Австралиялық журналист Рич Хариди Newatlas порталында былай деп жазады: «Өсу мен өнімділік кез келген нәрсенің басты қозғаушы күші саналатын капиталистік әлемде тиімділік — ең маңызды қағидат. Неғұрлым көп іске үлгерсең, соғұрлым жақсы. Бірақ осы тиімділікке ұмтылудың өзі тым қарабайырланып кететін сәт туады. Тілдесудің құнсызданғаны соншалық — контенттің мазмұнынан гөрі, оны өндіру процесі маңыздырақ болып барады (…) Ал біздің ішкі ойларымыз LLM (тілдік нейрожелілер) нәтижелеріне ұқсай бастағанда, біз кенеттен компьютердің қаншалықты ақылды болып кеткенін аңғарамыз. «Мәссаған!» деп таңғаламыз. Бұл — Жасанды интеллектің (ЖИ) ақыры саналы болғаны ма? Бұл — сингулярлық па? Жалпыға ортақ жасанды интеллект осы жерде болуы керек! Компьютер тура мен сияқты ойлайды! Бірақ бұл — қате түсінік. Біз ЖИ-ді ерекше бір дүниеге айналдырған жоқпыз. Технология әлі де супер-интеллект деңгейіне жететіндей дамыған жоқ. Керісінше, бұл технология бізді ойсыз, механикалық бірдеңеге айналдырып жіберді. Біз үздіксіз қайталай беретін машинаның моделіне айналдық. Біз тілдесуді ұмыттық. Ақымақ болғанымыз сонша — машиналарды ақылды деп ойлаймыз».
Евразия24 пікірі:
Әлем өмірдің толықтай «ЖИ-лануынан» келетін қатерлерді түсіне бастады. Біз бұған дейін де нейрожелілердің жұмысын адам интеллектісі үшін қауіпті деп санайтын қазақстандық танымал сарапшылардың пікірлеріне түсініктеме берген болатынбыз. Мәселен, саясаттанушы Данияр Әшімбаев былай деп жазған еді: «Гаджеттер мен әлеуметтік желілердің таралуы салдарынан әлемде оқу, жазу, есептеу және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдылары жедел жоғалып барады. Жасанды «интеллектіні» енгізу адамдарды ойланудан алшақтатып, когнитивтік қабілеттердің қалдықтарын құртуда». Ал Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева GPTChat-тың жасөспірімдер үшін дос пен отбасы мүшесін алмастырып үлгергеніне және оның жиі зиянды әрі қауіпті кеңестер беретініне назар аудартқан болатын . Негізінде, Рич Харидидің де айтпағы — осы ойлар, тек басқа сөздермен жеткізілген. Қазақстанда жаппай ЖИ-лану басталмай тұрып-ақ базалық сауаттылық, дәлел келтіру дағдылары мен пікірталас мәдениетінде айқын проблемалар болғанын ескерсек, нейрожелілерді шектен тыс қолдану адамның ойлау қабілетін күшейтпейді, керісінше, оны мүлдем жойып жіберуі мүмкін. Біздің айтпағымыз — тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жасанды интеллектің дамуы «цифрлық гигиена» дағдыларының қалыптасуынан әлдеқайда озып кетті.




