Астана. 1 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі бұрынғы 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлеме белгіленді: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.
Мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің (МКТМК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) аясындағы қызметтер, үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, баспа түріндегі кітап шығару қызметтері мен археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады.
Мерзімді баспа басылымдарын сату үшін ҚҚС-тың 10% мөлшеріндегі төмендетілген мөлшерлемесі енгізілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі бұрынғы 20 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.
Жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша прогрессивті мөлшерлемелер енгізіледі. ЖТС-тың базалық мөлшерлемесі 10% деңгейінде сақталады. Жылдық жиынтық табысы 8 500 АЕК-тен асатын азаматтарға 15% мөлшерлеме қолданылады. Осындай мөлшерлеме жылдық табысы 230 мың АЕК-тен асатын дивидендтер мен кәсіпкерлердің кірістеріне де белгіленеді. Фермерлер үшін 70% жеңілдік сақтала отырып, осы шектен асатын табысқа салынатын салық мөлшері 4,5% болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады.
10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салықтардың жалпы саны қысқартылды: бірыңғай жер салығы алынып тасталады, жекелеген төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны азайтылды.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды – енді олардың саны үшеу: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа қожалықтарына арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар төлемдерді мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20% деңгейінде сақталады, алайда сараланған мөлшерлемелер енгізіледі: банктер мен ойын бизнесі үшін – 25% (кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуді қоспағанда), әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдетілген мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады.
Қор нарығын ынталандыру мақсатында биржалық бағалы қағаздар бойынша төленетін дивидендтерге қатысты салықтық жеңілдіктер сақталады. «Бәйтерек» холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістер 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады.
Бұған дейін Қазақстан азаматтары биржалық мәмілелерден түскен табысқа 10%, ал бейрезиденттер 15% салық төлейтін. Сонымен бірге жеңілдіктер қолданылды: KASE биржасында саудаланатын бағалы қағаздар бойынша айына 50 мәміледен аспайтын және көлемі 25 млн теңгеден жоғары емес, 30 мың АЕК-ке дейінгі табыс жеке табыс салығына жатқызылмайтын.
Пайдалы қазбаларды қайта өңдеу мен геологиялық барлау салалары үшін қосымша преференциялар қарастырылған. Оның ішінде жаңа, рентабельділігі төмен учаскелер үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) бойынша 5 жылға нөлдік мөлшерлеме енгізіледі.
Жеке тұлғалар үшін қымбат тауарларға 10% мөлшерінде акциз белгіленді. Атап айтқанда, құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден қымбат кемелерге, литрі 0,5 млн теңгеден асатын алкоголь өнімдеріне және бір данасының бағасы 10 мың теңгеден асатын сигараларға қолданылады. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеден асқан жағдайда мүлік салығы ұлғаяды.
Салықтық әкімшілендіру тәсілдері де едәуір өзгереді. Камералдық бақылау алдын ала ескерту сипатында жүргізіледі. Салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Берешек сомасы аз болған жағдайда бизнес субъектілерінің шоттары бұғатталмайды. Хабарламалар мен шаралар қарыз мөлшеріне қарай кезең-кезеңімен қолданылады.




