Астана. 31 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — 2025 жыл Қазақстан үшін бұрынғы жайлы сценарийлерден бас тарту кезеңі болды. Билік бір мезгілде ауқымды салық реформасын іске қосты, ақша-кредит саясатын айтарлықтай қатаңдатты және нарық өздігінен тиімді жұмыс істей алмай қалған тұстарда тікелей басқару шешімдеріне жүгінді. Экономикалық өсім болжамнан жылдамырақ қарқын алды, инфляция жоғары деңгейде сақталып, бәсеңдеуге асықпады, базалық мөлшерлеме тарихи жоғары шектерге жетті, ал бюджет тұрақты кіріс көздеріне деген сұранысты барған сайын күшейтті. Осы жағдайда теңге соңғы он жылдағы ең тұрақсыз кезеңдердің бірін бастан өткерді, мемлекеттік облигациялар нарығы сенім мен ауқым тұрғысынан сынаққа түсті, ал реттеуші органдар экономикалық өсім, баға тұрақтылығы және әлеуметтік тәуекелдер арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр болды. Нәтижесінде 2025 жыл қарама-қайшылықтарға толы, күрделі таңдау кезеңі ретінде қалыптасты. Бұл жыл алдыңғы экономикалық модельдің қорытындысын шығарудан гөрі, оның шектеулерін айқындап, 2026 жылға және одан кейінгі кезеңге арналған экономикалық саясаттың жаңа конфигурациясын белгіледі.
САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ БЕТБҰРЫС
Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін ауқымды салық реформасының жылы болды. Оның өзегін қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыру және салықтық әкімшілендірудің бүкіл логикасын қайта қарау құрады. Қоғамдық және сараптамалық талқылау бастапқыда барынша қатаң сценарийден басталып, жыл бойы бюджет кірістерін ұлғайту міндеті, бизнес қауымдастығының алаңдаушылығы және инфляциялық тәуекелдерді бақылауда ұстау қажеттілігі арасындағы бірқатар ымыралы шешімдер арқылы өтті.
Қаңтар айында Үкімет реформаны іс жүзінде бастап, ҚҚС мөлшерлемесін қолданыстағы 12 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру мүмкін екенін мәлімдеді. Түпкілікті шешім ақпан айының ортасы немесе соңына қарай қабылданып, тиісті түзетулер Парламентке енгізілуі тиіс еді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин елге салық реформасы қажет екенін, ал ҚҚС мөлшерлемесін көтеру — негізгі нұсқалардың бірі екенін түсіндірді. Сол кезде реформаның бағаға ықтимал әсері де айтылды: Үкіметтің есептеуінше, инфляция өсімі 4 пайызға дейін жетуі мүмкін, ал оны әлеуметтік төлемдер мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын индексациялау арқылы өтеу жоспарланды. Қосымша салық түсімдері нақты секторды дамытуға бағытталуы тиіс болды.
Сонымен қатар 7 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қосылған құн салығы бойынша сараланған тәсілге көшуді ұсынып, 20 пайыздық мөлшерлемені тым жоғары деп бағалады. Бұл шешім реформаның біржақты әрі қатаң форматта емес, жеңілдіктер мен ерекшеліктерді ескеретін ымыралы модель арқылы жүзеге асатынын аңғартты.
Көктем айларына қарай реформаның негізгі мазмұны жаңа Салық кодексінің жобасында айқын көріне бастады. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленіп, бірқатар салалар үшін босатулар мен 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме қарастырылды. Сонымен бірге ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шықты. Үкімет салықтық жеңілдіктерді қысқарту қажеттігін де ашық айтып, оңтайландыру әлеуетін жүздеген миллиард теңгемен бағалады. Бұл ретте реформа тек ҚҚС-пен шектелмей, аясын кеңейтті: ай сайынғы табысы 3 млн теңгеден асатын жалақылар үшін жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы, сондай-ақ акциздер мен мүлік салықтарын қайта қарау арқылы қымбат тұтынуға салық салу тетіктері талқыланды.
Парламентте ұзаққа созылмаған қараудан кейін жаңа Салық кодексі қос палатадан өтіп, Мемлекет басшысының қол қоюымен күшіне енді. Соның нәтижесінде ҚҚС мөлшерлемесі бастапқыда ұсынылған 20 пайыздың орнына 16 пайыз болып бекітілді, ал ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі бұрынғы шамамен 80 млн теңгенің орнына 40 млн теңге деңгейінде белгіленді. Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге арналған ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемелері кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз. Бұған қоса әлеуметтік маңызы бар салаларда және жекелеген тауарлар мен қызмет түрлері бойынша кең көлемді салықтық жеңілдіктер сақталды.
Құжатқа қол қойылғаны туралы ресми хабарламаларда реформа тек қосылған құн салығын қамтымайтыны, сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді ауқымды түрде жеңілдетуге бағытталғаны атап өтілді. Атап айтқанда, есептілік көлемін қысқарту, салық түрлерінің санын оңтайландыру, арнайы салық режимдерін қайта іске қосу (олардың саны үшке дейін қысқартылды) және өзге де өзгерістер көзделді. Алайда соған қарамастан, шағын және орта бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтар алдағы өзгерістерге алаңдаушылық білдіріп, тіпті экономикалық дағдарыс немесе терең құлдырау қаупі туралы пікірлер айтылды. Дегенмен қабылданған Салық кодексі өз күшіне енеді және ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде қолданыла бастайды.
Күз айларына қарай талқылау бағыты мөлшерлемелердің деңгейінен реформаның іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына ауысты. Ұлттық экономика министрлігі түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, салық төлеушілердің шамамен 70 пайызы жеңілдетілген салық режимін сақтап қалатынын мәлімдеді. Бұл режим негізінен түпкі тұтынушыға бағытталған қызмет түрлеріне арналған. Ал ірі бизнеске және B2B тізбектеріне қатысы бар қызмет түрлері жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшірілуі тиіс. Қазан айында Үкімет шағын және орта бизнеске қатысты ұстанымды қосымша жұмсартып, артық шектеулерді алып тастау, микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жаңадан бастау қағидатын енгізу, қарыз өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тетіктерін қарастыру, сондай-ақ өтпелі кезеңде ҚҚС бойынша тіркеу шегінен асып кеткендерге жауапкершілік қолданбау жөнінде мәлімдеді. Осы кезеңде Қаржы министрлігі 2026 жылға арналған бюджет кірістерінің өсуін жаңа Салық кодексін енгізумен және әкімшілендіру сапасын арттырумен тікелей байланыстырды. Президент өз кезегінде шағын және орта бизнеске қосымша қолдау шаралары қабылданатынын және кәсіпкерлік қоғамдастықпен диалог жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин 2026 жылы Үкімет жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізуді жоспарламайтынын, алдымен оның практикалық іске асырылу нәтижелерін бағалау қажет екенін мәлімдеді. Қараша айының соңында 2026 жылдан бастап арнайы режим қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Ал желтоқсанда Президент Үкіметке жекелеген нормаларды іске асыруға қатысты бизнестен түскен өтініштерді мұқият талдап, ақылға қонымды теңгерім табуды тапсырды. Бұл ретте салықтық әкімшілендіруді цифрлық құралдар арқылы жетілдіру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Осылайша 2025 жыл Қазақстан үшін салық саясатының бетбұрыс кезеңі болды. Қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеру және тіркеу шегін күрт төмендету жөніндегі бастапқы талқылаулардың орнына 16 пайыздық мөлшерлеме, кең ауқымды жеңілдіктер мен босатуларды қамтитын ымыралы нұсқа қабылданды. Ендігі негізгі мәселе 2026 жылға ауысады: жаңа жүйе шағын және орта бизнеске шамадан тыс қысым жасамай, ұзақ мерзімді инфляциялық әсерсіз салық базасын кеңейте ала ма және мемлекет уәде еткен қызмет көрсетуге негізделген салықтық қатынастар моделін іске асыра ала ма.
Ақша-кредит саясаты қатаң кезеңге өтті
Фискалдық саясаттың қатаңдатылуы ақша-кредит саясатына қатысты ұқсас ұстаныммен қатар жүрді. Жыл басында нарық 2024 жылдың соңында инфляцияның баяулауынан кейін базалық мөлшерлемені уақытша ұстап тұруға немесе біртіндеп төмендетуге үміт артқан еді. Алайда көктемге қарай инфляциялық тәуекелдердің күткеннен әлдеқайда орнықты екені және саясатты жұмсартуға мүмкіндік өте шектеулі екені айқын болды.
Қаңтар айында базалық мөлшерлеме 2024 жылғы желтоқсандағы өсімнен кейін 15,25 пайыз деңгейінде қалыптасты. Реттеуші мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып, үзіліс жасағанымен, мәлімдемелердің мазмұны жағдайдың әлі де күрделі екенін көрсетті. Инфляция нысаналы деңгейден едәуір жоғары болды, халық пен бизнестің инфляциялық күтулері өсті, ал фискалдық саясат ішкі сұранысты қолдауды жалғастырды. Нақты мөлшерлеме оң аймақта сақталғанымен, ол баға динамикасын тұрақтандыру үшін жеткіліксіз болып шықты.
Бұрылыс нүктесі наурыз айына келді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 16,5 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдап, инфляцияның жеделдеуі аясында ақша-кредит шарттарының іс жүзінде жұмсарғанын мойындады. Жылдық инфляция екі таңбалы көрсеткіштерге жақындай түсті, айлық баға өсімі жеделдеді, ішкі сұраныс, тұтынушылық кредиттеу және тарифтік факторлар тарапынан қысым күшейді. Дәл осы кезеңде реттеуші алғаш рет саясатты жұмсарту перспективасын салық-бюджет реформасының барысымен тікелей байланыстырып, фискалдық шоғырландырусыз мөлшерлемені төмендету мүмкін еместігін аңғартты.
Сәуірден қыркүйекке дейін базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл кезең қатаң ұстанымды сақтай отырып, күту фазасына айналды. Айлық инфляцияның баяулау белгілері байқалғанымен, жылдық көрсеткіштер жоғары деңгейде орнықты қалды, ал инфляциялық күтулердің тұрақтануы әлсіз болды. Қосымша қысымды сыртқы факторлар да күшейтті. Ұлттық банк тәуекелдер теңгерімі инфляцияның өсуіне бейім күйде қалып отырғанын және қажет болған жағдайда базалық мөлшерлемені одан әрі арттыру мүмкіндігін дәйекті түрде мәлімдеп отырды.
Күз айларында бұған дейін жасалған мәлімдемелер мен ұстанымдар нақты шешімдермен бекітілді. Қазан айында реттеуші ақша-кредит саясатын қайтадан қатаңдатып, базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Бұл шешімге инфляцияның шамамен 13 пайызға дейін жеделдеуі, тұтыну себетінің барлық негізгі құрамдас бөліктері бойынша бағаның өсуі және ішкі сұраныстың жоғары деңгейде сақталуы әсер етті. Сонымен қатар тарифтік шешімдердің жанама ықпалы, жанармай нарығындағы өзгерістер және қосылған құн салығын арттыруды қамтитын алдағы салық реформасына байланысты инфляциялық күтулер де маңызды рөл атқарды. Осы кезеңде 2025 жылдың ақша-кредит саясатын жұмсарту жылы болмайтыны түбегейлі айқындалды.
Жыл соңына қарай 18 пайыздық базалық мөлшерлеме қалыптасқан шынайылыққа айналды. Қараша айында Ұлттық банк оны өзгеріссіз қалдырып, жыл ішіндегі ең қатаң ұстанымдардың бірін көрсетті: кемінде 2026 жылдың бірінші жартысында мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі жоқ. Күзде инфляцияның белгілі бір дәрежеде баяулауы да сақтықпен бағаланды. Реттеуші оның ішінара әкімшілік сипатта екенін және бұл құбылыс баға өсуінің тұрақты түрде бәсеңдегенін білдірмейтінін атап өтті.
Сарапшылардың ортақ пікірі бойынша, ақша-кредит жағдайларының жедел жұмсаруы күтілмейді. Негізгі болжам алдағы тоқсандарда қатаң саясаттың сақталуын көздейді, себебі инфляцияның төмендеуі біртіндеп жүзеге асады. Сонымен бірге реттеуші қабылданған шаралардың және бюджеттік тәртіпті күшейтудің нақты нәтижелерін бағалау үшін уақыт қажет екені айтылуда. Тек содан кейін ғана базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Осылайша Қазақстан 2026 жылға тарихи тұрғыдан жоғары — 18 пайыздық базалық мөлшерлемемен қадам басып отыр. Бұл қысқа мерзімді экономикалық өсім мен кредиттеуден гөрі инфляцияны және инфляциялық күтулерді бақылау басты басымдыққа ие екенін көрсетеді. Алдағы жыл қатаң ақша-кредит саясаты мен бюджеттік шектеулердің үйлесімі инфляциялық үдерісті бәсеңдетуге жеткілікті бола ма, әлде жоғары мөлшерлеме экономикада нарық күткеннен ұзақ сақтала ма — соны айқындайды.
ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҢА ТАЛАПТАРМЕН БАСТАЛДЫ
2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін бір-біріне қайшы күтілімдермен басталды. Бір жағынан, 2024 жылы инфляцияның 8,6 пайызға дейін баяулауы баға өсімі салыстырмалы түрде бақылауда деген әсер қалдырды: қаңтар айында жылдық көрсеткіш 10 пайыздан төмен сақталып, билік пен сарапшылар инфляцияның шарықтау шегі артта қалды, ал қатаң ақша-кредит саясаты өз нәтижесін бере бастады деген үмітті жоғалтпады. Осы жағдайда Ұлттық банк желтоқсандағы мөлшерлеме өсімінен кейін қаңтарда үзіліс жасап, тәуекелдердің арақатынасын бағалау қажеттігін атап өтті. Екінші жағынан, жылдың алғашқы күндерінде-ақ Президент жалпы ішкі өнімнің 4–5 пайыз шамасындағы өсімі жеткілікті деп қарастырылмайтынын ашық білдірді: Үкіметке экономиканы жеделдетудің жаңа көздерін іздеу, инерцияға сүйенген өсіммен шектелмеу міндеті қойылды.
Қыс пен көктемнің басы сақтыққа негізделген оң көзқараспен өтті. Жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар жоғары қарай қайта қаралды: 2025 жылға арналған экономикалық өсім күтілімі 4,5–5,5 пайыз аралығына ауысты, ал негізгі қозғаушы күш ретінде мұнай секторындағы қалпына келу және Теңіз кен орнындағы өндіру көлемінің артуы аталды. Сонымен бірге инфляциялық ахуал біртіндеп нашарлай бастады. Наурыз айына қарай экономиканың күткеннен жылдамырақ қарқын алғаны айқын болды: бірінші тоқсандағы өсім 5,8 пайызға жуықтады. Алайда бұл жеделдеу барған сайын ішкі сұранысқа, бюджет шығыстарына және инвестицияларға сүйеніп, бағаға қысымды күшейтті.
Көктемде экономикалық өсім мен инфляция арасындағы теңгерімсіздік анық көріне бастады. Инфляция екі таңбалы деңгейге жетіп, баға өсімінің құрылымы мәселенің жүйелі сипат алғанын көрсетті. Осы кезеңде экономикалық көрсеткіштер барған сайын әсерлі бола түсті: қаңтар–сәуір айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайызға жетіп, құрылыс, көлік, сауда және өңдеуші өнеркәсіп салалары белсенді дамыды. Дәл осы сәтте ресми ұстанымда өзгеріс байқалды: Президент пен Үкімет реформалар шығынын халықтың мойнына жүктеуге жол берілмейтінін қатаңырақ айта бастады, ал Ұлттық банк жиынтық сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түскенін және экономиканың қызып кету белгілерін тікелей атап өтті.
Жыл ортасына қарай бұл қарама-қайшылық одан әрі айқындалды. Бір жағынан, жартыжылдық қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайыздан асып, соңғы он жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде бағаланды және «жаңа өсу кезеңі» туралы пікірлерге негіз болды. Екінші жағынан, мамыр–маусым айларында инфляция жылдық есеппен 11–12 пайызға дейін жеделдеп, айлық динамика тарихи қалыпты деңгейден жоғары сақталды. Сарапшылар қатаң ақша-кредит саясаты мен сұранысты күшейткен белсенді фискалдық ынталандыру арасындағы қайшылықты жиі атап өтіп, жоғары мөлшерлеменің әсері бюджет шығыстары арқылы әлсіреп жатқанын айтты.
Жаз мезгілі күзде жағдайдың күрделене түсуі мүмкін деген күтумен өтті. Айлық инфляцияның баяулағанын көрсететін жекелеген белгілер байқалғанымен, жылдық көрсеткіш жоғары деңгейде сақталды, ал халық пен бизнес тарапынан қалыптасқан инфляциялық күтілімдер іс жүзінде төмендеген жоқ. Бұған қоса, салық реформасының талқылануы мен қосылған құн салығының алдағы өсімі бағаларға алдын ала енгізіліп, қосымша қысым қалыптастырды. Осы жағдайда экономика жоғары қарқынмен өсуді жалғастырып, мұндай жеделдеудің ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
Күз айларында бұл қауіптер толықтай расталды. Инфляция шамамен 13 пайызға дейін жеделдеп, соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейлерге жетті. Үкімет баға өсімін шектеу үшін жедел шараларға көшті: коммуналдық қызмет тарифтерін, жанармайды және бірқатар негізгі тауарлар мен қызметтерді қымбаттатуға мораторий жарияланды, сауда үстемелеріне бақылау күшейтіліп, тұрақтандыру тетіктері кеңейтілді. Сонымен қатар ресми бағалауларда жалпы ішкі өнім өсімінің қарқынынан гөрі оның сапасы мен экономиканың шамадан тыс қызып кету тәуекелдеріне басымдық беріле бастады.
Жыл соңына қарай ахуал салыстырмалы түрде теңгерімді сипат ала бастағанымен, жалпы жағдай күрделі күйінде қалды. Инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде сақталды, бірақ баға өсімінің қарқыны біршама тұрақтана түсті. Билік өкілдері қол жеткізілген нәтижелердің осал екенін ашық мойындады. Экономика жылды шамамен 6,3–6,5 пайыз өсіммен аяқтап, қолданыстағы экономикалық үлгінің мүмкіндіктерінің жоғарғы шегіне жеткенін көрсетті.
Нарық көлемдік қысымды еңсерді
Қазақстанның егеменді облигациялар нарығы үшін 2025 жыл аса шұғыл әрекетті талап етпей басталды. 2024 жылғы қазанда еліміздің 10 жылдық долларлық еурооблигацияларды 1,5 млрд АҚШ долларына табысты орналастыруынан кейін, үкімет пен инвесторлар халықаралық капитал нарығына қолжетімділік сақталады және қажет болған жағдайда ол қосымша шығынсыз пайдаланылуы мүмкін деген пікірде болды. Осы ахуалға байланысты жылдың алғашқы айларында ресми түрде ішкі қарыз алу нарығына басымдық беру жария етілді – бұл, бір жағынан, валюталық тәуекелдерді төмендету, екінші жағынан – ішкі өтімділікті қолдау және жергілікті борыш нарығын дамыту тұрғысынан маңызды деп танылды.
Көктемге қарай жағдай өзгерді. Бюджеттік шығындардың артуы, экономиканың жеделдеуі және инфляциялық қысымның үдей түсуі үкіметтің маневрлік мүмкіндігін тарылта бастады. Мамыр айында қаржы вице-министрі Даурен Темірбеков алғаш рет Қазақстан 2025 жылдың жазында еурооблигациялар шығару мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл қадам 4,1 трлн теңге көлеміндегі бюджет тапшылығын өтеу үшін жоспарланған. Алайда, ол бұл мәселе бойынша риториканы өте абайлап ұстанып, облигациялардың параметрлері әлі белгіленбегенін, ал шешім тек нарықтық конъюнктураға қарай қабылданатынын атап өтті. Бұған қарамастан, ішкі қарыз көздеріне басымдық беру саясаты сақталып қалды.
Қаржы министрлігі сыртқы нарыққа шығу тек «мүмкіндік терезесі» ашылғанда ғана жүзеге асырылатынын анық жеткізді. Бұл үшін пайыздық мөлшерлемелердің серпіні, инвесторлардың тәуекелге деген ұстанымы мен АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі мұқият зерттеліп отыр. Сонымен қатар, сыртқы қарыз алу – мақсат емес, бюджет тапшылығын қаржыландырудағы бірнеше құралдың бірі ретінде ғана қарастырылады. Бұған ішкі облигациялар мен трансферттер де кіреді. Осы кезеңде нарықта Қазақстан еурооблигацияларын шынымен орналастыра ма, әлде бұл шешім кейінге қалдырыла ма деген белгісіздік сақталды.
МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ: ҚАРЫЗДЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ
Маусым айында жағдай түбегейлі өзгерді. Әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық пен бірқатар елдерде ақша-несие саясатының одан әрі қатаюына қатысты күтулер аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қарыз орналастыруды кейінге қалдырмау жөнінде шешім қабылдады. 23 маусымда 7 және 12 жыл мерзімге арналған долларлық еурооблигациялардың екі траншын шығару туралы шешім қабылданды. Бұл құнды қағаздар Лондон қор биржасында, “Астана” халықаралық биржасында және Қазақстан қор биржасында тройлық листинг арқылы орналастырылатыны жария етілді. Бастапқыда $1 млрд көлемінде эмиссия жоспарланғанымен, түпкілікті көлем $2,5 млрд болып белгіленіп, екі транш түрінде орналастырылды. Сұраныс ұсыныстан шамамен екі есе асып түсті, ал инвесторлар географиясы Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыс елдерін қамтыды.
Күзде Қаржы министрлігі екінші рет еурооблигациялар орналастырды – бұл жолы бес жылдық мерзімге және $1,5 млрд сомасында. Егер маусым айындағы орналастыру бюджет тапшылығын жабуға бағытталған қажетті шара ретінде қабылданса, қазан айындағы эмиссия жаһандық инвесторлар тарапынан Қазақстанның макроэкономикалық және бюджеттік саясатына сенімнің сақталып отырғанын растады.
2025 жыл сонымен қатар валюта мен қарыз құралдарының әртараптандырылуымен ерекшеленді. Күзде ұлттық компания “ҚазМұнайГаз” алғаш рет юаньмен облигациялар нарығына шықты. Компания dim sum облигацияларын 1,2 млрд юаньнан астам сомаға орналастырып, купондық мөлшерлемені 3%-дан төмен деңгейде бекітті. Бұл – компанияның қытай юанінде алғашқы қарыздық құралы болып табылады және ол борыштық портфельдегі валюта тәуекелін азайтуға және инвесторлар базасын кеңейтуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланды.
Жыл соңына қарай болашақ қарыз алу стратегиясының негізгі бағыттары айқындала түсті. Желтоқсанда Қаржы министрі 2026 жылдың жазында шамамен $1,5 млрд көлемінде еурооблигациялар шығарылатынын және 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында $300–400 млн көлемінде панда-облигациялар нарығына шығу жоспарланып отырғанын растады. Осылайша, 2025 жыл жылдың басындағы күту кезеңінен кейін, Қазақстанның халықаралық капитал нарығындағы белсенді әрі көлемді қатысуымен сипатталған өтпелі кезеңге айналды.
ВАЛЮТА НАРЫҒЫН РЕТТЕУ
2025 жылы Қазақстан Ұлттық банкі өтімділікті басқарудың жаңа құралын алғаш рет іске қосты. Бұл құрал жыл бойғы валюта нарығының серпінін айқындайтын негізгі тетікке айналды. Әңгіме алтынды сатып алу операцияларын «айна әдісімен» теңгеру туралы болып отыр. Бұл тетік аясында реттеуші алтын экспортынан түскен АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сатып, соның есебінен теңгедегі эмиссияны бейтараптандырады. Ұлттық банк бұл әрекетті бірден валюталық интервенция емес деп нақтылады.
Жыл басында-ақ алғашқы бағдарлар жарияланды – I тоқсанда шамамен 750 млрд теңгеге шетел валютасын сату көзделді, ал жылдық «айна операцияларының» жалпы көлемі $5,5–6 млрд шамасында болады деп бағаланды.
Осы жағдай аясында жыл басында теңге әлсіз деңгейде тұрды – қаңтардағы алғашқы сауда 1 АҚШ долларына 526 теңге шамасында жүргізілді. Бұған жоғары инфляция, 2024 жылдың соңымен салыстырғанда Ұлттық қордан валюта сатылымының азаюы және импорттаушылар тарапынан тұрақты сұраныс әсер етті. Бұл кезеңде Ұлттық банк айна әдісін кезең-кезеңмен іске асыра бастады және әр ай сайын нақты стерилизация көлемін жариялап отырды: қаңтарда 244 млрд теңге, ал I тоқсанның қорытындысы бойынша 742 млрд теңге алынып, жоспарға сәйкес орындалды.
Қыс соңында жағдай уақытша өзгерді. Ақпан мен наурыздың басында теңге айтарлықтай нығайып, 1 доллар үшін 499–505 теңге аралығында саудаланды. Ұлттық қордан трансферттер аясында Ұлттық банктің валюта сатылымдары, қатаң ақша-несие саясатының күтілуі және жаһандық нарықтағы салыстырмалы тұрақтылық ұлттық валютаның тұрақталуына ықпал етті. Бұл кезеңде нарық теңгерімді сипатта болды, ал айырбас бағамының ауытқуы – біршама қалыпты деңгейде сақталды.
Көктем мен жаздың басында ұлттық валютаға қысым қайтадан арта түсті. Мамыр айына қарай теңге бағамы 1 доллар үшін 510 теңге деңгейіне оралды. Бұл әлсіреу маусымдық импорттың өсуімен, бюджеттік қаржылардың белсенді игерілуімен және шетел валютасына деген сұраныстың артуымен байланысты болды. Осы кезеңде Ұлттық банк тікелей интервенциялардан бас тартып, еркін бағам белгілеу қағидатына бейілділігін мәлімдеді. Ол тек бұған дейін жарияланған құралдарды – трансферттер мен «айна операцияларын» пайдаланумен шектелді. Әлемдік нарықта алтын бағасының өсуіне байланысты реттеуші тарапынан түсіндіру жұмыстары күшейтілді: қаңтар–мамыр аралығында нарықтан шамамен 1,2 трлн теңге көлемінде өтімділік алынғаны, ал жыл соңына дейінгі стерилизация әлеуеті 3,3–3,6 трлн теңгеге жетуі мүмкін екені айтылды.
Ең күрделі кезең шілде айына тұспа-тұс келді. Төмен өтімділік жағдайында және нарықтағы алаңдаушылықтың артуы аясында теңге бірнеше күн ішінде бірнеше мәрте тарихи минимумдарды жаңартты: 24 шілдеде бағам 1 доллар үшін 541,93 теңгеге жетті, ал ай соңында саудада 550 теңге шамасындағы деңгейлер тіркелді. Бұл жағдай нарық тарапынан елеулі реакция мен Ұлттық банктің араласуына қатысты қоғамдық пікірталастарды туындатты. Нәтижесінде, 30 шілдеде Ұлттық банк 2025 жылы алғаш рет валюталық интервенция жүргізді, мұның себебі ретінде спекулятивтік қысым аталды. Кейін интервенция көлемі жарияланды – $125,6 млн. Осыдан кейін бағамның күрт ауытқуы тоқтап, нарық біртіндеп тұрақтала бастады.
Жылдың екінші жартысында теңге біртіндеп нығая бастады. Бұл үрдіске бірнеше фактор ықпал етті: мемлекеттік сектордың валюта сатылымы, Ұлттық банктің трансферттері мен ауқымды айна операциялары, жоғары базалық мөлшерлеме, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың теңгедегі мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылығы. Күзде реттеуші алтын бағасының қымбаттауына байланысты өтімділікті алу көлемі теңгедегі эмиссиядан қалып қойғанын мойындады және IV тоқсанда 1,4 трлн теңге баламасында валюта сату жоспарын жариялады.
Жыл соңында теңге үшін жағдай күтпеген жерден оңтайлы болды. Желтоқсанда бағам айтарлықтай төмендеп, жыл соңындағы соңғы сауда сессияларында KASE-дегі орташа өлшенген мәндер 1 доллар үшін 502–503 теңгеге дейін түсті – бұл 2025 жылдың ең мықты деңгейлерінің бірі. Жыл ішіндегі күрт әлсіреу мен жоғары құбылмалылыққа қарамастан, теңге жылды едәуір күшті деңгейде аяқтады. Ал алтын экспортынан түскен валюталық түсімді сату тетігі өтімділік теңгерімін, инфляциялық қысымды және валюта нарығындағы ахуалды айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды.




