Лондон. 17 қазан. ИНТЕРФАКС – Осы аптада Ормуз бұғазы мен оған жақын теңіз аймақтарында сауда кемелеріне кемінде 12 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, шабуылдардың оны Ормуз бұғазында, біреуі Парсы шығанағында, тағы біреуі Оман шығанағында болған.
Шабуылға ұшыраған кемелердің алтауы сапарын жалғастырған немесе баратын портына жеткен. Бір кеме жоғалған, ал тағы екеуі қатты зақымданып, өздігінен жүру немесе басқарылу мүмкіндігінен айырылған. Қалған үш оқиға бойынша кемелердің қаншалықты зақымданғаны және шабуылдың салдары әлі анықталмаған.
UKMTO өкілдері шабуылдардың нақты санын анықтау қиынға соғып отырғанын атап өтті. Өйткені шабуылға ұшыраған кемелердің көпшілігінің экипажы болған оқиға туралы хабарлаудан бас тартады. Ал өзге дереккөздерден келіп түскен мәліметтерді әрдайым растау мүмкін емес.
Басқарманың есебіне сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы екі бағытта қатынайтын кемелердің жалпы саны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 70%-ға азайған. Сонымен қатар UKMTO АҚШ Әскери-теңіз күштерінің көмегімен бұғаздан өткен кемелердің саны туралы мәліметтерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Сенбіге қараған түні араб ақпарат құралдары Иран Ислам революциясы сақшылар корпусына (ИРСК) сілтеме жасап, Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан ірі мұнай танкері минаға соғылып, жарылыс болғанын хабарлады. Соның салдарынан кемеде күшті өрт шыққан.
Иран тарапының мәлімдеуінше, танкер Иранмен келісілмеген бағытпен жүзіп бара жатқан. Кеме бортында 2 миллион баррельден астам мұнай болған.
Әзірге бұл оқиға туралы ақпаратты өзге дереккөздер растаған жоқ.




