Брюссель. 17 наурыз. ИНТЕРФАКС – Еурокомиссия сейсенбі күні Молдоваға «Реформалар мен өсім» бағдарламасы аясында қосымша 189 млн еуро бөлінгенін хабарлады. Қаражат елде 24 реформаның жүзеге асырылуына байланысты беріліп отыр.
Еурокомиссияның кеңею мәселелері жөніндегі мүшесі Марта Кос Молдованың Еуроодақ алдындағы міндеттемелерін орындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жүргізілген реформалар нақты нәтижелер беруде: әкімшілік рәсімдер жеңілдеп, цифрлық қызметтер жетілдіріліп, экологиялық жағдай жақсара түскен.
Сондай-ақ ол бұл қаражат ел азаматтарына тікелей қолдау көрсетіп, Молдованың Еуроодаққа мүшелікке қарай ілгерілеуіне ықпал ететінін айтты.
Еурокомиссия мәліметінше, бөлінген қаржының 173 млн еуросы мемлекеттік бюджетке бағытталады, ал 16 млн еуро ЕО-мен көршілес елдерге арналған инвестициялық платформа аясындағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Бұл төлем 2025 жылы Молдоваға бөлінген 289 млн еуроны толықтырады.




