Астана. 11 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты сәрсенбі күнгі пленарлық отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Аталған заң бұған дейін Мәжілісте қабылданған. Осылайша құжат Парламент тарапынан толық мақұлданып, Президенттің қол қоюына жолданды.
Құжаттың мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да елдердің аумағында туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету тетігін қалыптастыру. Бұл туралы Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің қорытындысында айтылған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, құжат төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында тиімді халықаралық өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
«Қолдау зардап шеккен мемлекеттің сұрауы бойынша және ерікті негізде көрсетіледі, ал көмек көрсету туралы шешімдер консенсус арқылы қабылданады», – деді ол.
Азаматтық қорғау тетігінің негізгі функциялары – төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, адам өмірі мен мүлікті құтқару, медициналық көмек көрсету, шұғыл байланыс ұйымдастыру, мониторинг пен талдау жүргізу, уақытша баспана ұсыну, апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ олардың алдын алу және дайындықты қамтамасыз ету, апаттарға әрекет ету бойынша білім мен тәжірибе алмасу.
Әкімшілік жұмыс органдары ретінде министрлер кеңесі мен хатшылық айқындалған. Хатшылықтың штаб-пәтері Стамбұл қаласында орналасады. Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін елдің төтенше жағдайлар саласына жауапты ведомство басшысы басқарады.
Сенат депутаты Андрей Лукин келісімде тараптардың қаржылық міндеттемелері де қарастырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, ТМҰ азаматтық қорғау тетігінің жеке бюджеті болады және ол қатысушы мемлекеттердің жыл сайынғы міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады.
«Әрбір тарап үшін жыл сайынғы міндетті жарна көлемі 50 мың АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар келісім күшіне енген алғашқы екі жыл ішінде аталған жарналардың жалпы көлемінен асатын шығындарды Түркия Республикасы өтейтін болады», – деді Лукин.




