Аналитик Олжас Байділдинов хабарлауынша, Алматыда «Болашақ энергиясы» жастар форумы өтті. Шараға осы саладағы 200-ден астам сарапшы, студенттер, 11-сынып оқушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Форум басшысы – жастар кеңесінің мүшесі, Impact Team 2050 өкілі Диана Гамазова. Іс-шараға «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Ұлттық ядролық зерттеу университеті МИФИ қолдау көрсетті. МИФИ студенттеріне арнаған сөзінде былай деді: «Сіздер мамандық таңдауда жолы болғыш жастардың қатарына жатасыздар. Өйткені елімізде уран қоры жеткілікті, ал 2035 жылдан кейін салынып бітетін атом электр станциялары кем дегенде 60 жыл жұмыс істейді. Бұл – сіздерге маман ретінде 2100 жылға дейін тұрақты жұмыс табылатындығын білдіреді». Форумда қызықты пікірталас өрбіді, залдан да белсенді сұрақтар қойылды. Сондай-ақ Қазақстанда Орталық Азияның 50 студентіне арналған алғашқы Халықаралық ядролық эко-лагерь өтетіні жарияланды. Диана Гамазова еліміздегі алғашқы атом электр станциясына «Достық–Дружба» атауын беруді ұсынды. Оның айтуынша, бұл атау Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік пен достықтың жарқын символына айналар еді. «Менің ойымша, Қазақстан үшін алдағы үш атом электр станциясын салуда тауарлар мен қызметтердің жоғары деңгейдегі отандық үлесін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге өз тәжірибемізді ескере отырып, Орталық Азия үшін білікті мамандар даярлау ісінде күш біріктіру аса маңызды. Өйткені ірі атом электр станциясы мен шағын АЭС-тер алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанда да салынбақ»,- деді аналитик.
Евразия24 пікірі:
Атом энергетикасын таңдаған жастар үшін кәсіби ортадағы беделді мамандардың қолдауы – ең үлкен ынталандыру. Бейбіт атомды дамыту мен оның әлеуетін ашу – қазіргі әлемдік «жасыл энергетикаға» көшу жағдайында ерекше маңызды әрі күрделі міндет. Атом электр станциялары – ұзақмерзімді инфрақұрылым, онда бірнеше буын мамандары еңбек ете алады. Сондықтан Балқаштағы АЭС құрылысына қатысты шешім қабылданып, «Росатом» нақты іске кіріспеген кезеңнің өзінде кадр даярлауды бастау – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Ал болашақ атомшылардың түрлі пікірталас алаңдарында бас қосып, ой бөлісуі мен теориялық дайындықтарын жетілдіруі – ертеңгі күні АЭС пайдалануға берілгенде практикалық жұмысқа тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Себебі ең құнды ресурс – тәжірибе.