Астана. 5 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мухаммед бен Салман Әл Сауд Қазақстан азаматтарын елге эвакуациялауға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуінің қорытындысы бойынша таратылған ақпаратта Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы үкіметінің қазақстандықтарды елге қайтару ісіне жәрдемдескені үшін ризашылығын білдіргені айтылды.
Әңгіме барысында Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы өңірлік қана емес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да елеулі қатер төндіретіні атап өтілді.
Сондай-ақ тараптар қақтығысқа қатыспайтын елдердің аумағында шабуылдардың жалғасуы өкінішті екенін айтты. Бұл кезеңде ислам әлемі өзара құрмет пен төзімділік танытуы тиіс екені де атап өтілді.
Өз кезегінде тақ мұрагері Қазақстан Президентіне қолдау сөздері үшін алғыс айтып, қасиетті Рамазан айына орай қазақ халқына ізгі тілектерін жолдады.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеру және халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында тұрақты саяси диалогты жалғастыруға уағдаласты.




