Мәскеу. 9 ақпан. ИНТЕРФАКС — АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Ресейге қатысты бұрынғы Ақ үй басшысы Джозеф Байден жүргізген саясаттан бас тарту және өзара тиімді ынтымақтастық орнату мүмкіндігі жөніндегі мәлімдемелері әзірге нақты іс-тәжірибемен сәйкес келмей отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.
«Бізге украин мәселесін шешу қажет екені айтылды. Анкориджде АҚШ-тың ұсынысын қабылдадық. Егер ашығын айтсақ, олар ұсыныс жасады — біз келістік, демек мәселе шешілуі тиіс еді. (…) Біз үшін АҚШ-тың ұстанымы маңызды болды. Олардың ұсынысын қабылдай отырып, украин мәселесін шешіп, кең ауқымды, өзара тиімді ынтымақтастыққа көшуге болады деп есептедік», — деді Лавров TV BRICS халықаралық желісіне берген сұхбатында.
Алайда, министрдің айтуынша, іс жүзінде жағдай керісінше өрбіп отыр: жаңа санкциялар енгізілуде, сондай-ақ БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі конвенциясын бұза отырып, ашық теңізде танкерлерге қарсы әрекеттер жасалуда.
Лавровтың сөзінше, Үндістанға және Ресейдің өзге де серіктестеріне арзан әрі қолжетімді ресейлік энергия ресурстарын сатып алуға тыйым салуға әрекет жасалуда (Еуропаға мұндай шектеулер бұрыннан енгізілген), ал оның орнына қымбат америкалық сұйытылған табиғи газды сатып алуға мәжбүрлеу байқалады.
«Яғни, экономикалық салада АҚШ экономикалық үстемдік орнату міндетін алға қойып отыр», — деп атап өтті РФ СІМ басшысы.
Лавров сондай-ақ Трамп әкімшілігінің Байден тұсында басталған Украинадағы соғысты тоқтату, оны күн тәртібінен алып тастау қажет деген мәлімдемелеріне қарамастан, арнайы әскери операция басталғаннан кейін Ресейге қатысты қабылданған барлық заңдар мен санкцияларды АҚШ қайта қарастырып отырған жоқ екенін айтты.
Министр 2025 жылғы сәуірде 2021 жылы президент Байден қол қойған №14024 атқарушы жарлықтың қолданысы ұзартылғанын атап өтті. Аталған құжаттың негізгі мазмұны Ресейге қарсы санкциялар енгізу, соның ішінде Ресейдің алтын-валюта резервтерін бұғаттау шараларын қамтиды.
Лавровтың айтуынша, бұл — «байдендік саясаттың» көрінісі, оны Трамп пен оның командасы сөз жүзінде қабылдамайтынын мәлімдеген.
«Соған қарамастан, бұл заңдар мен санкциялар күшінде қалып отыр. “Лукойл” мен “Роснефть” ұлттық компаниясына қатысты санкциялар енгізілді. Бұл шаралар Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Трамптың Анкоридждегі оң нәтижелі кездесуінен бірнеше апта өткен соң қабылданды», — деді Лавров.
Оның айтуынша, Украина мәселесіне қатысты ұсыныстардан бөлек, экономикалық салада да Ресей үшін айқын оң перспектива байқалмай отыр. АҚШ әлемнің жетекші елдері мен құрлықтарын энергия ресурстарымен қамтамасыз ететін негізгі бағыттарды өз бақылауына алуды көздейді. Еуропада бұл тұрғыда үш жыл бұрын жарылған «Солтүстік ағын» газ құбырларына, Украинаның газ тасымалдау жүйесіне және «Түрік ағынына» назар аударылып отыр.
Лавровтың түсіндіруінше, Ресей Үндістан, Қытай, Индонезия және Бразилия сияқты елдермен бірге, АҚШ секілді ірі мемлекеттермен де ынтымақтастыққа ашық. Алайда осы бағытта америкалық тараптың өзі жасанды кедергілер жасап отыр.
«Сондықтан біз БРИКС елдерімен бірлесіп қаржылық, экономикалық, интеграциялық, логистикалық және басқа да жобаларды дамыту үшін қосымша қорғалған бағыттарды іздеуге мәжбүрміз», — деп түйіндеді Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі.




