Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан баспасөз қызметі хабарлайды: Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Жандармерия және жағалау күзеті академиясының салтанатты бітіру рәсімі өтті. Түлектер қатарында – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының тоғыз жас офицері бар. Шараға Түркия Республикасы Президентінің қатысуы бұл оқиғаның маңызын арттыра түсті. Рәсім барысында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Академияны тәмамдаған түлектерге, оның ішінде Қазақстан Ұлттық ұланының лейтенанты Асхат Сұлтанахметке диплом тапсырды. Бұл сәт Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сенім мен берік серіктестік қатынастардың айқын көрінісі болды. Түрік тарапының ресми шақыруымен салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Ансаған Балтабеков бастаған құқықтық тәртіп әскері делегациясы қатысты. Сапар барысында қазақстандық делегация Жандармерия және Жағалау күзеті академиясының оқу жүйесімен және заманауи әскери білім беру әдістемелерімен танысты. Бұдан бөлек, делегация Жандармерияның Логистика командованиесінде, арнайы мақсаттағы бөлімшенің (JÖAK) оқу орталығында, сондай-ақ Байланыс, электрондық және ақпараттық жүйелерді басқару орталығында болды. Жұмыс сапары аясындағы маңызды шаралардың бірі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жандармерия Бас қолбасшысы, армия генералы Али Чардакчымен ресми кездесуі болды. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Түркия Республикасына жасаған сапары әскери білім беру және кадрлар даярлау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды кезеңге айналды. Бұл сапар тараптар арасында тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен жедел бөлімдердің командирлерін даярлау бағытында өзара ықпалдастықты тереңдетуге ықпал етті. Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркияның Жандармерия және Жағалау күзеті академиясында Қазақстаннан 33 әскери қызметші білім алуда.
Евразия24 пікірі:
Түркияның Жандармерия және Жағалау күзеті академиясы әлемдік рейтинг бойынша азаматтық жоғары оқу орындарының ең беделді университеттерінің қатарына кірмегенімен, жетекші әскери оқу орны боп саналады. Қазақстанның күштік құрылымдары екіжақты мемлекеттік келісімдер аясында бұл академияға болашағынан үміт күттіретін әскери қызметкерлерді тұрақты түрде оқуға жібереді. Академия шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы қауіпсіздік, дағдарыстық жағдайларды басқару және терроризмге қарсы күрес бағыттарында құнды тәжірибе береді. Айта кететін тағы бір маңызды жайт, Түркияның Жандармерия және Жағалау күзеті академиясында қазақстандық курсанттар меңгеріп жатқан заманауи білім мен дағдылар елдегі әскери оқу орындарындағы дайындыққа ұқсамайды. Сондықтан бұл академияда білім алу – Қазақстанның күштік құрылым өкілдері үшін қосымша кәсіби құзыреттер мен біліктілікті арттырудың тиімді жолы болып табылады.