Астана. 7 сәуір. Сейсенбі күні Тбилисиде Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Грузия Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвили екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы сенімді саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастырады. Екі елді көпғасырлық достық дәстүрлері мен өзара көмек байланыстырады», — деп атап өтті келіссөздер барысында Е. Көшербаев. Оның сөздерін министрліктің баспасөз қызметі келтірді.
Экономикалық мәселелерді талқылау кезінде тараптар тауар айналымының өсіміне, Грузия экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемінің 600 млн доллардан асқанына, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың логистика, энергетика және қаржы салаларындағы жобаларға белсенді қатысуына оң баға берді.
СІМ мәліметінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
«Біздің ортақ міндетіміз — аталған бағыттың өткізу қабілетін дәйекті түрде арттыру, көлік қызметтерінің болжамдылығын жақсарту және тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету», — деді Қазақстан СІМ басшысы.
Қазақстан мен Грузияның Сыртқы істер министрлері агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық экономика және қаржылық қызметтер саласындағы байланыстарды кеңейтудің әлеуеті зор екенін растады. Олар бұл келіссөздер қол жеткізілген оң динамиканы нығайтуға, сондай-ақ көлік пен логистика, энергетика, сауда және инвестиция бағыттарындағы іс-қимылдардың нақты қадамдарын айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, келіссөздер қорытындысында Е. Көшербаев пен М. Бочоришвили Қазақстан мен Грузия Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.




