Астана. 12 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда қазақстандықтарды сабыр сақтауға және ел ішінде де, сырттан да жасалуы мүмкін арандатушылықтарға ермеуге шақырды.
«Егер он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің алдағы бағыт-бағдары белгісіз, адамзат жол айрығында тұр деп алаңдаса, бүгінде көпшілік жақындауы мүмкін жаһандық соғыс туралы айтып отыр. Мұндай қақтығыс барлық мемлекеттердің мүдделеріне әсер етуі ықтимал. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық қауіп-қатерлер көбейіп, әлемдегі ең қолайсыз сценарийдің жүзеге асу қаупін күшейтіп отыр», – деді Тоқаев бейсенбі күні барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында сөйлеген сөзінде.
«Осындай күрделі жағдайда біз, Қазақстан азаматтары, сабыр сақтап, ел ішінде де, сырттан да жасалуы мүмкін арандатушылықтарға ермеуіміз керек. Бізге Жаратқан сыйлаған батылдық, ар-намыс және ең бастысы – парасаттылық сияқты қасиеттерді көрсетуіміз қажет», – деді ол.
Президент мемлекет басшысы ретінде ел қауіпсіздігін қорғау үшін барлық мүмкін саяси-дипломатиялық құралдарды қолдануға ниетті екенін атап өтті.
«Егер әлем өзгеріп жатса және әрі қарай да өзгеретін болса, онда біз де өзгеруге тиіспіз. Болып жатқан үдерістерден ең жақсы тәжірибелерді қабылдап, теріс құбылыстардан бойымызды аулақ ұстауымыз қажет. (…) Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін қорғауды негізге ала отырып, стратегиялық ұстамдылықты сақтайды», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент Қазақстан халықаралық аренада бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұтымды әрі теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын және бұл бағытты алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.




