Мадрид. 19 ақпан. ИНТЕРФАКС – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жасанды интеллект дәуірі жағдайында барлық елдердің технологиялық тұрғыдан тең дамуын қамтамасыз ету мақсатында көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрайтын Дүниежүзілік қор құруды ұсынды.
«Баршаға қолжетімді базалық мүмкіндіктерді қалыптастыру үшін ЖИ жөніндегі Дүниежүзілік қор құруға шақырамын. Біздің есебіміз бойынша оның көлемі – 3 млрд доллар», – деді ол Делиде өткен жасанды интеллект жөніндегі конференцияда. Бұл туралы бейсенбі күні ЭФЭ агенттігі хабарлады.
Гутерриштің айтуынша, жасанды интеллекттің болашағын бірнеше мемлекет немесе санаулы миллиардерлер айқындамауы тиіс.
Сондай-ақ ол аталған сома саланың бір ғана компаниясының жылдық табысының бір пайызынан да аз екенін атап өтіп, ЖИ жетістіктерін бүкіл адамзат игілігіне бағыттау үшін бұл тым үлкен шығын емес екенін жеткізді.




