Астана. 23 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — 2025 жыл Қазақстанның банк секторында елеулі күйзелістерсіз өтті. S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі республиканың банк жүйесіне оң баға беріп, оның геосаяси және макроэкономикалық сын-қатерлерге салыстырмалы түрде төзімді екенін атап өтті. Агенттік бағалауынша, қазақстандық банктердің өтімділік деңгейі жоғары, капиталы жеткілікті және клиенттік депозиттерді белсенді түрде ұлғайтып отыр.
Жақын арада жаңа банкроттық жағдай күтілмейді. Керісінше, банк санының артуы байқалуда, бұл бәсекелестіктің күшеюіне және экономиканы несиелеу мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етуі тиіс.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігі 2025 жылы Қазақстанның банк секторында орын алған негізгі оқиғаларды еске салады.
СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР
1 қарашадағы жағдай бойынша 23 банктен тұратын Қазақстан банк секторының жиынтық активтері 67,8 трлн теңгені құрады.
Соңғы деректерге сәйкес, меншікті капиталының өсімі бойынша (30%-дан жоғары) көшбасшылар қатарында KZI Bank, «Шинхан Банк Қазақстан», «Алматыдағы Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкі», «Банк ЦентрКредит» және исламдық Zaman Bank бар.
1 қарашадағы жағдай бойынша қазақстандық банктердің несие портфелі шамамен 42,1 трлн теңгеге жетіп, жыл басынан бері 17,6%-ға артты. Бұл ретте мерзімі 90 күнге дейін кешіктірілген проблемалық несиелердің үлесі жыл соңына қарай 3,05%-дан 3,54%-ға дейін өсті.
Қазақстандағы несие нарығы жоғары деңгейде шоғырланған күйінде қалып отыр. ranking.kz дерегінше, қазан айының қорытындысы бойынша ең ірі 10 банк-кредиторға банк секторының жалпы несие портфелінің 92%-дан астамы немесе 38,7 трлн теңге тиесілі болды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 10 айында жеке тұлғалардың банк салымдары 2,1 трлн теңгеге ұлғайып, 26,6 трлн теңгеге жетті. Ал жеке тұлғалар депозиттерінің долларлану деңгейі 1 қарашадағы жағдай бойынша 22,5%-ды құрап, кезекті тарихи деңгейге дейін төмендеді.
Артық өтімділікті тиімді пайдалану мәселесі
Қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банктерді экономиканы несиелеуге белсендірек қатысуға шақырып, Үкімет пен Ұлттық банкке осы бағытта тиімді тетіктерді әзірлеуді тапсырды.
«Отандық банктер үшін төмен тәуекелді құралдарға қаражат салу экономиканы несиелеуге қарағанда анағұрлым тиімді. (…) Ұлттық банк пен Үкімет банктердің бос өтімділігін экономикалық айналымға тартудың нақты әрі пәрменді құралдарын шұғыл түрде табуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұндай қадамға қажетті қаржы ресурстары банктерде жеткілікті: қазіргі таңда Қазақстанда банк активтері мен капиталының табыстылығы дамыған елдермен салыстырғанда орта есеппен бірнеше есе жоғары. Сондай-ақ ол аталған шараларды іске асыруға банктер туралы жаңа заң ықпал ететінін айтып, құжатты жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Бұған дейін, тамыз айында Ұлттық банк коммерциялық банктер үшін ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ең төменгі резервтік талаптарды кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылдаған болатын: алдымен 3,5%-ға, кейін 5%-ға дейін. Валюталық міндеттемелер бойынша бұл көрсеткіш 10%-ға, одан кейін 15%-ға дейін ұлғайтылды. Қаржы реттеушісі осы шара арқылы жалпы көлемі 8 трлн теңгені құрайтын артық өтімділіктің 3,5 трлн теңгесін нарықтан шығару көзделгенін мәлімдеді. Ұлттық банктің пайымдауынша, бұл банктердің реттеуші құралдар есебінен тәуекелсіз табыс табу мүмкіндігін азайтып, экономиканы несиелеуді ынталандыруға ықпал етеді.
БАНКТЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ 30 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАҢАРТЫЛАДЫ
2025 жыл Қазақстанда банктер туралы жаңа заң жобасын әзірлеумен ерекшеленді. Жоспарға сәйкес, бұл құжат келесі жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Қазіргі уақытта банк қызметі 30 жыл бұрын қабылданған заңмен реттеліп келеді. Осыған байланысты жаңа заң өткен кезеңдегі кемшіліктерді ескеріп, қазіргі заман талаптарына бейімделуді көздейді. Атап айтқанда, цифрлық активтер, исламдық қаржыландыру, кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл, банктерді сауықтыру тетіктері және өзге де өзекті бағыттар қамтылады.
Банк клиенттерінің құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстанда мінез-құлықтық қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе банктердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара іс жүргізу тәртібін бақылауды көздейді.
Қаржы реттеуші орган белгілі бір қаржылық өнімдерді тұтынушылар үшін ықтимал тәуекелді деп тапқан жағдайда, олардың ұсынылуын уақытша тоқтата тұру құқығына ие болады.
Сонымен қатар қадағалау органы ақпаратты ашу талаптарын күшейтеді, жарнамаға қойылатын шарттарды қатаңдатады және адал емес тәжірибелерді шектеу шараларын қолданады.
Заңның негізгі бағыттарының бірі – қарыз алушылардың борыштық жүктемесін бақылауға арналған жауапты несиелеу қағидатын енгізу болмақ.
Қараша айының соңында заң жобасы Мәжіліс тарапынан қабылданды.
Банктерді сауықтырудағы жауапкершілік – ең алдымен акционерлерге жүктеледі
Банктер туралы жаңа заңда мемлекет қаржы ұйымдарын банкроттық қаупінен тек ерекше жағдайларда ғана қолдайтыны көзделген. Мұндай қолдау банк елдің қаржылық тұрақтылығына жүйелік қатер төндірген жағдайда ғана көрсетіледі. Негізгі жауапкершілік, әдетте, қаржы институттарының акционерлеріне жүктеледі.
Жаңа талаптарға сәйкес, қаржы реттеуші банк қызметіндегі алғашқы қиындықтар кезеңінде-ақ араласуға мүмкіндік беретін қосымша тетіктерге ие болады. Банктің қаржылық көрсеткіштері нашарлаған жағдайда қадағалау күшейтіледі.
Банктер жыл сайын дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуге міндетті болады. Ал жүйе үшін маңызды банктер ірі шығындар туындаған жағдайда қолданылатын қаржылық орнықтылық қорын (TLAC тетігі) қалыптастыруы тиіс.
Мемлекет өз қаражаты есебінен банктерді тек олардың капиталына уақытша қатысу арқылы қолдайды. Қаржы ұйымы сауыққаннан кейін ол жаңа инвесторға сатылады, ал түскен қаражат қайтадан бюджетке қайтарылады.
Мемлекет алдындағы міндеттемелерді өтеу
Айта кетейік, 2025 жылы бұрын мемлекеттік қолдау алған банктер берешектерін өтеуді жалғастырды. Қазақстанда мұндай банктерге мемлекет алдындағы қарыз толық өтелмейінше дивиденд төлеуге тыйым салынған.
Бұған дейін, 2025 жылғы қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мемлекетке жалпы сомасы 1,3 трлн теңге көлемінде берешегі бар төрт банк қалғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда:
– «Еуразиялық банк» – 150 млрд теңге,
– Bank RBK – 176,8 млрд теңге,
– Alatau City Bank – 950,2 млрд теңге,
– «Нұрбанк» – 46,8 млрд теңге.
Қараша айында Bank RBK 2032 жылға дейін өтеуі тиіс болған 176,8 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қарызын мерзімінен бұрын толық қайтарды. «Нұрбанк» өз міндеттемесінің бір бөлігін өтеді.
ЕКІ ЛИЦЕНЗИЯ
Қазақстанда банк нарығына кіру тәртібі заңнамалық деңгейде жеңілдетілуде. Елде банк лицензиясының жаңа түрі енгізіледі, жалпы лицензия саны екіге бөлінеді: әмбебап және базалық.
Базалық лицензия әлеуетті банктерге қойылатын талаптарды бірқатар көрсеткіш бойынша төмендетеді. Атап айтқанда, капитал, өтімділік және өзге де нормативтер жеңілдейді. Қазіргі кезеңде базалық лицензия активтер көлемін 500 млрд теңгемен шектейді, ал ең төменгі меншікті капитал мөлшері кемінде 10 млрд теңге болуы тиіс. Сонымен қатар, базалық лицензиясы бар банктер үшін есептілік көлемі де азаяды. Әзірлеушілердің пайымдауынша, бұл лицензия қаржы ұйымының дамуы барысында әмбебап лицензиясы бар толыққанды банкке өтудің аралық кезеңі ретінде қызмет атқарады.
ЖАҢА ҚАТЫСУШЫЛАР
2025 жылдың жазында Қазақстандағы банктер саны артты. Маусым айында кореялық BNK Financial Group Inc. құрамына кіретін BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы банк лицензиясын алып, «БиЭнКей» банкі ретінде қайта құрылды.
Ал тамызда Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы саналатын KMF те банкке айналып, «KMF» атауымен жұмысын бастады.
Нәтижесінде елдегі банктердің жалпы саны 21-ден 23-ке дейін өсті.
БАНК САЛАСЫНДАҒЫ МӘМІЛЕЛЕР
2025 жылы Қазақстанның банк жүйесі тек сандық емес, құрылымдық жағынан да өзгеріске ұшырады.
Жыл ортасында қазақстандық банкир, Kaspi.kz финтех-холдингінің ірі акционерлерінің бірі Вячеслав Ким бұрынғы Jusan Bank-ті (одан да ертеректе – «Цеснабанк») сатып алды. Ол First Heartland Jusan Bank-тің 97,5% акциясын Ғалымжан Есеновтен иеленді. Мәміле нәтижесінде банк «Алатау Сити Банк» деп қайта аталды. Бұл атау қазіргі уақытта салынып жатқан Алатау қаласына байланысты таңдалған. Келісімнің құны жарияланған жоқ.
Сонымен қатар, активтері көлемі бойынша Қазақстандағы бесінші банк саналатын ForteBank те ірі мәміле жасады. Оның негізгі акционері – кәсіпкер Болат Өтемұратов (90,92%). ForteBank Home Credit Bank-тің үлесін кезең-кезеңімен арттырып, қараша айының соңына қарай 75%-ға жеткізді және оны еншілес банкке айналдырды.
Қараша айында Қазақстандағы «Халық банктің» (Halyk Bank) негізгі акционері – Динара және Тимур Құлыбаевтар бақылауындағы «Алмэкс» холдингтік тобы өтімділікті арттыру мақсатында өз үлесінің бір бөлігін сатуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл ретте бақылаушы үлесті сақтап қалу көзделген. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін мәміле аясында инвесторларға банк акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттар (GDR, бір GDR – 40 акцияға тең) сатылатыны хабарланды. Сатылатын пакет айналымдағы акциялардың 7,6%-ына тең. Мәміле аяқталған соң «Алмэкс» тобы банктің айналымдағы акцияларының шамамен 62%-ына ие болады. Бұл операциядан банк тікелей табыс алмайды.
Сонымен бірге, венгриялық ірі OTP Bank Қазақстандағы банктердің бірін сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны жөнінде ақпарат тарағанымен, әзірге бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕЛЕУДЕГІ ҮДЕРІС
Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазақстанның қаржы секторы үшін жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында өтті: жыл соңында ол 18% деңгейінде қалыптасты. Осыған байланысты ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер өсе бастады. Бұл үрдіске жауап ретінде қаржы реттеушілері оларды шектеу мәселесін қарастырды. Атап айтқанда, 2025 жылы 1 қарашадан бастап ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланған еді.
Алайда бұл шешім күшіне енбей тұрып, бірқатар банктер ипотекалық несиелер беруді уақытша тоқтатты, ал кейбірі шарттарын қайта қарауға кірісті. Нәтижесінде мөлшерлемелерді шектеу жөніндегі талапты енгізу мерзімі 2026 жылы 1 шілдеге дейін кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен Ұлттық банк ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-ді есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуге кірісті. Бұл тәсілде кепілмен қамтылу коэффициенті (Loan-to-Value, LTV), яғни ипотекалық қарыз сомасының тұрғын үйдің бағалау құнына арақатынасы ескеріледі. Мұндай өзгеріс банктер үшін несиелердің қайтарымдылығына қосымша кепілдік беруге бағытталған.
Сондай-ақ екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру мәселесі талқылануда. Бұл қадам мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы әрі елдегі ипотекалық нарықтың негізгі институты саналатын «Отбасы банкке» бәсекелестік орта қалыптастыруды көздейді.
БӨЛІП ТӨЛЕУ ЖҮЙЕСІН АШЫҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ
Инфляцияның өсуі және халықтың қарыз жүктемесінің артуы аясында Қазақстанда кең таралған бөліп төлеу (Buy Now, Pay Later, BNPL) тетіктеріне ерекше назар аударыла бастады.
2025 жылы елде бөліп төлеу схемаларында жасырын шығындардың бар екені ашық айтыла бастады. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, бөліп төлеу кезінде баға үстемесі шамамен 15–20% құрайды. Мұндай баға қалыптастыру тетігі Қазақстанда 2025 жылы екі таңбалы деңгейге жеткен инфляцияны күшейтіп, өмір сүру құнының өсуіне елеулі әсер етеді.
Бөліп төлеудің тұтынушыларды шатастыратын әсерін азайту үшін сатушыларды тауарларға қосарланған баға көрсетуге міндеттеу жоспарлануда. Бұл сатып алушыға тауарды бірден толық төлемей алған жағдайда қанша артық төлейтінін нақты көруге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов банктерге, кредиттік ұйымдарға және сауда орындарына бөліп төлеу мен кредиттеу кезінде барлық үстеме төлемдерді толық әрі ашық көрсету жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге бұл мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Бөліп төлеу шарттарын ашық ету тағы бір маңызды мақсатты көздейді – қазақстандықтардың қарыз жүктемесінің нақты деңгейін анықтау. Себебі бөліп төлеу қызметін банктер де («көрінетін» қарыздар), сондай-ақ құрылыс компаниялары, автодилерлер мен маркетплейстер сияқты сатушылар да ұсына алады. Мұндай жағдайда бұл міндеттемелер азаматтың ресми қарыздары ретінде есепке алынбай, қаржы жүйесінде «көрінбей» қалады.
2025 жылы 11 қазаннан бастап Қазақстанда сатушыларды тауарларға қосарланған баға көрсетуге міндеттейтін талап енгізілді. Алайда іс жүзінде бұл талап барлық жерде бірдей орындалып отырған жоқ.
Банктер аталған мәселе бойынша әзірге ресми түсініктеме беруден бас тартты.
БІРЫҢҒАЙ QR-ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ
QR-төлемдер сервистерін біріздендіру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдың соңында іске қосылған банкаралық QR-төлемдерге арналған пилоттық жоба (бірыңғай QR) 2025 жылы толық іске қосылмады. Қазіргі болжамға сәйкес, жүйе 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін толық қуатында жұмыс істей бастайды. Ірі банктермен бірыңғай QR жүйесіне қосылу жөнінде алдын ала келісімдер жасалған.
КРИПТОКАРТАЛАР — ӘЗІРГЕ ПИЛОТТЫҚ КЕЗЕҢДЕ
Банктер цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. 2025 жылы ірі бес банк — Халық банкі, Forte, Freedom, RBK және Altyn — Ұлттық банктің криптокарталарды іске қосуға арналған пилоттық жобасына қосылды. Бұл карталар криптоәмиянмен байланысты болады және криптовалютаны фиат ақшаға автоматты түрде айырбастау арқылы Қазақстан аумағында төлем жасауға мүмкіндік береді. Алайда жоба әзірге сынақ сатысында тұр.
Қыркүйек айында Еуразиялық банк, Mastercard және Intebix криптобиржасы Mastercard және Apple Pay терминалдары арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу мүмкіндігін тексеру үшін алғашқы криптокарталардың сынақтық шығарылымын бастағанын хабарлады.
Freedom Holding те 2025 жылы өз клиенттеріне криптовалюталармен байланысты негізгі сервистердің бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Қыркүйекте Freedom Bank 5 млрд теңгеге қосымша капитал тартылатынын және бұл қаражаттың бір бөлігі цифрлық өнімдерді дамытуға бағытталатынын хабарлады.
Жыл соңында Kaspi.kz қазақстандық банктер арасында алғаш рет алақан арқылы төлем жасау қызметін — Kaspi Alaqan — іске қосты. Бұл туралы қаржы нарығын реттеуші органнан тиісті рұқсат алынғанға дейін хабарланған. Қызмет биометриялық деректерді, атап айтқанда әр адамға ғана тән алақан бедерін пайдалануға негізделген.
Осылайша, 2025 жыл Қазақстанның қаржы секторында жаңа технологиялық кезеңге дайындық жылы болды. Бұл өзгерістерді қазақстандықтар 2026 жылы белсенді түрде игере бастайды деп күтілуде.
23 желтоқсандағы ресми валюта бағамы — 515,02 теңге.




