* Екі ел көшбасшылары алдағы кездесулер туралы келісті
Астана. 17 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, оны жаңа Конституция бойынша жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстан басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Телефон арқылы әңгіме француз тарапының бастамасымен өтті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президентіне қолдау білдіргені және өткен референдумға жоғары баға бергені үшін алғыс айтты», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар экономикадағы, әсіресе өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың барысына қанағаттанушылық білдіріп, осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниет танытты.
«Мемлекет басшылары жеке байланыстардың маңыздылығын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды жалғастыру мақсатында алдағы кездесулер туралы келісті», – делінген хабарламада.
Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтті. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс беруге қатысқан Қазақстан азаматтарының 87,15%-ы жаңа Негізгі заңды қолдаған.




