Астана, 26 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Құжат 2021 жылғы 16 ақпанда қабылданған және осы саладағы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіруге бағытталған.
Хаттамаға сәйкес, «қауіпті өнім» термині «Одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтін өнім» деген нақтылау ұғымымен ауыстырылады.
Бұған дейін Сенатта құжатты таныстырған сенатор Бауыржан Қаниев бұл өзгерістің кәсіпкерлер үшін маңызды екенін атап өткен. Оның айтуынша, «қауіпті өнім» ұғымы өнімнің қасиеттері мен тұтынушылық сипаттарында жол берілмейтін тәуекелдің бар екенін білдіреді және оны қолдану бизнес үшін беделдік тәуекелдерге әкелуі мүмкін.
ЕАЭО техникалық регламенттері талаптарын сақтамағаны үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ өндірушілер, импорттаушылар мен сатушылар жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 ұлттық техникалық регламент және Еуразиялық экономикалық одақтың 52 техникалық регламенті қабылданған, олардың 48-і күшіне енген. Техникалық регламенттердің сақталуын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар айқындалған. Ең көп регламент Сауда және интеграция министрлігіне (35), Денсаулық сақтау министрлігіне (22) және Ауыл шаруашылығы министрлігіне (10) бекітілген.
Сонымен қатар, келісімде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы ақпарат алмасу қарастырылған. Бұл мұндай өнімнің ішкі нарықта айналымға түсуінің алдын алуға бағытталған.




