Астана. 9 сәуір. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы «жасыл» энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады.
Аталған заң бұған дейін Мәжілісте қабылданған, осылайша ол Парламент тарапынан толық мақұлданып, Президенттің қол қоюына жолданды.
Құжат 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында қол қойылған.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қолда бар әлеуетін тиімді пайдалануға және экологиялық таза электр энергиясының саудасын дамытуға бағытталғанын мәлімдеген. Жоба аясында «жасыл» аммиак пен сутекті қамтып, Еуропа нарығына экспортты кеңейту көзделіп отыр.
«Жоба бойынша “жасыл” энергияны Каспий теңізінің түбімен өтетін суасты кабелі арқылы Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға жеткізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде Қара теңіз арқылы өтетін ұқсас жоба арқылы энергияны Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді», – деген еді Ақкенженов.
Жобаның негізгі бөлігі – Каспий теңізінің түбімен жоғары кернеулі тұрақты ток кабелін тарту.
«Бұл техникалық тұрғыдан күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан аса қажет шешім. Ол бізге Еуропалық Одақтың электр энергиясы нарығына тікелей шығуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі кеңесші ретінде италиялық халықаралық CESI консалтингтік компаниясы таңдалған. ТЭН нәтижелері бойынша жобаның қаржылық моделі мен негізгі техникалық параметрлері айқындалады.
ТЭН әзірлеу құны шамамен 1 млн еуроны құрайды және ол Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің гранттық қаражаты есебінен қаржыландырылады.
«Аталған екі банк жалпы сомасы 2 млн доллар көлемінде гранттық қаржыландыруға дайын екенін растады. Ал бастапқы кезеңде небәрі 1 млн доллар қажет», – деді Энергетика министрі.
Бұл келісімді ратификациялау Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, транзиттік бағыттарды әртараптандыруға және төмен көміртекті өнім экспортын дамыту арқылы тұрақты экономикалық өсімге ықпал етеді.




