* Бағыт Солтүстік полюс арқылы Азия мен Солтүстік Америкаға өтпек
Хельсинки. 15 ақпан. ИНТЕРФАКС — Солтүстік Еуропа елдері Солтүстік полюс арқылы Азия мен Солтүстік Америкаға дейін суасты интернет-кабель жүйесін тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлады жексенбі күні Швецияның SVT телеарнасы.
Хабарламада айтылғандай, Polar Connect — суасты талшықты-оптикалық кабельдерге негізделген инфрақұрылым құруға бағытталған солтүстік елдердің бірлескен жобасы. Жоба Швециядан бастап Солтүстік полюс арқылы Азия мен Солтүстік Америкаға дейінгі бағытты қамтиды.
Алдын ала жоспар бойынша, кабель желісінің бағыты Швеция — Норвегия — Канада — Аляска — Жапония — Оңтүстік Корея елдері арқылы өтеді. Жаңа кабель жүйесінің жалпы ұзындығы 10 500 шақырымды құрайды және оны 2030 жылға қарай іске қосу көзделіп отыр.
SVT мәліметінше, Еуропалық одақ бұл жобаны қазіргі қауіпсіздік жағдайында басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Жобаның құны 21 млрд швед кронынан асады.




