Астана. 26 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Лондонда өткен дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания бірқатар екіжақты құжаттарға, соның ішінде 2027 жылға дейінгі стратегиялық маңызды минералдар саласындағы серіктестік жөніндегі «жол картасына» қол қойды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шара нәтижесінде «Coventry University» мен «Coventry University Kazakhstan» арасында серіктестікті кеңейту және Алматы қаласында лицензиялық кампус ашу ниеті туралы меморандумға да қол қойылды.
Бұдан бөлек, Қазақстанда британдық білім беру ұйымдарының қатысуын кеңейту жоспарлары жарияланды. Атап айтқанда, Алматыда «Charterhouse School» мектебін ашу, «Cardiff University» жанынан жасанды интеллект орталығын іске қосу, сондай-ақ Ақтөбе қаласында «Heriot-Watt University» жаңа кампусын ашу көзделіп отыр.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысты. Британ тарапын Ұлыбританияның бизнес және сауда жөніндегі министрінің міндетін атқарушы, Қазақстан–Ұлыбритания үкіметаралық комиссиясының британ бөлігінің тең төрағасы Крис Брайант, Британ-Қазақстан қоғамдастығының төрағасы Руперт Гудман, сондай-ақ «Maritime House», «Weir Group», «Perry Engineering», «Car Park Transformer», «British Petroleum», «Standard Chartered Bank», «UK Export Finance», «London Stock Exchange Group» және өзге де компаниялардың өкілдері таныстырды.
СІМ мәліметінше, дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Әсіресе стратегиялық маңызды минералдар мен сирек жер металдары саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар экономикалық серіктестікті нығайту өңірдің орнықты дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ қазақ-британ ынтымақтастығын диалог деңгейінен нақты жобаларды іске асыру кезеңіне көшірудің маңыздылығы айтылды.
Министрліктің дерегінше, Ұлыбритания Қазақстан экономикасына ірі инвестор елдердің ондығына кіреді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша британдық инвестициялар көлемі 723,7 млн долларды құраса, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 471,5 млн доллар болды.




