Лондон. 16 қазан. ИНТЕРФАКС – Канада премьер-министрі Марк Карни Альберта провинциясының тәуелсіздік алу рәсімін бастауға қатысты алдағы референдумға пікір білдіріп, шетелдік күштер елдің тұтастығын бұзып, оны өз бақылауына алуға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Associated Press (AP) агенттігінің хабарлауынша, Карни бұл туралы бейсенбі күні Калгари қаласында Канаданың бірлігін қолдайтын азаматтар алдында сөйлеген сөзінде айтты.
«Бұл референдум өтуі мүмкін ең қолайсыз кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Әлем бұрынғыдан да қауіпті әрі жікке бөлінген күйге түсті. Шекарамыздың сыртындағы кейбір күштер елімізді бөлшектеп, өзіне бағындыруға әрекет жасап жатыр», – деді Карни.
Алайда премьер-министр Канадаға қатысты мұндай жоспарды нақты кімдер құрып отырғанын ашып айтпады.
AP агенттігінің нақтылауынша, дүйсенбіге жоспарланған референдумда Альбертаның Канададан бөлінуі туралы мәселе тікелей дауысқа салынбайды. Тұрғындар провинцияның Канада құрамында қалатынын немесе жергілікті билікке тәуелсіздік жөнінде референдум ұйымдастыру рәсімін бастауға құқық берілетінін шешуі тиіс. Агенттік Альбертада әлемдегі ең ірі мұнай қорларының бірі орналасқанын да еске салды.
Карни Альберта тұрғындарын дауыс беруге жауапкершілікпен қарап, оны федералдық үкіметке наразылық білдірудің құралына айналдырмауға шақырды.
«Канададан бас тартуды қолдап дауыс беру – қауіпті тәуекел. Мұның соңы ұзаққа созылатын алауыздық пен үлкен белгісіздікке әкеледі», – деді премьер-министр.
Альбертада өсіп-өнген Карни провинция тұрғындарының наразылығына негіз бар екенін де мойындады. Жергілікті билік Канада Либералдық партиясы басқаратын федералдық үкіметпен өкілеттіктерді бөлу және энергетика мәселелері бойынша ұзақ уақыт бойы келісе алмай келген.
Алайда өзі де Либералдық партияның мүшесі саналатын Карни Тынық мұхитына дейін мұнай құбырын салуға келісім берді. Оның айтуынша, бұл шешім Оттава мен Альберта арасындағы қарым-қатынастың өзгергенін көрсетеді. Жоба жүзеге асса, 140 мың жұмыс орны ашылып, Канаданың АҚШ-қа тәуелділігі азаяды.
Ал Альбертаның тәуелсіздігін жақтайтын ұйымның басқарма мүшесі Таня Клеменс Карни мен провинция премьері Даниэль Смит арасындағы келісімдер жергілікті халықтың ұзақ мерзімді қажеттіліктерін өтей алмайтынын мәлімдеді.
Ол тәуелсіздік қозғалысының күшеюіне COVID-19 пандемиясы кезіндегі наразылық акциялары да әсер еткенін еске салды. Сол кезеңдегі шерулер адамдарға өздігінен ұйымдасып, ортақ мақсат жолында бірігуді үйреткен.
Ұйымның тағы бір жетекшісі Кит Уилсон әлемдегі қазіргі тұрақсыздық референдум өткізуге кедергі деген Карнидің пікірін жоққа шығарды.
Сонымен бірге Клеменс Карнидің саяси күресте оңай қарсылас емес екенін мойындады. Оның айтуынша, дүйсенбі күнгі референдум Альбертаға Оттавамен келіссөз жүргізгенде қосымша қысым жасау мүмкіндігін береді.
Қазан айының басында сепаратистік бағытты ұстанатын Квебек партиясы провинцияның Ұлттық жиналысына өткен сайлауда жеңіске жетті. Алайда 28% дауыс жинаған партия 127 орындық парламентте абсолютті көпшілікке ие бола алмады.
Квебек партиясы провинцияның мемлекеттік тәуелсіздігін қолдайды. Сепаратистер АҚШ президенті Дональд Трамп 2029 жылы қызметінен кетіп, экономикалық жағдай тұрақталғаннан кейін Канададан бөліну туралы референдум өткізуді уәде етіп отыр.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, мұндай референдум өткізу идеясын Квебек тұрғындарының небәрі 30%-ы қолдайды.




