Нью-Йорк. 22 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Жасанды интеллект (ЖИ) дамушы елдерге технологиялық тұрғыдан озық мемлекеттермен арадағы алшақтықты еңсеруге мүмкіндік береді, деп мәлімдеді америкалық Nvidia корпорациясының бас директоры Дженсен Хуанг Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында.
«ЖИ сөзсіз технологиялық алшақтықты жояды», – деді ол, технологияның қолжетімділігі мен кең таралуына назар аудара отырып.
Хуангтың айтуынша, ЖИ – бұл бес қабатты құрылым: энергия, чиптер мен есептеу инфрақұрылымы, бұлттық деректер орталықтары, ЖИ модельдері және қосымшалар. Әр қабатты дамыту және тиімді пайдалану қажеттілігі экономикадағы түрлі салаларда – энергетика, құрылыс, өндіріс, бұлттық технологиялар мен бағдарламалау – жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады.
Ол ЖИ-ді «адамзат тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс» негізі деп атады және бұл үдерістің алдағы айларда жалғасатынын айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект – бұл әрбір ел үшін электр энергиясы мен жолдар секілді маңызды ұлттық инфрақұрылымға айналуы тиіс сала. «ЖИ – сіздің инфрақұрылымыңіздің ажырамас бөлігі болуы керек», – деді Хуанг.
Сонымен қатар, ол ЖИ технологиясы жұмыс орындарының жойылуына емес, керісінше, жаңа кадрларға деген сұраныстың артуына алып келетінін атап өтті. Мәселен, радиология саласында ЖИ мамандардың суреттерді жылдам қарап шығуына мүмкіндік береді және олар пациенттерге көбірек уақыт бөле алады. Бұл өз кезегінде радиологтарға деген сұранысты арттырды. Сол сияқты ЖИ мейіргерлік іс секілді кадр тапшылығы байқалатын салаларда әкімшілік міндеттерді жеңілдетуге көмектеседі.
Еуропаның өндірістік әлеуетіне тоқталған Хуанг бұл құрлықтың басты артықшылықтарының бірі екенін айтып, ЖИ-ді робототехника мен «физикалық ЖИ»-мен ұштастыру қажеттігін атап өтті.
«Робототехника – бұл әр буынға бір рет келетін мүмкіндік», – деді ол. Оның пікірінше, бұл бағыт, әсіресе, қуатты өндірістік базасы бар елдер үшін маңызды.
Хуанг сондай-ақ өткен жылдың жаһандық венчурлік инвестициялар көлемі бойынша рекордтық жыл болғанын атап өтті. Венчурлік қаржы 100 млрд доллардан асып, оның басым бөлігі ЖИ-негізіндегі стартаптарға бағытталған.




