Астана. 4 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» компаниясының қызметі және соңғы екі жылда жүзеге асырылған негізгі инфрақұрылымдық әрі технологиялық жобалардың нәтижелері туралы есепті тыңдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның басқарма төрағасы Бағдат Мусин қазіргі уақытта оператор 1,75 млн үй шаруашылығына қызмет көрсететінін және оптикалық желіні кеңейту жұмыстарын жалғастырып, телекоммуникация нарығында жетекші позициясын сақтап отырғанын баяндады.
Оның айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін халқы 1 млн адамнан асатын 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді сапалы байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Кездесу барысында сондай-ақ Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды көздейтін халықаралық «Каспий ВОЛС» жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз қалыптастыруға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар деректер инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. «ДӨО алқабы» жобасы аясында Екібастұз қаласында халықаралық технологиялық компанияларды тартуға арналған деректерді өңдеу орталығы кезең-кезеңімен қуатын арттыра отырып салынуда.
Компанияның басым бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізу де аталды. Бұл қатарға корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік саласындағы шешімдер және мемлекеттік секторды цифрландыру жобалары кіреді.
Президент шағын қалалар мен ауылдардың тұрғындарын сапалы байланыс пен интернетпен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.
«Қазақтелеком» АҚ – ұлттық компания мәртебесіне ие қазақстандық телекоммуникациялық оператор. Ол елдегі стационарлық телефон байланысының ең ірі операторларының бірі әрі ұлттық деректерді беру желісінің жетекші операторларының қатарына кіреді. Компания тіркелген және мобильді байланыс, кеңжолақты интернет, цифрлық теледидар, сондай-ақ бұлтты сервистер, киберқауіпсіздік және бизнеске арналған ІТ-шешімдер қызметтерін ұсынады.




