* Филиппин президенті де әуе рейстерін қысқарту мүмкіндігін жоққа шығармады
Гонконг. 24 наурыз. ИНТЕРФАКС – Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жанармай тапшылығы мен оның бағасының өсуіне байланысты Вьетнамның бірнеше әуе компаниясы бірқатар ішкі бағыттар бойынша рейстерді уақытша тоқтатады, деп хабарлады сейсенбі күні Bloomberg.
Вьетнамның Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, 1 сәуірден бастап елдің ұлттық тасымалдаушысы Vietnam Airlines ішкі рейстер санын қысқартады. Соның нәтижесінде аптасына шамамен 20 рейс тоқтатылады.
Сондай-ақ VietJet Aviation JSC әуе компаниясы да бірқатар рейстердің тоқтатылатынын мәлімдеді. Ал Bamboo Airways компаниясы сұраныс жоғары кезеңдерде ұшуларды жалғастыруға тырысатынын, алайда олардың жиілігі өткен жылмен салыстырғанда төмен болуы мүмкін екенін хабарлады. Компания басшылығы билікті әуе тасымалдаушыларға қосымша қолдау көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар, Bloomberg-ке берген сұхбатында Филиппин президенті Фердинанд Маркос-кіші де кейбір рейстерді уақытша тоқтату мүмкіндігін жоққа шығармады.
«Біз мұндай жағдайға жол бермеуге үміттенеміз, бірақ мұндай ықтималдық бар», – деді ол Филиппинде рейстердің бір бөлігін тоқтату қажеттілігі туралы сұраққа жауап бере отырып.
Маркостың айтуынша, қазірдің өзінде кейбір елдер өз әуежайларына қонатын филиппиндік ұшақтарға жанармай құю мүмкін еместігін мәлімдеуде. Бұл әуе кемелерінің қосымша жанармай тасымалдауына мәжбүрлейді. Президент ұзақ мерзімді перспективада бұл күрделі мәселеге айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Израиль мен АҚШ Тегеранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Ормуз бұғазы іс жүзінде Иран тарапынан жабылды.
Парсы шығанағын Үнді мұхитымен байланыстыратын Ормуз бұғазы әлемдегі ең маңызды теңіз сауда жолдарының бірі және мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы зор. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтеді.




