Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі — халық үшін маңызды өзгерістер, екіншісі — билік үшін басым мәнге ие түзетулер. Оларды техникалық тұрғыдан жеке-жеке қабылдау мүмкін болмағандықтан, барлық өзгерістер бір пакет аясында ұсынылып отыр. Өзгерістер биліктің мүддесін де, қоғамның негізгі күтілімдерін де белгілі бір деңгейде қамтып отыр.
Бірпалаталы немесе екіпалаталы парламент мәселесі қарапайым азамат үшін өмірлік маңызы бар тақырыптардың қатарына жатпайды. Бұл, ең алдымен, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырып отырған саяси топтарға қажет шешім. Себебі өңірлерде ықпалы мықты «Ескі Қазақстан» өкілдерінің Сенат арқылы орталық билікке ықпал ету мүмкіндігін шектеу көзделіп отыр. Сенат болмаған жағдайда жоғарғы билік үшін ықтимал саяси қауіп көздерінің бірі де жойылады.
Ал орыс тілі мәселесі Қазақстандағы миллиондаған азамат үшін шын мәнінде маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қолданыстағы тұжырымдардың сақталуының өзі оң қадам деуге болады. Оның үстіне, Конституция референдум арқылы қабылданғаннан кейін оған өзгерістер енгізу әлдеқайда күрделене түседі. Бұл да тілдік және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ықпал ететін маңызды фактор.
Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесі мен діннің конституциялық деңгейде нақты ажыратылуы маңызды институционалдық қадам болып табылады. Бұл норма білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипатын құқықтық тұрғыдан бекітіп қана қоймай, мемлекет үшін ғылымға негізделген білім беру моделінің басымдығын айқын көрсетеді. Қазіргі қоғамдық жағдайда, діни көзқарастардың кейбір ғылыми тұжырымдарға қарсы қойыла бастауы аясында, мұндай айқындық білім беру саясатының тұрақтылығы үшін қажет.
Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығы бар консультативтік орган құру бастамасы қоғамдық қатысудың қосымша тетігін қалыптастыруға бағытталған. Құрылтайдың партиялық тізімдер арқылы жасақталуы оның қоғамдық мүдделердің толық әртүрлілігін қамту мүмкіндігін объективті түрде шектейді. Осы тұрғыдан алғанда, Халық кеңесі сияқты құрылымдар кәсіподақтар мен өзге де жаппай мүшелігі бар қоғамдық ұйымдарға өз ұсыныстарын институционалдық арна арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тетік өкілді демократияны толықтыратын қосымша байланыс арнасы ретінде қарастырылуы мүмкін.
Вице-президент лауазымын енгізу жоғарғы биліктің мүддесіне және билік транзитінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысының күнделікті атқарушы басқарудың техникалық мәселелеріне — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ірі инфрақұрылымдық жобалар немесе ақша-кредит саясатының жекелеген қырларына — терең араласуға бейілді еместігі байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, вице-президент институты басқару жүктемесін қайта бөлуге және әлеуетті саяси сабақтастықты біртіндеп қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы сайлауларға дейін бұл тұлғаның ішкі және сыртқы саяси кеңістікте танылуы билік ауысымының барынша тұрақты әрі болжамды өтуіне жағдай жасай алады.
Вице-президент институтының енгізілуі өздігінен жоғарғы билік транзиті мәселесін толық шешпейді. Бұл жерде ең маңыздысы — аталған тұлғаның беделіне, заңдық тазалығына және ықтимал осал тұстарына қатысты тәуекелдердің барынша төмен болуы; яғни қысым жасауға себеп болатын даулы жайттардың мүмкіндігінше болмауы. Осындай жағдайда ғана оған сырттан ықпал ету мүмкіндігі едәуір азаяды. Демек, Мемлекет басшысы үшін бұл — жай тағайындау емес, мұқият ойластырылған әрі стратегиялық мәні жоғары кадрлық таңдау.
Цифрлық кеңістікте азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған конституциялық норма екі жаққа да тиімді шешім ретінде көрінеді. Қарапайым азамат үшін ең өзекті мәселе — жеке деректердің алаяқтық құрылымдардың қолына түспеуі болса, билік өкілдері үшін бұл норманың мәні құпия ақпараттың әртүрлі офшорлық немесе бейресми арналар арқылы жария болып кету қаупін азайтумен байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, билік өз мүддесін қорғаумен қатар, қарапайым адамдардың күнделікті қауіпсіздігі бар екенін де ескеріп отырғаны оң белгі деуге болады.
Бұл ретте биліктің Құрылтайдың партиялық тізімдер арқылы жасақталуына байланысты оның жалпыұлттық мүдделерді толық қамти алмайтынын іштей мойындайтыны аңғарылады. Соған қарамастан, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты үзбей, Халық кеңесі арқылы белгілі бір кері байланыс арнасын сақтап қалуға тырысуда. Мұндай тәсіл жүйенің кемшіліктерін толық жоймаса да, оларды белгілі бір деңгейде жұмсартуға бағытталған.
Жалпы алғанда, қолда бар жағдайда мүмкін болған ең нашар сценарий емес. Әсіресе білім беру жүйесінің ұзақ жылдар бойғы әлсіреуі мен соған тікелей байланысты мемлекеттік аппараттағы кадр сапасының төмендеуін ескерсек, ұсынылып отырған модель жүйенің толық деградациясына жол бермеуге бағытталған өтпелі шешім ретінде бағалануы мүмкін.




