Астана. 2 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы агломерациясында салынатын жаңа Alatau City қаласының құрылысын кідіріссіз бастауды қажет деп санайды.
“Біз Alatau City жаңа қаласын салу жобасына айрықша көңіл бөліп отырмыз. Бұл жоба инновациялар, криптоиндустрия және технологиялық кәсіпкерлік үшін елдік және өңірлік ауқымдағы тартымдылық орталығына айналуы тиіс”, – деді Мемлекет басшысы Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысында.
Осыған байланысты Қазақстан Қытай компанияларымен тығыз әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді. “Қазақстан мен China State Construction Engineering Corporation арасындағы бүгінгі келісімге қол қоюды толық қолдаймыз. Құрылысты кідіріссіз бастау қажет деп есептеймін. Жақын арада Alatau City дербес экожүйе мәртебесін алады”, – деп атап өтті Президент Тоқаев.
Alatau City – Алматы агломерациясында халықаралық хаб құруға бағытталған Қазақстанның стратегиялық жобасы. Қала Алматы – Қонаев автожолының бойында орналасқан төрт тақырыптық ауданнан тұрады. Қаланың бас жоспары Сингапурдың Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген.