АҚШ пен Израиль тарапынан Иранға бағытталған шабуылдардың басталғанына 25 күн болды. Осы уақыт ішінде Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы мен қолбасшылары қастандықпен өлтіріліп, мектептегі 165 жазықсыз бала мерт болды. Әскери нысандармен қатар ауруханалар, мектептер, стадиондар мен тұрғын үйлер де зымыран соққылары мен бомбалаудың астында қалды. Алайда, осындай қысымға қарамастан, Иран ішкі ауызбіршілігін сақтап, қорғаныс және шабуылдау әлеуетін жоғалтқан жоқ. Қазіргі жағдай Ислам Республикасының мемлекеттік құрылымы мен ұстанған бағытының бірнеше маңызды қырын айқындап берді.
Біріншіден, Иран – қуатты мемлекет. Ол тұрақты саяси жүйеге ие. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан бұл жүйе сыртқы қысым мен экономикалық санкцияларға қарамастан өз тиімділігін сақтап келеді, оның әлсіреу немесе ыдырау белгілері байқалмайды, ал Иран халқы оған қолдау білдіруін жалғастыруда. Сонымен қатар, Иран агрессия жағдайында бір мезгілде бірнеше бағыттағы сын-қатерлерді басқару және бірнеше майданда әрекет ету қабілетін көрсетті. Қажет болған жағдайда, ол жаһандық экономикалық үдерістерге ықпал ете алатынын және өңірдегі жетекші ойыншылардың бірі ретінде өз орнын сақтап отырғанын дәлелдеді.
Екіншіден, бұл қақтығыс Иран Ислам Республикасының стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді. Айтарлықтай әскери әлеуетіне, оның ішінде зымыран және ұшқышсыз технологияларға, сондай-ақ бірегей геосаяси орнына қарамастан, Иран бұл мүмкіндіктерді аумақтық экспансия құралы ретінде пайдаланған емес. Бұл Вашингтон мен Тель-Авив тарапынан тұрақты түрде айтылып жүрген айыптауларға қайшы келеді. Тегеран әрдайым өңірлік қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыру және шиеленісті диалог арқылы төмендету қажеттігін атап келеді. Президент Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аракчи бірнеше рет мәлімдегендей, Иран үстемдікке ұмтылмайды, керісінше «қуатты өңір» қалыптастыруды мақсат етеді. Иран өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамаларды, соның ішінде «Зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы әлем» және «Ормуз бейбітшілік бастамасын» ұсынған болатын. Алайда бұл ұсыныстар Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі тарапынан қолдау таппады.
Аталған бастамалардың екеуі де өңірден шетелдік әскери базаларды, соның ішінде АҚШ базаларын кезең-кезеңімен шығаруды және жағалау маңындағы мемлекеттердің тікелей басқаруымен ұжымдық қауіпсіздіктің кешенді әрі жергілікті тетігін құруды қарастырды.
Иранның бейбітшіл ұстанымының мысалын Трамп әкімшілігінің ядролық келісімнен (Іс-қимылдың бірлескен кешенді жоспары — ІБКЖ) біржақты шығуына және елге бір триллион доллардан астам зиян келтірген көптеген санкциялардың енгізілуіне берген жауабынан көруге болады. Ауқымды шектеулер мен ауыр экономикалық салдарларға қарамастан, Иран әлемдік энергетика нарығындағы дағдарыстың жедел ушығуына әкеп соқтыратын қадамдардан тартынды. Бұл тәсіл шиеленісті басқару және дағдарыстардың өршуіне жол бермеу Иранның сыртқы саяси есептерінде маңызды орын алатынын көрсетеді.
Парсы шығанағындағы соңғы оқиғалар қазіргі тұрақсыздықтың бір бөлігі жалғасып жатқан геосаяси бәсекелестікке және сыртқы ойыншылардың қатысуына байланысты екенін айғақтайды. Өңір елдері арасында ортақ, келісілген және жергілікті қауіпсіздік тетігі болмаған жағдайда, дағдарыстардың күшеюі мен шиеленістің артуына жағдай жасалады. Бұл жағдай қауіпсіздікке қатысты тәсілдерді қайта қарау және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін бұрынғыдан да айқын көрсетеді.
Қорытындылай келе, аталған оқиғалардан шығатын негізгі тұжырымдардың бірі – Иранның сыртқы саясаттағы ұстамдылығы әлсіздіктің белгісі емес, керісінше тұрақтылықты сақтауға және дағдарыстың ұлғаюына жол бермеуге бағытталған саналы стратегиялық таңдау болып табылады. Бұл жайтты ескермеу болашақта елеулі шығындарға әкелетін қателіктердің қайталануына себеп болуы мүмкін.




