Астана. 2 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масато Канданы қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін және елде ірі жобаларды іске асыру жоспарларын талқылады.
Канданың айтуынша, Азия даму банкі Қазақстанмен әріптестікті кеңейтуді өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады.
Даму институты тұрғын үй құрылысы, төтенше жағдайларды басқару және өзге де стратегиялық маңызы бар салалардағы жобаларды қаржыландыруға қатысуды жоспарлап отыр.
Банк басшысы сондай-ақ Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу саласындағы көшбасшылығын, сондай-ақ стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды игерудегі жоғары әлеуетін атап өтті.




