Астана. 5 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығу тегін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Бұған дейін аталған заңды Мәжіліс қабылдаған болатын. Осылайша құжат Парламентте толық мақұлданып, Президенттің қол қоюына жолданды.
Сенатор Әлібек Наутиевтің айтуынша, келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағынан тауарларды әкету кезінде олардың шығу тегін айқындау, куәландыру және растау тәсілдерін біріздендіру үшін құқықтық негіз қалыптастыру.
«Келісімде тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай өлшемдері белгіленген. Ел аумағында толық өндірілген тауарларға пайдалы қазбалар, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ электр және жылу энергиясы жатады», – деді ол.
Сонымен қатар тауардың шығу тегіне әсер етпейтін операциялардың тізбесі де айқындалған. Олардың қатарына жуу, буып-түю және қарапайым құрастыру жұмыстары кіреді.
Келісімге сәйкес, тауарлар Одақ аумағынан экспортталған кезде олардың шығу тегін растау экспорттық баж салығы немесе тарифтік емес реттеу шаралары (тыйымдар, квоталар, рұқсат беру тәртібі) қолданылатын жағдайларда талап етіледі. Бұл шаралардың қолданылуы тауардың қай елде өндірілгеніне байланысты болады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға мұндай шаралардың бірыңғай тізілімін жүргізу өкілеттігі беріледі.
Сондай-ақ келісімде уәкілетті және верификация жүргізетін органдардың функциялары айқындалған. Тексеру жүргізу тәртібі белгіленіп, оған өндірістік нысандарды инспекциялау және экспорттаушылардың коммерциялық құжаттарын тексеру шаралары кіреді.
Бұдан бөлек, құжатта рәсімдерді цифрландыру мәселелері қарастырылған. Верификацияның электрондық жүйелерін енгізу үшінші елдердің құзырлы органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақыт режимінде тексеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдетеді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 118 мың экспорттық сертификат берілген. Оның ішінде 35%-дан астамы тамақ өнеркәсібіне, 21%-ы металлургия саласына және 16,5%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі.
Сенатор Шакәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 27,2 млрд долларды құраған. Одақ аясындағы экспорттың жартысынан астамы (51%) мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі. Ал импорт құрылымында автомобильдер, дәрі-дәрмек және автокөлік бөлшектері басым.
Қазақстанның ЕАЭО шеңберіндегі негізгі сауда серіктесі – Ресей Федерациясы. Оның үлесі сыртқы сауда айналымының 88,8%-ын құрайды. Одан кейін Қырғызстан – 7,2%, Беларусь – 3,8% және Армения – 0,2%.




