“Соседи. Центральная Азия” телеграм-арнасының хабарлауынша: Димаш Құдайбергеннің музыкалық жобасы Қазақстанның төрт қаласында түсіріледі.
Қыркүйек айында Қазақстанда халықаралық деңгейдегі Қытай–Қазақстан бірлескен жаңа музыкалық жобасының түсірілім жұмыстары басталады. Бұл жобада Димаш Құдайберген атқарушы продюсер ретінде қатысады. Әлемнің әр түкпірінен келген вокалистер Димаштың отанына арнайы келіп, музыкалық шоуға қатысып қана қоймай, еліміздің ең көркем өңірлерін аралап шығады. Dimashnews.com сайтының хабарлауынша, түсірілім жұмыстары 8 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін Түркістан, Алматы, Ақтау және Астана қалаларында өтеді. Жоба әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетілетін болады. Миллиондаған көрермен Қазақстан табиғатының көркемдігімен және түрлі елдерден келген жаңа вокалистердің өнерімен танысады.
“Шамамен он жыл бұрын менің Hunan TV телеарнасындағы жолым “Singer” шоуынан басталған еді. Бүгінде мен бұл арнаға жаңа рөлде – халықаралық шоудың авторы ретінде қайта оралып отырмын. Бұл – мәдени ынтымақтастық пен музыканың жаңа кезеңі. Аталған жоба әлем халықтарын біріктіретін бастама болмақ», – деп бөлісті Димаш Құдайберген.
Евразия24 пікірі:
Спорт, мәдениет пен өнер – адамдарды біріктіретін қуатты құрал. Әлемге әйгілі тұлғалардың гастролі, концерт, көрме, Олимпиада ойындары мен футбол матчтары – көрермен үшін қызықты, ұйымдастырушылар үшін табысты, ал қабылдаушы ел үшін бедел мен танымалдық әкелетін маңызды оқиғалар. Жуырда ғана Астана мен Алматы қалаларында америкалық поп-әнші Дженнифер Лопес мыңдаған көрермен жиналған концерт өткізді. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер келді. Шара барысында ел экономикасына бірнеше миллиард теңге көлемінде оң әсер тиді. Эстрада жұлдызының өнерінен кейін халықаралық аренада жарқ еткен тағы бір жаңалық – алматылық “Қайрат” футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуы болды. Бұл дегеніміз, бірқатар ойындар Алматыдағы стадионда өтеді және олар әлемнің әр түкпірінен футбол жанкүйерлерін жинайды деген сөз. Әлем жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген Димаш Құдайбергеннің жарқын таланты кез келген шет мемлекеттің игілігі болар еді. Алайда, ол өз Отаны – Қазақстанда шығармашылық жобаларын дамыту жолын таңдады. Бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі ғана емес, сонымен қатар еліміздің халықаралық беделін арттыруға қосқан зор үлес.