Евразия24Басты бетЖасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Президент Жолдауы не дейді?

Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Президент Жолдауы не дейді?

|

|

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауы ел күткен маңызды құжат болды – бұл үміт ақталды. Жолдау елдің болашағы үшін аса маңызды мәнге ие. Ол билік, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің әлеуетін технологияларды пайдалану арқылы нақты нәтижелерге жетуге жұмылдыруды көздейді.

Алдыңғы Жолдаулардың талдауы көрсеткендей, 2019–2021 жылдар аралығындағы құжаттар билік транзитінен кейін ел ішіндегі жағдайды тұрақтандыру мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыруға бағытталды. 2022 жылғы Жолдау – «Жаңа Қазақстан» бағытына бет бұрған саяси қайта жүктеу кезеңі болды. Ал 2023–2024 жылдардағы Жолдаулардың мазмұны – терең реформалар мен ауқымды институционалдық өзгерістерді іске асыруға арналды. 2025 жылғы Жолдауда даму драйвері ретінде цифрлық трансформация (ЦТ) мен жасанды интеллектіні (ЖИ) кеңінен енгізу айқындалды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев цифрлық трансформация (ЦТ) мен жасанды интеллект (ЖИ) мәселелерін алдыңғы Жолдауларында да көтерген болатын, алайда ол кезде бұл бағыттар жекелеген міндеттер ретінде қарастырылды. Ал соңғы Жолдауда бұл тақырыптар негізгі өзекке айналып, тұтас ел дамуының идеологиясын айқындайтын басты бағыт ретінде ұсынылды. Меніңше, бұл — мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялаудағы сапалы серпіліс.

Жолдауда Президент елдің болашағына қатысты өз көзқарасын ұсынады. Бұл жолғы негізгі ұстаным – «халықты тыңдау» емес, керісінше, технологиялық серпіліс арқылы «халықты болашаққа бастау» идеясы. Герберт Уэллстің сөзімен айтсақ: «Алға қарамаған – артта қалады!».

Ел дамуын тежеп отырған жүйелік түйіткілдер

Мемлекет басшысы еліміздің даму қарқынын тежеп тұрған басты мәселелерді нақты атады:

Экономика саласындағы түйткілдер:

•Шикізаттық тәуелділіктің сақталуы – инвестициялар негізінен шикізат секторына бағытталып отыр. Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы әртараптандыру бағыты жүргізілгенімен, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 12,4%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш салыстырмалы даму деңгейіндегі елдерден айтарлықтай төмен (мысалы, Ресейде – 15%, Беларусьта – 20%).

•Контейнерлік тасымал үлесінің төмендігі – жалпы тасымалдағы үлесі 7%-ды ғана құрайды, бұл әлемдік деңгейден екі еседен астам төмен (әлемде орташа – 16%).

•Жоғары инфляция деңгейі – бұл фактор экономикалық өсімді және халық табысын «жеп қояды», әрі Ұлттық банктің тұрақты нысаналы көрсеткіштерінен жоғары күйде қалып отыр.

•Бизнеске мемлекеттік қолдаудың жүйесіздігі және тиімді еместігі – қазіргі қолдау шараларының нәтижелілігі төмен немесе мүлде байқалмайды.

Әлеуметтік саладағы өзекті проблемалар:

•Ішкі көші-қонды реттеудің жеткіліксіздігі – халықтың бақылаусыз түрде елорда мен ірі мегаполистерге жаппай қоныс аударуы қалалық инфрақұрылымға шамадан тыс жүктеме түсіреді, оның тозуына алып келеді және еңбек нарығында, соның ішінде ауылдық жерлерде дисбаланс тудырады.

•100-ден астам жеңілдіктің бар болуы – бұл иждивенчествоны (тәуелділік көңіл-күйін) ынталандырып, еңбекке қатысы жоқ табыс түрлерінің, соның ішінде алаяқтықтың дамуына жағдай жасап отыр. Соңғы уақытта онлайн-алаяқтық қаржылық қауіпсіздікке төнген басты қатерге айналып, киберқылмыстың өсуіне ықпал ететін күнделікті құбылысқа айналды.

•Маман даярлау жүйесі еңбек нарығындағы жылдам өзгеріп жатқан сұранысқа толық сай емес. Соның салдарынан мыңдаған жоғары оқу орны түлектері мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал бос орындарды шетелдік мамандар иеленуде.

Жолдауда көтерілген негізгі міндеттерді тиімді іске асыру үшін не істеу керек, қандай шараларды қабылдау қажет?

Президент Жолдауында қойылған мақсаттар – жүйелі әрі нақты жоспармен жұмыс істелген жағдайда – толықтай қол жетімді. Бұл үшін бірнеше маңызды бағыттар бойынша дұрыс басымдықтарды айқындау қажет:

Біріншіден, жоспарлардың орындалуын тек сандық көрсеткіштермен шектемеу керек. Ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасына нақты әсер ететін нәтижелерге қол жеткізу. Яғни, индикаторлар тек есеп үшін емес, реалды өмірді жақсарту құралына айналуы тиіс.

Екіншіден, Министрліктер мен әкімдіктер өз саласы мен аймақ ерекшеліктерін ескере отырып, нақты мерзімдер мен ресурстарға байланған, өлшенетін тапсырмалары бар жол карталарын дайындауы қажет. Бұл – жалпылама уәделерден жүйелі жұмысқа көшуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, жағдайдың өзгеруіне қарай тез шешім қабылдап, бағытты түзете алу – табыс кепілі. Сондықтан үнемі мониторинг жасап, кері байланысқа сүйене отырып, курсты қажетіне қарай икемдеп отыратын механизмдер болуы керек.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы қоғам алдындағы есептілік пен ашықтықтың маңызын нақты атап өтті. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы онлайн-платформаларда тұрақты түрде жарияланып отыруы тиіс. Бұл қоғам үшін қандай тапсырмалардың орындалғанын, қайсысы кешеуілдеп жатқанын көруге мүмкіндік береді. Осылайша, билік пен халық арасындағы сенім нығайып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. 

Алайда бұл жолда белгілі бір тәуекелдердің бар екендігін де ескермеуге болмайды. Кейбір тапсырмалар, әсіресе микроэлектроникада толыққанды кластерлер құру, қазақ тіліндегі отандық бағдарламалық қамтамасыз етуді дамыту, киберқауіпсіздікті арттыру сияқты мақсаттар ауқымды инвестиция мен ұзақ уақытты қажет етеді. Мұндай жағдайларда ресурстарды тиімді шоғырландыра алмасақ, олар бытыраңқы түрде жұмсалып, нәтижесінде нақты тиімділікке қол жеткізілмеуі мүмкін. Сондықтан күш-жігер мен қаржыны шынайы жүзеге асатын, әлеуеті жоғары салаларға бағыттап, нақты нәтижеге қол жеткізуге басымдық берген жөн.

Қауіп төндіретін тағы бір фактор – бюрократиялық кедергілер, шенеуніктер аппаратындағы бойкүйездік пен салғырттық. Жиі кездесетін жағдай – тапсырмалардың орындалуын тек қағаз жүзінде тіркеп, олардың мазмұны мен мәнін жоғалтып алу. Мұндай формализм жүйелі өзгерістерге кедергі келтіреді. Тағы бір маңызды мәселе – кадр тапшылығы. Егер білім беру реформасы мен жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған көші-қон саясаты жедел жүзеге аспаса, технологиялық серпіліс кадр тапшылығына тіреліп, тежелуі мүмкін. Бұл жағдайда халықпен жұмыс жүргізу ерекше маңызды. Президенттің бастамалары әрбір азаматқа нақты әрі түсінікті болуы үшін арнайы коммуникациялық стратегия қажет. Бұл стратегия қарапайым және қолжетімді тілде түсіндіруді көздеуі тиіс. Күрделі ұғымдар мен терминдер өмірлік мысалдар арқылы ашық әрі нанымды жеткізілуі қажет. Мәселен, «ауылды цифрландыру» дегеніміз – балаңыз үшін жылдам интернет, ата-әжелеріңіз үшін телемедицина деген сөз.

Сонымен қатар, жетістікке жеткен мысалдарды кеңінен насихаттау қажет. Жаңа салаларда нақты нәтижеге қол жеткізген жергілікті кәсіпкерлер мен жаңашылдардың табысты тәжірибелерін кеңінен таратып, халыққа үлгі ету маңызды. Бұдан бөлек, халықпен тікелей диалогтан қорықпау керек. Әкімдердің тұрғындармен онлайн-кездесулерін ұйымдастыру үшін цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланып, Президент жолдауынан нақты ауыл, аудан, қала немесе облыс үшін қандай нақты пайда келетінін ашық әрі нақты түсіндіру қажет. Сондай-ақ, мектеп пен жоғары оқу орындарында ұлттық мақсаттарды түсіндіретін және жастардың сол мақсаттарға қалай үлес қоса алатынын көрсететін арнайы курстар енгізу де маңызды болып отыр.

2025 жылғы Жолдау қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерді дөп басып, батыл шешімдер ұсынады. Алайда сол шешімдер тиісті деңгейде жүзеге аспаса, бұл халықтың үмітінің ақталмауына, үдерістерге деген сенімсіздіктің күшеюіне алып келуі мүмкін. Заң үстемдігін түбегейлі нығайтпай, барлық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтпей және мемлекеттік басқару сапасын арттырмай, ұсынылған бастамалардың қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар. Мұндай жағдайда бюрократия күшейіп, халықтың болашаққа сенімі әлсіреуі мүмкін.

Алдыңғы реформалардағы басты қателіктерді мынадай аспектілер бойынша атауға болады:

•Бастамалардың «жоғарыдан» түсуі, яғни реформа «төменнен» сұраныс туғызбай басталады. Соның салдарынан олар кең ауқымды, бүкілхалықтық іске айнала алмайды;

•Институционалдық әлсіздік, өйткені реформалар көбіне заңдарды өзгерту мен жаңа мемлекеттік органдар құруға бағытталады, бірақ шынайы институттарды – яғни қоғамдағы «ойын ережелерін» – өзгертпейді;

•Ресурстық байлықтың әсері, яғни табиғи байлыққа негізделген табыс экономикасының басым дамуы, бұл өз кезегінде өңдеуші, өндірістік емес секторлардың өсуін тежеді;

•Нақты нәтиже орнына имитация, яғни мемлекеттік аппарат нақты тиімділікке емес, көбіне процеске және бюджет қаржысын игеруге жұмыс істейді.

Жолдаудың басты мәні неде?

Талдау нәтижелері қоғамда ең үлкен қызығушылық пен пікірталас тудырған төрт мәселені анық көрсетті:

1.Саяси реформа – атап айтқанда, Парламенттің бір палаталы жүйеге өту туралы ұсынысы;

2.Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ЖИЦДМ) құрылуы;

3.Бас прокуратура жанындағы Заңсыз алынған активтерді қайтару комитетінің Инвесторларды қорғау комитеті болып қайта аталу ұсынысы;

4.Әлеуметтік масылдықтың түрлі формалары мен көріністеріне сын көзбен қарау.

Бірінші. Саяси реформа туралы

Қазақстанда қос палаталы парламенттің болуы туралы мәселе соңғы бірнеше онжылдықта жиі көтеріліп келеді. Алайда қазіргі жағдайда бұл тақырыптың өзектілігіне күмән бар деп санаймын. 2022 жылы қабылданған конституциялық реформа қос палаталы құрылымды сақтап қалды, жалпы алғанда Парламенттің өкілетін арттыруға бағытталды және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатын көздеді. Бұл өзгерістердің ішінде бір палатаны жою жайы қарастырылған жоқ. Оның үстіне, Мәжілістегі бірде-бір саяси партия өз бағдарламасында бір палаталы жүйеге көшуді басты мақсат етіп ұсынбаған.

Бүгінде екі палаталы парламенті бар унитарлы елдер жеткілікті – Франция, Ұлыбритания, Испания, Жапония, Польша сынды мемлекеттер ОЭСР-ге мүше бола отырып, осы жүйемен жұмыс істейді. Сонымен бірге бір палаталы парламенті бар, бірақ табысты дамып келе жатқан унитарлы елдер де бар – Жаңа Зеландия, Швеция, Дания, Түркия.

Қоғамдағы пікірлерді саралай келе, бұл тақырыптың жақтастары да, қарсы көзқарастағылары да бар екенін байқаймыз. Бір палаталы жүйені қолдаушылардың айтуынша, бұл заң қабылдау үдерісін жылдамдатып, артық бюрократия мен шығынды қысқартады және елдің унитарлы табиғатына сай келеді. Ал қарсы тараптың пікірінше, мұндай өзгеріс заңның сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін (Сенат әдетте заңдарды қайта қарап, жетілдіретін орган ретінде жұмыс істейтін), аймақтардың өкілдігі әлсірейді, билік тым шоғырланып кетуі мүмкін және құқықтық тұрғыдан тұрақсыздық туындауы ықтимал.

Осыған байланысты келесі сұрақ туындайды: үздіксіз саяси реформалар маңызды ма, әлде жедел әлеуметтік-экономикалық даму ма? Менің ойымша, бұл сұраққа жауап айқын — саяси өзгерістердің негізі ретінде тұрақты экономика алдыңғы орында тұруы тиіс. Қазіргі уақытта ауқымды конституциялық реформа инвестициялық ахуал мен жалпы экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған орай, қазіргі жағдайларда басты назар әлеуметтік-экономикалық салаға аударылуы қажет деп есептеймін. Жоғары деңгейде сақталып отырған инфляция барлық ресурстарды осы бағытқа жұмылдыруды талап етеді. Ал экономикалық мәселелерді табысты шешу кез келген саяси өзгерістер үшін берік негіз болып, олардың қоғам алдындағы заңдылығын нығайтады.

Бірпалаталы жүйеге көшу – бұл өте күрделі құқықтық үдеріс. Оны дайындау үшін уақытпен қатар, сыртқы геосаяси тұрақсыздық қаупі жоқ ең жоғары деңгейдегі тұрақтылық қажет. Сенатты тарату – еліміздегі өңірлер мүддесін конституциялық тұрғыда қорғап отырған жалғыз институттан бас тарту деген сөз. Бұл өңірлердің ұлттық деңгейдегі дауысын әлсіретуі мүмкін.

Сенаттың негізгі міндеті – саяси емес, сараптамалық және өкілетті палата ретінде өңірлердің мүддесін қорғау. Осы себепті онда фракциялар құруға тыйым салынған, бұл партиялық тәртіп пен қысымнан арылуға мүмкіндік береді. Бұл құрылым өңірлік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған, сондықтан оның қызметі – тек саяси процестің бөлігі емес, ел ішіндегі этносаралық және азаматтық келісімді қамтамасыз ететін институт ретінде ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады.

Екі палаталы парламент – бұл тек дәстүрге немесе жаһандық тәжірибеге еліктеу емес, әрі артықшылық емес. Бұл – мемлекеттің өміршеңдігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін нақты тетік. Ол еліміздің басты ерекшеліктеріне негізделген: аумақтың ауқымдылығы, өңірлердің даму деңгейіндегі айырмашылық, этнодемографиялық құрылым, президенттік басқару формасы және жетекші партияның үстемдігі.

Стратегиялық тұрғыдан алғанда, қазіргі жағдайда негізгі назарды экономиканы нығайтуға бағыттау орынды деп санаймын. Осы арқылы жоғарыда аталған мәселелерді шешіп, бір мезгілде бірпалаталы парламент үлгісіне қатысты терең сараптаманы жалғастыру қажет. Бұл келешекте осы реформаны жан-жақты пысықталған, мінсіз дайындалған жобамен, қоғам үшін тұрақты әрі қолайлы кезеңде жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, болашақта сынға ұшырамау үшін, қоғам ішінде кеңінен қолдау тапқан ортақ мәмілеге қол жеткізу аса маңызды.

Екінші. ЖИЦАДМ құру туралы

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – бұл жаһандық заманауи технологиялық үрдістерге сәйкес жасалған маңызды қадам. Алайда, бұл шешім бірқатар сұрақтарды да тудырады. Ең алдымен, мына мәселені нақтылау қажет: жасанды интеллект – бұл экономиканың жеке саласы ма, әлде ол мемлекеттік басқару жүйесіне табиғи түрде кіріге ала ма? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын.

Бір жағынан алғанда, жасанды интеллект – бұл құрал, яғни үлкен көлемдегі деректерді өңдеп, талдауға, күнделікті қызметтерді автоматтандыруға, логистикалық және көлік ағындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін технологиялар мен алгоритмдер жиынтығы. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ – тек бір ғана министрлікпен шектеліп қалмай, барлық салада көмекші құрал ретінде кеңінен қолданылуы тиіс.

Шартты түрде айтсақ, ЖИ – бұл электр қуаты немесе интернет секілді, яғни барлығына қажет ресурс. Сондықтан біз «электр министрлігін» немесе «интернет министрлігін» құрмаймыз. Сол сияқты, дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінде жасанды интеллектті бір салаға жатқыза отырып, оны жеке құрылым етіп қарастыру күрделі. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесі әдетте салалық қағидат бойынша құрылады.

Екінші жағынан, жасанды интеллект – жай ғана технология емес, ол экономиканың барлық секторларына енетін салалық акселератор, яғни жеделдетуші күш. Сондықтан да оны денсаулық сақтау, көлік, логистика сияқты стратегиялық сала деп қарастыруға болады. Бірақ бұл жерде ЖИ басқа ведомстволардың міндетін өзіне алуы тиіс дегенді білдірмейді. Оның негізгі мақсаты – құзыреттілік орталығы болу, стандарттар әзірлеу, заңнамалық бастамалар көтеру және жасанды интеллектті барлық салаға енгізу үдерісін үйлестіру.

Осы тұрғыда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін (МИИЦР) құрудың орынды екендігі байқалады, себебі бұл қадам ЖИ-ді мемлекеттік басқару жүйесіне тиімді енгізу үдерісін реттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, төмендегі мәселелерді үнемі бақылауда ұстау қажет:

• Үш жыл ішінде барлық шығындарды ескере отырып толық цифрлық трансформацияны (ЦТ) жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін емес. Мысалы, Эстония әлемдегі ең цифрлық мемлекетті қалыптастыру үшін 20 жыл уақыт жұмсады. Сингапур 2014 жылы «Smart Nation» стратегиясын іске қосып, оны әлі күнге дейін жалғастыруда. Басқа елдерде бұл үдеріс 10 жылдан астам уақытты қажет еткен;

• Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс, ең алдымен дайындық деңгейі жоғары, негізгі салаларға басымдық беру қажет;

• Жасанды интеллектті енгізу жаппай сипатта болмауы тиіс, оның орнына нақты әрі басым бағыттарға шоғырланған жөн;

• Қолда бар ресурстарды ең жоғары әрі жедел нәтижеге қол жеткізуге болатын бағыттарға шоғырландыру қажет;

• Жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді, соның ішінде статистикалық мәліметтерді өңдейді. Алайда бұл деректер шынайы болмауы мүмкін, өйткені кейде көрсеткіштерді жақсарту мақсатында бұрмаланып беріледі. Мұндай жағдайда ЖИ жалған ұсыныстар беруі ықтимал, бірақ ол үшін ешқандай жауапкершілік жүктелмейді. Сондықтан да, егер Статистика бюросы тәуелсіз құрылымға айналмаса, нақты әрі сенімді статистика қалыптаспайынша, жақсы нәтижеге қол жеткізу қиын.

Көрсетілген шарттарсыз цифрлық трансформация (ЦТ) мен жасанды интеллект (ЖИ) тек ізгі ниеттен туған бастамалар ретінде қалып қоюы мүмкін, ал олардың жүзеге асырылуы күткен серпінді нәтиже бермейді.

Сонымен қатар, ескеру қажет маңызды жайт — ЖИ дамуының қарқыны мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс жылдамдығынан бірнеше есе жоғары. Осыған байланысты бюрократиялық үдерістердің күшеюіне жол бермеу аса маңызды. Бұл тек классикалық әкімшілік рәсімдер ғана емес, сонымен қатар қабылданатын шешімдер, оның ішінде тиімсіз немесе сәтсіз шешімдер үшін жауапкершілікті ЖИ-ге ысырып қою сияқты тәуекелдерді де білдіреді.

Осындай теріс тәжірибелердің алдын алу — жаңадан құрылатын министрліктің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.

Үшінші. Комитетті қайта атау мәселесі жөнінде

Инвесторлармен, сондай-ақ заңсыз жолмен иеленген активтердің бұрынғы және қазіргі иелерімен жұмыс жүргізу саясаты — ауқымды әрі прагматикалық стратегияның бір бөлігі. Президент Жолдауындағы негізгі ой – жасанды интеллект дәуірінде экономиканы жаңғырту үшін ірі инвестиция тарту.

Сондықтан бұған дейін елден шығарылған 850 млрд теңгенің қайтарылуы мен шамамен 1,2 трлн теңгені қайтару мәселесін қарау процесі — тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында ғана емес, сонымен қатар елді дамыту үшін қосымша бастапқы капитал ретінде қарастырылуға тиіс.

Алайда, бір маңызды жайтты ескеру керек — қазірдің өзінде қайтарылған активтердің көлемі мен қайтаруға ұсынылған активтер көлемі арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл қайтару тетіктерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру қажет екенін көрсетеді.

Меніңше, жылдар бойы нәтижесіз сот процестерін жүргізгеннен гөрі, қаражаттың бір бөлігін қайтарып алып, оны ел игілігіне бағыттаған әлдеқайда тиімді. Осы тұрғыда комитетті қайта атау арқылы парадигманы «жазалау» тәсілінен «ынталандыру» бағытына өзгерту ұсынылып отыр. Басқаша айтқанда, мемлекет жазалаушы рөлінен серіктес әрі инвесторлардың қорғаушысы рөліне көшіп, инвестициялық ахуалды жақсартуға ниетті. Ал инвестициялық ахуал жақсармайынша, экономиканы жаңғырту мүмкін емес.

Осылайша, Мемлекет басшысы барлық шетел асқан қаражатты толық көлемде қайтару – заңдық және іс жүзінде орындалуы қиын міндет екенін жанама түрде мойындайды. Сонымен қатар, жекеменшік құқықтары Конституциямен қорғалған, ал халықаралық құқықтық тетіктер күрделі әрі орасан ресурстарды қажет етеді. Мұндай қатаң тәсілдер түптеп келгенде елден капиталдың жаппай кетуіне және Қазақстанның халықаралық қауымдастықтан оқшаулануына алып келуі мүмкін. Сондықтан да мемлекет ұстанып отырған прагматикалық саясаттың қисыны түсінікті: идеологиялық қарсыластықтың орнына нақты мақсат қойылып отыр — қандай да бір тәсілмен, оның ішінде «қатаң талап пен ынталандыруды» ұштастыра отырып, капиталды ел экономикасының игілігіне жұмыс істету.

Бұл – мемлекеттің жеңілісі емес, керісінше, күштік қысым көрсету әдістерінің тиімділігі сарқылғанын мойындау және стратегияны қайта қарауға негіз болатын фактор. Қаражаттарын қайтарған инвесторлар оларды қайтадан шетелге әкетпейтініне кепіл жоқ. Бұл – Мемлекет басшысы ұсынған стратегияның басты тәуекелі. Аталған тәуекелге қарсы тұрудың жалғыз жолы – кепілдіктер емес, Қазақстан ішінде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасап, капиталды ел ішінде ұстаудың экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді болуын қамтамасыз ету.

Осы мақсатқа жету жолында Жолдаудың басым бөлігі бағытталған: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Alatau City жобасы, салық реформалары, инвесторлардың құқықтарын қорғау. Негізгі идея – Қазақстанды капитал үшін «түрмеге» емес, «инкубаторға» айналдыру. Бұл мәселеде мемлекет интеграция мен кооптация стратегиясына бет бұрып отыр. Сонымен бірге, «ескі» инвесторларға қатысты ынталандыру саясаты жаңа жемқорлық пен активтерді шетелге шығару әрекеттеріне қатысты бұрын-соңды болмаған қатаңдықпен ұштасуы тиіс. Осыған байланысты, Бас прокуратура жанындағы комитеттің атауын нақтылай түсіп, оны «Инвесторлардың құқықтарын қорғау және заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет» деп атау орынды болар еді?

Төртіншіден. Әлеуметтік масылдыққа қатысты сын

Қазіргі таңда халық әртүрлі жеңілдіктер жайлы айтылған мәлімдемелерге ерекше назар аударып отыр. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақстан азаматтарына бүгін ұрандар емес, нақты іс-әрекет қажет: сапалы жолдар, қолжетімді медицина мен білім, ашық әрі адал экономика, инфляцияның төмендеуі, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен лайықты еңбекақы.

Сондықтан әлеуметтік масылдықты тікелей сынау кейбір азаматтардың тарапынан ауыр қабылданды. Алайда бұл саладағы мемлекеттік шығынның артып келе жатқаны – шындық. Мысалы, елорда бюджетінде әлеуметтік шығындардың үлесі 60%-ға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш көші-қон, инфляция, өңірлердегі табыс деңгейінің төмендігі сияқты объективті факторлармен тығыз байланысты.

Сонымен қатар, кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар ресми статистиканы шектен тыс өз мүддесіне қарай пайдаланып келеді. Мысалы, «толық емес отбасыларға берілетін жеңілдіктер ажырасу санының өсуіне әкелді» деген тұжырым нақты деректермен расталмайды және шындыққа толық сәйкес келе бермейді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан орта деңгейдегі елдер қатарында және 2010 жылдан бері ажырасу коэффициенті тұрақты түрде төмендеп келеді – әр 1000 адамға шаққанда 2,0 шамасында.

Одан бөлек, әлеуметтік қолдаудың қысқаруы, егер оған балама шешімдер ұсынылмаса, кедейліктің артуына алып келуі мүмкін. Қазіргі статистикаға сәйкес елімізде шамамен бір миллион адам кедейлік шегінен төмен өмір сүруде. 2024 жылы кедейлік деңгейі жалпы ел бойынша 8%-ды құраса, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 15-20%-ға дейін жеткен. Мұндай жағдайда әлеуметтік масылдықпен күрес, әсіресе цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу аясында, кері әсер беріп, жағдайды одан әрі ушықтыруы, кедейлік деңгейін бірнеше есе арттырып, халықтың наразылығын күшейтуі әбден мүмкін.

Осылайша, егер Қазақстан өзін әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде көрсетуді жалғастырғысы келсе, жүргізілетін реформа барынша сақтықпен, ең алдымен жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беруі тиіс. Көмек пен жәрдемақыны жаппай және негізсіз қысқарту – жол беруге болмайтын қадам. Реформалардың әлеуметтік салдарына көз жұма қарау – мүлде орынсыз.

Қорытындылай келе айтарым, 2025 жылғы Жолдаудың табыстылығы қабылданған заңмен немесе іске қосылған қосымшалармен емес, қарапайым қазақстандықтың өмір сүру сапасы қаншалықты жақсарғанымен және бизнесті жүргізуге арналған ортаның қаншалықты өзгергенімен өлшенетін болады. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект – бұл экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар тиімді басқарудың құралы. Оларды дұрыс және стратегиялық тұрғыда пайдалану Қазақстан үшін бәсекелестік артықшылықтың нақты факторына айнала алады. Дегенмен, мұндай үдерістерді жүзеге асыруда ықтимал қауіп-қатерлерді де назардан тыс қалдырмау қажет.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Еділ Мамытбеков

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Вучич Ресейдің Сербияға газ жеткізу жөніндегі ұсыныстарына көңілі толмайтынын білдірді

РИМ. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Сербия президенті Александр Вучич...

Тоқаев елордалық Ботаникалық бақта ағаш отырғызу акциясына қатысты

АСТАНА. 11 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев...

Пхеньяндағы шеруде алыс қашықтыққа арналған жаңа зымыран көрсетілді

Гонконг. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда...

Газа секторындағы топтар анклавты басқаруға шетелдің араласуына қарсы

Мадрид. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Палестинаның ХАМАС, «Палестина ислам...