Астана, 30 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Аралды құтқару халықаралық қоры (МФСА) басқарма мүшелерімен кездесу өткізіп, су ресурстары саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында су саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, қор қызметінің тиімділігін арттыру және 22 сәуірде Астанада өтетін МФСА құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері қаралды.
Тараптар су ресурстарын есепке алу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторингтеу және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Олжас Бектеновтің айтуынша, цифрландыру су пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сенімді деректер мен бірлескен мониторинг мемлекеттер арасындағы сенімді арттырып, су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азия елдері үшін су пайдалану бойынша негіздемелік конвенция әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат су ресурстарын ұтымды пайдалану, трансшекаралық залалды болдырмау және гидрологиялық ақпарат алмасу қағидаттарын бекітуге бағытталған.
Кездесуде МФСА-ның ұйымдық құрылымын және келісім-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері де қаралды. Тараптар су дипломатиясын дамытуға, өзара түсіністік пен тұрақты басқару тетіктерін қалыптастыруға мүдделі екенін растады.
Жиынға Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан үкіметтерінің өкілдері қатысты.
Аралды құтқару халықаралық қоры 1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттері тарапынан құрылған. Биыл қорға төрағалық ету Қазақстанға тиесілі.




