Евразия24Басты бетАлғашқы Құрылтайдың тізгінін кімдер ұстады?

Алғашқы Құрылтайдың тізгінін кімдер ұстады?

|

|

Жаңа заң шығарушы органның құрылуы Президент уәде еткендей, елдің бүкіл саяси жүйесіне елеулі өзгеріс әкелді. Құрылтай басшылығының құрамына қарасақ, мұнда мемлекеттік аппаратта әбден шыңдалған тәжірибелі тұлғалар, Парламентте ұзақ жыл қызмет еткен саясаткерлер және қоғамдық сектордан, құқық қорғау, ғылым мен академиялық ортадан келген жаңа есімдер тоғысқан. Құрылтай басшылығына кімдер келгені туралы бұған дейін қысқаша жазған едік . Енді алдағы бірнеше жылда елдегі заң шығару ісіне жетекшілік ететін әр тұлғаға жеке-жеке тоқталамыз.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ

Айбек Дәдебай. «Әділет» партиясы баспасөз қызметінің фотосуреті

2026 жылғы 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде оны 145 депутаттың 144-і қолдады.

Дәдебайдың мамандығы — халықаралық құжаттану, сондай-ақ аймақтану магистрі дәрежесі бар. Еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол кейін Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне қызметке ауысып, әуелі атташе, кейін үшінші хатшы болды. 2013 жылдан бастап мемлекеттік аппаратта еңбек етті: Сенат төрағасының хатшылығында, Президент кеңсесінде және Президент Іс басқармасында түрлі қызмет атқарды. 2022 жылғы 11 қаңтарда, Қаңтар оқиғасынан кейін бірден Іс басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2024 жылғы ақпанда Президент Әкімшілігін басқаруға кірісті. Бұл қызметті 2026 жылғы 7 мамырда жаңа «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланғанға дейін атқарды. Сол жылдың маусымында Дәдебай басқаратын «Әділет» билік партиясы саналатын Amanat-ты өз құрамына қосты.

Елдегі ең ірі партияның саяси мұрасы мен қалыптасқан ұйымдық құрылымын небәрі бірнеше айдың ішінде басқа бір саясаткердің иеленуі екіталай еді. Әңгіме, әрине, саяси салмақ туралы. Мұндай жолдан кезінде Ерлан Қошанов та өткен. Ол 2022 жылғы сәуірде Президент Әкімшілігінен кеткен соң Amanat партиясының тізгінін ұстаған еді.

2026 жылғы наурызда, үлкен саясатқа бет бұрар қарсаңда Айбек Дәдебай І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл — оның мемлекеттік деңгейде алған ең жоғары марапаттарының бірі. Осы марапаттан кейін-ақ саяси ортада Дәдебай болашақ Құрылтайдың төрағасы болуы ықтимал деген әңгіме тарады.

НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ

НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ. ҚР Парламенті Сенатының фотосы

Құрылтай төрағасының үш орынбасарының бірі болып сайланды. Оның еңбек жолы Айбек Дәдебайдың қызмет жолынан да қызығырақ деуге болады. Еңбекке 1984 жылы, 20 жасында Шымкенттің орталық стадионында инженер әрі әдіскер болып араласып, арада сегіз жыл өткенде сол стадионның директоры қызметіне дейін көтерілген. Білімі де сан саланы қамтиды: инженер-құрылысшы, инженер-экономист, экономист-қаржыгер және заңгер мамандықтарын меңгерген.

1999 жылы Шымкент қалалық мәслихатына келгенге дейін бизнес пен сақтандыру саласында еңбек еткен. Кейін мәслихатта табан аудармай 19 жыл қызмет атқарды.

Құрылтайға таратылған Сенаттан келді. 2018 және 2023 жылдары Шымкенттен Сенат депутаты болып сайланған. Заңсыз активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің құрамында болды.

2026 жылғы қаңтарда Конституциялық комиссия құрамына еніп, Парламенттің жаңа үлгісін әзірлеуге белсене қатысты. Құрылтайға қандай өкілеттіктер берілуі керектігі жөніндегі пікірін де ашық білдірді. Атап айтқанда, депутаттарға министрлерді қызметтен босату мәселесіне ықпал ету мүмкіндігін беруді ұсынып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдады.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА

Дания Еспаева. GOV фото

Құрылтай төрағасының орынбасары қызметіне сайланған Дания Еспаева Парламенттегі оппозицияның негізгі, тіпті бірден-бір өкілі деуге келеді.

2019 жылы ол Қазақстан тарихында Президент сайлауына түскен алғашқы әйел атанып, 468 мыңнан астам дауыс жинады.

Дания Еспаева еңбек жолының елеулі бөлігін Ақтөбе облысының банк саласында өткізді. Осы өңірде сегіз жыл облыстық мәслихат депутаты болды. Кейінгі он жыл бойы Мәжіліс депутаты болып, 2023 жылдан бастап вице-спикер қызметін атқарды.

2019 жылы Еспаева зорлауды ауыр қылмыстар санатына жатқызып, мұндай қылмысты бірнеше рет жасағандарға химиялық кастрация қолдануды ұсынды . 2021 жылғы сәуірде коронавирусқа қарсы шектеулердің сақталуын тексерген мониторинг топтарын «кәсіпкерлерді тонайтын басқыншылар» деп атады. Ал 2022 жылы өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) әкімдіктердің шаруашылық бөлімдеріне айналып кеткенін ашық айтып, оларды таратуды талап етті.

Еспаева көтерген бастамалардың бәрі бірдей заңнан көрініс тапқан жоқ. Дегенмен оның сол кездегі өткір мәлімдемелері қоғамда біраз резонанс тудырды.

ДИНАРА ЗАКИЕВА

Динара Закиева. Сурет Динара Закиеваның әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан

Динара Зәкиева — халықаралық құқық маманы. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Бейжіңдегі Тіл және мәдениет институтында білім алып, Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Сондай-ақ Дубайдағы Hult International Business School-да MBA дәрежесін алған.

Зәкиева кәсіпкерлікпен де айналысып көрген. Астанада Rafe мейрамханалар желісін құрған ол 2007 жылы Президент Әкімшілігіне ауысып, Президент протоколында сарапшы қызметін атқарды.

2023 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалғанға дейін де балалардың құқығын қорғау саласында тәжірибе жинаған. «Қасиетті Жол» қорын құрушылардың бірі болды, екі жыл Астана әкімдігіне қарасты балалар үйін басқарды. Кейін VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Кибербуллингке қарсы күреске қатысты қоғамда кең талқыланған заңнамалық түзетулерді әзірлеуге атсалысты. 2026 жылғы қаңтарда Конституциялық комиссия құрамына енді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінде жүргенде Зәкиева 2025 жылғы шілдеде Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіруге  байланысты даулы оқиғадан кейін көпшіліктің назарында қалды . Жағдайға Президент араласқаннан кейін Зәкиева балаларды көшіру жоспары туралы көктемде-ақ хабарлағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Алматы облысының әкімдігі көшіру кезінде балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан балалар үйінің бір түлегі есінен танып, бір бала аяғын жарақаттаған. Осы оқиғадан кейін бала омбудсменінің тәрбиеленушілер мүддесін қаншалықты қорғай алғаны және жетім балалардың тағдырына нақты ықпал ету мүмкіндігі бар-жоғы жөнінде сұрақ туындады.

Дегенмен Зәкиеваның балаларға қатысты жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірқатар дерегі бойынша үнсіз қалмағанын да атап өткен жөн. Ол мұндай оқиғаларға байланысты ұдайы пікір білдіріп, мәселенің назардан тыс қалмауын қадағалап отырды.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ

Серік Егізбаев. «Ауыл» партиясының фотосуреті

Құрылтайдағы комитет төрағаларының ішінде «Әділет» партиясына кірмейтін жалғыз саясаткер — Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Серік Егізбаев. «Ауыл» партиясының өкілі еңбек жолын кеңшарда бастаған.

Оның 2000-жылдардан бергі қызмет жолы сан саланы қамтиды. 2007–2016 жылдары Президент Әкімшілігінің бөлімдерінің бірінде он жылға жуық еңбек етті. Кейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. Одан соң қызмет бағытын күрт өзгертіп, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиоканалының басшылық құрамында жұмыс істеді және Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды. 2023 жылы қазаннан 2026 жылғы маусымға дейін «Ауыл» партиясын басқарды.

Парламентте жұмыс істеген тәжірибесі бар Егізбаев фермерлерді субсидиялау тәртібінің жиі өзгеретіні үшін Ауыл шаруашылығы министрлігін өткір сынағанымен есте қалды. 2025 жылдың басында аграршылар алдындағы 296 млрд теңге берешекті өтеу үшін ақша эмиссиясын қарастыруды ұсынды. БАҚ бұл бастаманы «ақша басатын станокты іске қосу» туралы ұсыныс деп атады. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы Ресей әскери полигондары үшін төленетін жалдау ақысы мәселесін көтерді.

2025 жылы сәуірде Мәжілісте Егізбаевтың қатысуымен бір қызық жағдай болды. Ол жаңа Салық кодексін әзірлеушілерді ұзақ мақтағаны сонша, вице-премьер Серік Жұманғаринге сұрақ қоюға бөлінген уақыттан асып кетіп, микрофоны өшірілді. Мәжіліс спикерінің өтінішінен кейін микрофон қайта қосылып, депутатқа сұрағын аяқтауға мүмкіндік берілді. Сол кезде Ерлан Қошанов: «Сөзді пафоссыз бастағанда, уақыт жетер еді», — деп әзілдеді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ

Асхат Аймағамбетов. Сурет parlam.kz сайтынан

Құрылтайда Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болды. Осылайша, Мәжілісте айналысқан негізгі бағытын жаңа Парламентте де жалғастырмақ.

Мамандығы бойынша тарихшы, еңбек жолын білім беру саласынан бастаған Асхат Аймағамбетовтің мансабындағы үлкен бетбұрыс 37 жасында болды. 2019 жылы ол Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Пандемия, қашықтан оқу және білім саласындағы ауқымды өзгерістер кезеңінде министрлікті басқарды. 2022 жылы ведомство екіге бөлінгеннен кейін жаңадан құрылған Оқу-ағарту министрлігінің алғашқы басшысы болды.

VIII шақырылымдағы Мәжілісте Аймағамбетов мектептерді аудан әкімдіктерінің қарамағына беру бастамасын өткір сынға алды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингті тегін жүргізу мәселесін көтеріп, жаңа тұрғын аудандар салынғанда әлеуметтік нысандардың құрылысын да қатар жүргізуді ұсынды.

Алайда Аймағамбетов қоғам назарын тек әлеуметтік мәселелерге белсенді араласуымен ғана аударған жоқ. 2024 жылы ол Мәжілістегі әріптесі Жанарбек Әшімжановпен бірге «Масс-медиа туралы» заңға БАҚ-та ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйым салатын түзету енгізуді ұсынды . Бұл бастама бұрын-соңды болмаған қызу пікірталас туғызды. Журналистер қауымы депутаттардың ұсынысын цензура енгізу және сөз бостандығын шектеу әрекеті деп бағалады.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ

Үнзила Шапақ. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының фотосуреті

Үнзила Шапаққа Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің тізгінін сеніп тапсырудың өзіндік себебі бар. Ол — конституциялық құқық саласында мол тәжірибе жинаған маман. Жоғары оқу орнында құқықтан сабақ берген, алты жыл Конституциялық кеңестің мүшесі болған. Сондай-ақ Еуропа Кеңесінің «Құқық арқылы демократия үшін» Еуропалық комиссиясында (Венеция комиссиясы) мүшенің орынбасары қызметін атқарған.

Соңғы шақырылымдағы Мәжілістің белсенді депутаттарының бірі ретінде танылды. Депутаттық қызметінде 145 сауал жолдаған. Қоғам назарын әсіресе «Ирина Кайратовна» тобының әндеріндегі боқтық сөздерге қарсы шығуымен аударды. Сондай-ақ балалардың психикасына кері әсер етуі мүмкін деген уәжбен Қазақстанда Roblox ойын платформасына шектеу қою мәселесін көтерді.

2026 жылғы маусымда Мәжілістің жалпы отырысында Үнзила Шапақ Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сүйеніп, декреттік төлемдерді реттеудегі олқылықтардың салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) 67 млрд теңгеден астам қаржыдан айырылғанын мәлімдеді . Бұл — декреттік төлемдерге байланысты қылмыстық істерге ұласқан бұрыннан келе жатқан мәселенің жалғасы.

ОЛЬГА ПЕРЕПЕЧИНА

Ольга Перепечина. Сенат Парламентінің баспасөз қызметінің фотосы

Ольга Перепечина 2014 жылдан бері Сенат депутаты болды. Жоғарғы палатада Қаржы және бюджет комитетін басқарды, кейін Сенат төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Мамандығы — қаржыгер. Бюджет пен мемлекеттік қаржы саласын жетік білетін тәжірибелі мамандардың бірі.

Оның саяси өмірбаянында көп айтыла бермейтін тағы бір дерек бар. 2019 жылғы президент сайлауында Перепечина Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болды. Құрылтайда Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып сайлануына мұның да ықпалы болған шығар.

Дегенмен оның бұл қызметке келуін тек саяси себеппен байланыстыру біржақты болар еді. Үлкен саясатқа араласқанға дейін Перепечина ширек ғасырға жуық мемлекеттік қаржы саласында еңбек етті. Оның еңбек жолында бизнес те, министрлік қызмет те болған жоқ. Сондықтан Перепечинаны мемлекеттік қаржы жүйесінің өз ішінде қалыптасқан кәсіби қаржыгер деуге негіз бар.

Тағы бір назар аударарлық жайт — ол Қазақстан кейін бетпе-бет келген бірқатар қаржылық қатер туралы бірнеше жыл бұрын-ақ ескерткен. Мәселен, 2018–2019 жылдары мемлекеттік қарыздың өсуін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы түйткілдерді және бюджетте ашық көрсетілмеген міндеттемелерді өткір сынға алды.

«2020 жылмен салыстырғанда алдағы бес жылда мемлекеттік қарыз екі есе өседі деген болжам бар. Оның жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 2022 жылғы 31,6%-дан 2026 жылға қарай небәрі 31,3%-ға дейін төмендеп, қарыз көлемі 37 трлн теңгеге жетпек. Алайда Үкімет мұны елеулі тәуекел деп қарастырып отырған жоқ. Өйткені жүргізіліп жатқан реформа аясында елдің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында мемлекеттік қарыздың шекті көрсеткіші ЖІӨ-нің 50%-ы деңгейінде белгіленген», — деген еді Ольга Перепечина 2021 жылы.

Айтпақшы, бұрынғы сенатор, қазіргі Құрылтай депутатының сол кездегі болжамы шындықтан алыс кетпеді. 2026 жылдың ортасына қарай Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгеге дейін өсті. Яғни Перепечина бірнеше жыл бұрын атаған межеден айырмашылық көп болған жоқ.

ӘМІРБЕК ОСПАНБЕКОВ

Әмірбек Оспанбеков. ҚР Президенті Ақордасының баспасөз қызметінің фотосы

Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы болып сайланған Әмірбек Оспанбеков «Әділет» партиясынан келген басқарушы кадрлардың қатарында. Бұл командаға инфрақұрылым саласындағы ұлттық жобалардың орындалуын қатаң қадағалау міндеті жүктеліп отыр.

Оспанбеков — еңбек жолының басым бөлігін шешім қабылданатын мемлекеттік құрылымдарда өткізген тәжірибелі аппарат қызметкері. Алайда бұған дейін көпшілікке танымал саясаткер ретінде көзге түсе қойған жоқ. Заңгерлік және экономикалық білімі бар.

Еңбек жолының алғашқы жеті жылын ішкі істер органдарында өткізді. Кейін Сенатта және Президент кеңсесінде қызмет атқарды.

Оның жаңа қызметке сайлануындағы ең қызық тұс та осы: Оспанбеков бұған дейін инфрақұрылым саласында тікелей жұмыс істемеген. Көлік, индустрия немесе құрылысқа жауапты министрліктерде де, әкімдіктерде де қызмет атқармаған. Соған қарамастан өңірлік және инфрақұрылымдық даму мәселелеріне жауапты комитеттің тізгіні оған сеніп тапсырылды.

Мұндай таңдаудың астарында басқа есеп жатуы мүмкін. Бұл салада көптеген мемлекеттік органның, өңірдің, ұлттық компанияның жұмысы мен қомақты бюджет қаражатын бір арнаға тоғыстыру қажет. Сондықтан комитет басшылығына саланың техникалық қыр-сырын білетін маманнан гөрі мемлекеттік аппараттың жұмысын үйлестіре алатын тәжірибелі ұйымдастырушы қажет болған болуы ықтимал.

Осы тұрғыдан алғанда, Оспанбековке таңдау түсуіне құрылыс технологияларын білуінен бұрын мемлекеттік басқару жүйесінің күрделі тетіктерімен жұмыс істей алу қабілеті әсер еткен болуы мүмкін.

Тағы бір қызық жайт — жаңа комитет төрағасы туралы интернетте ресми қызмет жолынан өзге мәлімет жоқтың қасы. Депутаттар арасында бұрын көпшілікке таныла қоймаған жаңа есім болғандықтан, алдағы уақытта Оспанбековке назар аз түспесі анық.

МАРАТ ҚОЖАЕВ

Марат Қожаев. Орталық коммуникациялар қызметінің фотосуреті

Полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев 2019–2024 жылдары Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болды. Кейін Сенат депутаты болып, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде жұмыс істеді. Құрылтайда Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

Қожаев еңбек жолын 1984 жылы Қаскелең аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қатардағы милиционер болып бастады. Кейінгі қызметінің дені тергеу саласымен байланысты болды: өңірлерде де, ІІМ-нің орталық аппаратында да еңбек етті.

Сондықтан дипломатиялық тәжірибесі жоқ бұрынғы тергеушіге неліктен халықаралық қатынастар бағыты сеніп тапсырылды деген сұрақ туындайды. Біздіңше, Қазақстанның жаңа саяси жүйесінде Қожаев басқаратын Құрылтай комитетінде халықаралық қатынастардан гөрі қауіпсіздік бағытына басымдық берілген. Оның үстіне Құрылтайдағы дипломатиялық тәжірибесі мол негізгі тұлға — спикер Дәдебай.

Ішкі істер министрінің орынбасары кезінде Қожаев қоғамда қызу талқыланған істерге қатысты жиі түсініктеме беріп жүрді. Алайда осы кезеңде оны өзгелерден даралайтын айрықша бастамаларымен есте қалды деу қиын.

Дархан Ахмедиев

Дархан Ахмедиев. Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігіндегі тәжірибеден кейін Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы болып тағайындалуы – ең қызықты кадрлық шешімдердің бірі. Ол 2021-2024 жылдар аралығында вице-министр лауазымында цифрландыруды, есепке алуды, әскерге шақыруды және ішкі процестерді цифрлық форматқа көшіруді, әскери мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруды әрі IT-шешімдерді енгізуді жетекшілік етті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Тағы бір қызықты жайт – Дархан Ахмедиев 1990 жылы туған, яғни ол Құрылтай басшылығы құрамындағы ең жасы. Ол Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалғанда бары-жоғы 31 жаста еді. Біздіңше, бұл Қорғаныс министрінің орынбасары үшін өте жас кезең. Осылайша, арада 4 жыл өткенде ол Құрылтайға ауысып, бірден үш стратегиялық саланы – цифрландыруды, инновациялар мен ғылымды тоғыстырған комитетке жетекшілік етіп отыр.

Яғни, оның мансабын мемлекеттік қызметшінің жасы мен стажына қарай өсуінің әдеттегі жолы деп айту қиын. Дегенмен Дархан Ахмедиевтің білімі қазіргі лауазымымен дәл келеді – ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығы бойынша түлегі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Корольдік колледжде Cyber Security бағытында білім алған.

Құрылтайға келгенге дейін Ахмедиев киберқауіпсіздік маманы ретінде көпсатылы жолдан өтті: «ҰАТ» АҚ, ТЖМ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Қорғаныс министрлігі. Оның үстіне ешқандай дау-дамайсыз – сабырлы мансаптық өсу.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА

Наталья Годунова. Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Наталья Годунова Құрылтайдағы Экономикалық саясат, энергетика және өнеркәсіп комитетінің төрағасы болды. Ол көпшілікке 2018–2024 жылдары республикалық бюджеттің атқарылуын бақылаған Есеп комитетін, кейін Жоғары аудиторлық палатаны басқарған кезеңінен жақсы таныс. Қаржы тәртібіне келгенде ымыраға бара бермейтін Годунова мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалғанын талай рет ашық көрсеткен.

2022 жылы Годунова бюджетті қайтадан бір жылға жоспарлау тәртібіне көшуді ұсынды.

«Бюджетті орындау барысында тек алғашқы базалық жыл нақтыланып, түзетіледі. Одан кейінгі жылдарға тіпті үңілмейміз. Келесі кезеңнің бюджетін жоспарлаған кезде бұрын мақұлданған кейбір шығыстар жаңа бюджетке мүлде енбей қалуы мүмкін. Біздіңше, бюджетті бір жылға жоспарлау тәртібіне қайта оралу мәселесін көтеретін уақыт жетті», — деген еді ол.

Алайда бұл ұсыныс сол кезде қолдау таппады. Кейін Годунова басқарған Есеп комитеті, ал одан соң Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата бюджет қаражатын жұмсауда жүздеген миллиард теңгеге жететін елеулі заңбұзушылықтарды анықтауды жалғастырды.

Наталья Годунованы мемлекеттік аудит саласындағы өзіндік қолтаңбасы бар тұлға деуге болады. 2024 жылы ол Жоғары аудиторлық палата төрағасы қызметінен кеткенде, қоғамда Президент оны не себепті босатты деген сауал біраз уақыт талқыланды. Кейін белгілі болғандай, Годунованың өзі Қасым-Жомарт Тоқаевтан қызметтен босатуды бірнеше рет сұраған . Мұны ол өзіне «қайта серпіліс қажет болғанымен» түсіндірді.

Енді Годунова Құрылтайда экономикалық саясатпен қатар энергетика мен өнеркәсіпке жауапты комитетті басқарады. Мемлекет бұл екі салаға айрықша басымдық беріп отырғанын ескерсек, аталған комитетке заң шығару жұмысында маңызды міндет жүктелмек.

Искандер Смайылов

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

PwC: 2050 жылға дейін әлемде дата-орталықтарға жұмсалатын шығын $31,6 трлн-ға жетеді

Жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы әзірлемелерге сұраныстың артуына байланысты 2050 жылды қоса алғандағы кезеңде әлем бойынша деректерді өңдеу орталықтарына (ДӨО) жұмсалатын шығын $31,6 трлн-ға жетеді. Мұндай болжамды PricewaterhouseCoopers (PwC) ұсынып отыр.

АҚШ қор индекстерінің фьючерстері сәрсенбіде айтарлықтай өзгерген жоқ

Сәрсенбі күнгі саудада АҚШ қор индекстерінің фьючерстері аз ғана өзгеріп, әр бағытта қозғалып жатыр.

Жапония премьері өзін-өзі қорғау күштеріне дрондар мен жасанды интеллект технологияларын жедел енгізуге шақырды

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити сәрсенбі күні Өзін-өзі қорғау күштерінің қолбасшыларымен кездесуде әскерге ұшқышсыз технологиялар мен жасанды интеллектіні жоспарланған мерзімнен ертерек енгізу қажеттігін мәлімдеді.

АҚШ Энергетика министрі Венесуэлада мұнай өндіруді 50%-ға арттыруға болады деп есептейді

АҚШ Энергетика министрі Крис Райт 2026 жылғы қаңтарда айтқан болжамынан айнымағанын мәлімдеді. Оның пікірінше, Венесуэлада мұнай өндіру көлемін бір-бір жарым жылдың ішінде 50%-ға арттыруға мүмкіндік бар.