Дубай. 9 сәуір. ИНТЕРФАКС – Иран бейсенбі күні Ормуз бұғазында теңіз миналары орналастырылған аудандарды айналып өту мақсатында кеме қатынасының балама бағыттарын енгізді.
«Ормуз бұғазы арқылы өтуді жоспарлаған барлық кемелерге теңіз қауіпсіздігін сақтау және теңіз миналарымен соқтығысу қаупінен қорғану мақсатында бұғаздағы балама қозғалыс бағыттарын таңдау ұсынылады», – делінген Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) мәлімдемесінде.
ISNA және Tasnim ақпарат агенттіктері жариялаған картада Ормуз бұғазының орталық бөлігінде «қауіпті аймақ» ретінде белгіленген үлкен шеңбер көрсетілген. Бұл жерде халықаралық кеме қатынасы дәлізі өтеді және Иран сол аумақта теңіз миналарын орналастырған болуы мүмкін.
ИРСК әскери-теңіз күштері де транзиттік кемелерге миналардан қауіпсіз өтуге көмектесетін балама бағыттар көрсетілген картаны жариялады.
Коммерциялық кемелерге Иран жағалауына жақын орналасқан бұғаздың солтүстік бөлігіндегі қауіпсіз бағытты пайдалану ұсынылады. Қозғалысты бөлу схемасына сәйкес, Парсы шығанағынан шығатын кемелер Иранның Ларак аралының оңтүстік жағалауымен жүруі тиіс, ал бұғазға кіретіндер – оның солтүстігі арқылы өтуі қажет.




