Астана. 18 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 20 наурыз, жұма күні Қазақстан парламенті депутаттары палаталардың бірлескен отырысында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын қарайды. Бұл туралы республика премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта аталған конституциялық заң жобасы парламент қарауында. 20 наурызда оның бірінші оқылымы палаталардың бірлескен отырысында өтеді, ал 27 наурызға екінші оқылым жоспарланған», – деді Жұманғарин сәрсенбі күні үкімет отырысында.
Оның айтуынша, заң жобасы наурыз айының соңына дейін мемлекет басшысының қарауына енгізіледі.
Вице-премьердің мәліметінше, құжатта бірқатар нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін айқындау; халықаралық озық стандарттар мен техникалық регламенттерді қолдану; цифрлық активтер айналымын реттеу; төмен биіктіктегі экономика мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын дамыту; инвестицияларды қорғау және олардың тұрақтылығына кепілдік беру; сондай-ақ салық салу мен бюджет қатынастарының ерекше режимін енгізу.




