Вашингтон. 6 наурыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф алдағы апталарда Украинадағы дағдарысты реттеу бағытында жаңа нәтижелер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Талқылаулар жалғасып жатыр, жақын арада оң өзгерістер болуы мүмкін», – деп жазды ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Уиткоффтың айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың басшылығымен тараптар соғысты толық тоқтатуға бағытталған бейбіт келісім әзірлеу бойынша жұмысты жалғастырып келеді.
Сондай-ақ ол Ресей мен Украина арасында жуырда өткен әскери тұтқындар алмасуы тараптар арасындағы келіссөздер мен Женевада өткен үшжақты кездесулер нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жұма күні Ресей мен Украина «300-ге 300» формуласы бойынша әскери тұтқындар алмасқан. Делдалдықты Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ жүзеге асырған.
«6 наурызда Киев бақылауындағы аумақтан 300 ресейлік әскери қызметші қайтарылды. Өз кезегінде Украина Қарулы күштерінің 300 әскери тұтқыны берілді», – делінген Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін ведомство 5 наурызда тараптар «200-ге 200» форматында тұтқын алмасқанын хабарлаған.
5–6 наурыз күндері жүргізілген «500-ге 500» тұтқын алмасу Женевадағы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өткенін Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский мәлімдеген.




