Астана. 10 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан алдағы үш жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
«Алдағы үш жылда мемлекет тарапынан геологиялық барлауға шамамен 500 млн доллар бағытталады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, соңғы 30 жылда бұл салаға барлығы 760 млн доллар ғана салынған», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, өткен жылы кеңес кезеңінде әзірленген 1:200 000 масштабтағы қолданыстағы картаның орнына 1:50 000 масштабтағы жаңа егжей-тегжейлі геологиялық картаны жасау жұмыстары басталған.
Осылайша республика аумағындағы ең перспективалы учаскелерде 100 мың шаршы шақырым жер зерттеледі. Зерттеу жұмыстары сейсмикалық барлаудан бастап аэрогеофизикалық әдістерге дейінгі кешенді шараларды қамтиды. Кейін бұл көлем жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырымға ұлғайтылмақ.
«Мұндай ауқымды барлау жұмыстарын жүргізу үшін білікті мамандар қажет. Өкінішке қарай, біз бұл кадрлық әлеуеттің бір бөлігін жоғалтып алдық және бұл мәселе қазірдің өзінде сезілуде. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында жұмыс істейміз», — деді Үкімет басшысы.
Ол сондай-ақ геологиялық барлау саласына мемлекеттік қаржымен қатар жеке инвестициялар да тартылып жатқанын атап өтті. 2023 жылдан бері бұл бағытқа жеке сектор тарапынан 500 млн доллардан астам қаражат салынған.
Премьер-министрдің сөзінше, негізгі мақсат — отандық кәсіпорындарда терең өңдеуді қамтамасыз ету үшін елдің шикізат қорын едәуір кеңейту.




