Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда Цифрлық кодекс қабылданды

Қазақстанда Цифрлық кодекс қабылданды

|

|

Астана. 9 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды. Бұл туралы жұма күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Цифрлық кодекстің негізгі мақсаты – Қазақстанда цифрлық саланы құқықтық реттеудің біртұтас, ашық және тиімді жүйесін қалыптастыру.

Құжат алты бөлімнен, 19 тараудан тұрады және бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтиды. Атап айтқанда, цифрлық құқықтар заңнамалық деңгейде бекітілді. Олардың қатарында дербес деректерді жою, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқығы бар. Сонымен бірге цифрлық орта субъектісінің алгоритмдік жүйелерді пайдалану арқылы қабылданған шешімдерді қайта қарауды талап ету құқығы белгіленді. Биометриялық деректерді пайдалану және биометриялық аутентификацияны қолдану тәртібі де құқықтық тұрғыда реттелді. Бұл ретте биометриялық деректерді міндетті түрде өңдеу мен биометриялық аутентификация тек Қазақстан заңдарында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

Сондай-ақ кодексте цифрлық нысандардың құқықтық мәртебесі нақтыланып, бекітілді. Олардың қатарына цифрлық жазбалар, цифрлық активтер, цифрлық ресурстар, цифрлық платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым объектілері және цифрлық деректер өнімдері жатады.

Кодекстің жеке тарауы цифрлық үкімет нысандарының өмірлік циклін реттеуге арналған. Бұл цикл жоспарлау, әзірлеу, тәжірибелік пайдалану, киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынақтан өткізу, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу, дамыту, жаңғырту, архивтеу және пайдаланудан шығару кезеңдерін қамтиды.

Президент сонымен қатар «Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңға қол қойды. Аталған түзетулер жүйелі әрі нақтылаушы сипатқа ие және заңнамалық нормаларды бірізді қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл заң арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін есептеу және тоқтата тұру институттары енгізіледі. Байланыс операторларына ішкі антифрод-жүйелерді енгізу, сондай-ақ киберқауіптерді анықтау мен алдын алу және киберқауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында рұқсатсыз трафикті бұғаттау міндеті жүктеледі. Сонымен қатар авиациялық оқиғаларды тергейтін уәкілетті ұйым құру көзделген.

Мемлекет басшысы тағы бір ілеспе заңға – «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатқа қол қойды. Бұл түзетулер жұмыс берушілердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтерді енгізбеуі, уақтылы енгізбеуі немесе дұрыс емес мәлімет беруі үшін жауапкершілікті белгілейді, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

АҚШ-тың көздегені тек Иран ба?

 Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуіне Йемендегі қақтығыс тараптары арасындағы әскери іс-қимылдардың күшеюі себеп болып отыр. Әсіресе Сауд Арабиясының отын инфрақұрылымына жасалған соққылардың салдары ауыр. Алайда тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман АҚШ президенті Дональд Трамптан әскери қолдау сұрағанда, Вашингтон бұл өтінішті қабылдамады. Иранмен қақтығыста жеңіліске ұшыраған АҚШ пен Израиль енді Таяу Шығыстағы ірі ойыншыларды бір-біріне қарсы қойып, өңірлік қақтығыс туғызуға тырысып отыр. Бір жағында – Иран, екінші жағында – Парсы шығанағындағы араб монархиялары. Бұған қоса, жақында жасалған әскери келісімге байланысты Түркия мен Пәкістан да соғысқа араласады деген үміт бар.

Үстел теннисінен 2027 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Канада Украинаға арналған 90 млрд еуролық несие бағдарламасына қосылуы мүмкін

Канада Украинаға 90 млрд еуро көлемінде несие беруге арналған бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Қазір бұл мәселе Еурокомиссиямен талқыланып жатыр. Бұл туралы Еурокомиссия өкілі Балаш Уйвари мәлімдеді.

Доллар иенаға қатысты айтарлықтай нығайды

Жұма күні АҚШ доллары иенаға шаққанда айтарлықтай қымбаттап, еуро мен фунтқа қатысты аздап нығайды.