Астана. 15 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) саммиті аясында Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешу жөніндегі ұстанымын растады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі берік ұстанымын растады», – делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.
Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.
Ақорданың мәліметінше, президенттер Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогтың сәуір айында Астанаға жасаған сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына тың серпін бергенін атап өтті.
Өз кезегінде Израиль Президенті де Қазақстанға жасаған сапарын жылы ықыласпен еске алды. Оның пікірінше, Қазақстанның түрлі саладағы жетістіктері екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мол мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ицхак Герцог Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, мұны бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды үлес деп бағалады.




