Брюссель, 8 сәуір. «Интерфакс» – Еуроодақтың бірқатар елдерінің, Ұлыбритания мен Канада басшылары, сондай-ақ Еуропалық кеңес пен Еурокомиссия төрағалары Антониу Кошта және Урсула фон дер Ляйен сәрсенбі күні АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық атысты тоқтату келісімін құптады.
«Біз Пәкістан мен осы маңызды келісімге қол жеткізуге атсалысқан барлық серіктестерге алғыс айтамыз. Енді алдағы күндері соғысты тез әрі тұрақты түрде тоқтатуға қол жеткізу қажет. Бұған тек дипломатиялық жолмен ғана жетуге болады», – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Көшбасшылар «келіссөздер арқылы нақты реттеуге мүмкіндігінше тез ілгерілеуге» шақырды.
«Бұл Ирандағы бейбіт тұрғындарды қорғау және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие болады. Сонымен қатар, бұл жаһандық энергетикалық дағдарыстың алдын алуы мүмкін. Біз осы дипломатиялық күш-жігерді қолдаймыз», – деп мәлімдеді ЕО елдері, Ұлыбритания, Канада басшылары және еуропалық институттар жетекшілері.
Олар осы мақсатта АҚШ және басқа да серіктестермен тығыз байланыста екенін атап өтті.
«Барлық тараптарды, соның ішінде Ливан аумағында да атысты тоқтату келісімін сақтауға шақырамыз. Біздің үкіметтер Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосады», – делінген мәлімдемеде.
Құжатқа Франция, Италия, Германия, Ұлыбритания, Дания, Нидерланд, Испания, Канада, сондай-ақ Кошта мен фон дер Ляйен қол қойған.




