Астана. 6 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Үкіметі үшінші елдерден теміржол жылжымалы құрамына арналған қосалқы бөлшектер мен теміржол инфрақұрылымының элементтерін әкелуге тыйым енгізбеу туралы шешім қабылдады.
«Импортқа шектеу қоюдың орынсыз екені туралы шешім қабылданды», – делінген премьер-министрдің баспасөз қызметі ведомствоаралық комиссияның сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі отырысының қорытындысы бойынша таратқан хабарламада.
Мәселені талқылау барысында отандық қосалқы бөлшек өндірушілердің, локомотив құрастырушылардың және тұтынушылардың, соның ішінде ұлттық теміржол тасымалдаушысы – «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның ұстанымдары тыңдалды.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына теміржол жылжымалы құрамына арналған бөлшектер мен теміржол жолының элементтерін сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру тапсырылды.




