Астана. 29 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.
Осылайша, заң Парламентте толық қабылданды және ел Президентінің қол қоюына жіберіледі.
Айта кетейік, заң жобасы Мәжілісте қаралған кезде «Күзет қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталған.
Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің қорытындысына сәйкес, заңның негізгі мақсаты – күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің қызметін жетілдіру, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейту, сондай-ақ күштік құрылым қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін оңтайландыру.
Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға тұрғын үй төлемдерін реттеу жөніндегі өкілеттіктерді Үкіметке беру туралы түзетулер енгізілді. Сонымен қатар алушылар үшін тұрғын үйді жалға алу шарттарын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталады.
«Қару-жарақтың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы» заңда азаматтық және қызметтік қару иелеріне қосымша міндеттер бекітіледі. Азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын бақылау мақсатында ату рәсімін жүргізу енгізіледі. Қаруды бақылау үшін белгіленген мерзімде ұсынбау рұқсаттардың қолданылуын тоқтатуға негіз болады.
Сонымен қатар заңды тұлға – қару иесінің қызметі тоқтатылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қару мен оған арналған оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына сақтауға тапсыру міндеті белгіленеді.
«Күзет қызметі туралы» заңда күзет қызметі саласындағы субъектілердің уәкілетті органға есептілік ұсыну міндеті бекітіледі. Есептердің нысаны мен мерзімділігі уәкілетті органмен айқындалады. Бұдан бөлек, жеке күзет ұйымдары өз қызметін тоқтата тұру немесе қайта бастау, сондай-ақ заңды тұлға тіркелген жерден тыс жерде күзет қызметін көрсету жағдайлары туралы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті болады.
Сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының басшылық құрамына қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі.
«Теміржол көлігі туралы» заңға «әскерилендірілген теміржол күзеті» ұғымы енгізіліп, оның құқықтық мәртебесі айқындалады. Әскерилендірілген теміржол күзетіне транзиттік теміржол жүк тасымалдарына тартылған терминалдар аумағында жүктер мен объектілерді күзету бойынша үшінші тұлғаларға қызмет көрсету құқығы беріледі.
«Құқық қорғау қызметі туралы» заңға қызметкерді лауазымынан босату және оны құқық қорғау органының қарамағына алу тәртібіне қатысты түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, соңғы тағайындалған күнінен бастап үш жыл ішінде заңбұзушылық анықталған жағдайда осындай шаралар қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге кадрлық жұмыста анықталған бұзушылықтар үшін құқық қорғау органы басшыларының жауапкершілігі күшейтіледі. Егер қызметкерді ауыстыру кезінде талаптар бұзылса, тәртіптік жауапкершілік оны тағайындаған лауазымды тұлғаға жүктеледі




