Астана. 14 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністердің тасымалын жеделдету мақсатында шекаралық өткізу пункттерінде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкіметте инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша өткен кеңес қорытындысы бойынша жарияланған баспасөз хабарламасында айтылғандай, жылыжай көкөністерінің, ең алдымен қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, Серік Жұманғарин қысқа мерзімде шекарадағы өткізу пункттерінде Түрікменстан көкөністері үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырған. Аталған шара жылыжайлық көкөніс өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қолжетімді бағамен қияр мен қызанақтың тұрақты жеткізілімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ хабарламада қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлік емес тауарлар бағасының өсу қарқыны 0,9%-ға дейін баяулағаны, ал азық-түлік тауарлары бойынша өсім алдыңғы ай деңгейінде (1%) сақталғаны атап өтілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша соңғы төрт аптада баға өсімінің индексі нөл деңгейінде қалып отыр.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22–31 желтоқсан аралығында, елдің супермаркеттерінде Bereke fest акциясы басталады. Оның аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар фермерлерден тікелей жеткізіліп, төмендетілген бағамен сатылады. Өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жыл алдындағы жәрмеңкелер саны да артады – желтоқсан айының өзінде республика бойынша 800-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланған. Өткен аптада ғана 149 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сауда комитетіне шалғай өңірлерде, соның ішінде Ұлытау облысы мен Маңғыстау өңірінде жәрмеңкелерге тауар жеткізуге жәрдемдесу тапсырылды.
Сонымен қатар Ұлытау облысындағы күрделі логистика мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған қойма инфрақұрылымының жеткіліксіздігін ескере отырып, Серік Жұманғарин өңірде логистикалық орталық құруды тапсырды. Бұл орталықтың қуаты қажетті азық-түлік қорларын сақтауға, логистикалық шығындарды азайтуға және өңірлік тарату хабын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру тетіктеріне қатысты қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Өзгерістер онлайн-мониторинг жүйесін міндетті түрде енгізуді көздейді. Пилоттық жоба «Қазақтелеком» АҚ тарапынан Қызылорда қаласындағы аумағы 3 мың шаршы метр қойма базасында жүзеге асырылуда. Келесі жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың барлық қоймаларын осындай жүйелермен кезең-кезеңімен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қорларын нақты уақыт режимінде бақылауға, сақтау жағдайы мен сапасын қадағалауға мүмкіндік береді. Өзгерістердің күшіне енуі алдағы күндері күтілуде.




