреткен Әміршінің өз аты Жеңіс болғандықтан, билікке келген соң да жұрт оны түркілердің салтымен Жеңіс Хан деп атаған.
Құрметті отандастар, «Жеңіс Хан» деген соңғы әрпіне шейін қазаққа ұғынықты есім Әлемді Тітіреткен ұлы Тұлғаға әбден лайық екеніне келісесіздер ғой?!
Көңілі түзу оқырмандарды қуантып, наразы сыншылардың қытығына тие түсу үшін, мен әрі қарай үйреншікті орысша «Чингисхан» немесе жалған қазақша «Шыңғыс Хан» дегеннің орнына, әзір құлаққа тосаңдау естілетін «Жеңіс Хан» деген есімді қолданамын. Әзірше ғана тосаңдау, кейін бәрі орнына келеді.
Қазақтар италиялық барлаушы Джованни де Плано Карпиниге шын жүректен алғыс айтуы керек деп ойлаймын, өйткені, ол күні бойы қиналса да, бәрібір қойын дәптеріне Ұлы Ханның асқақ атын GENgНIS-КНAN деп, барынша дәл жазып алған!
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»