Астана. 17 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.
Жарлық мәтіні сейсенбі күні мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.
Атап айтқанда, президент республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция мәтінін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» мерзімді басылымдарында жариялауды тапсырды.
1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Конституцияның түпнұсқасы президент архивіне сақтауға тапсырылады.
Сонымен қатар жарлыққа сәйкес Орталық референдум комиссиясы Конституция мәтінін Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтына жіберуді қамтамасыз етеді. Құжат республика нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізіледі.
Жарлықта сондай-ақ президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен парламент Мәжілісінің қарауына бірқатар конституциялық заң жобалары енгізілетіні көрсетілген. Олар: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Халық кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобалары.
Үкіметке, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестендіру бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен бірге Үкіметке 2026 жылғы 7 сәуірге дейін Конституцияны ілгерілету жөніндегі жоспарды бекіту жүктелді.
Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген.
15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жаңа Негізгі заңды дауыс бергендердің 87,15%-ы қолдады. Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.




