ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлайды: «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің делегациясы Голан биіктіктеріндегі БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері (БҰҰББК) миссиясының ауданына инспекциялық сапармен барды. Сапарға ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев жетекшілік етті. Сапар барысында миссия басшылығымен кездесу өтіп, тараптар БҰҰББК мандатын іске асыру мәселелерін, өңірдегі ахуалды және қазақстандық контингенттің функционалдық міндеттерін талқылады. Миссия басшысы және БҰҰББК қолбасшысы генерал-майор Анита Асма қазақстандық бітімгерлердің кәсібилігін, тәртібін және іс-қимылдарының үйлесімділігін жоғары бағалап, қойылған міндеттерді сапалы орындағандары үшін алғыс білдірді. Қазақстандық ұлттық контингент жедел әрекет ету бөлімшесінің функцияларын атқарып, мобильді күзет жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ ден қою топтарының әзірлігін, медициналық эвакуация мен инженерлік-саперлік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бақылау бекеттерінде қызмет атқару міндетін орындайды. Миссияға қатыса бастағаннан бері қазақстандық контингент 675 тапсырманы орындады. Оның ішінде 500-ден астам күзет шаралары, жаттығу іс-шаралары, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, колонналарды бастап жүру және уақытша бақылау бекеттерін орнату жұмыстары бар. Қазіргі уақытта Голан биіктіктерінде 139 қазақстандық бітімгер қызмет атқаруда».
Евразия24 пікірі:
Қазақстан түрлі миссияларға қатысатын жалпы саны 158 сарбазымен әлемдегі 115 қатысушы мемлекеттің ішінде 53-орында тұр. БҰҰ миссиялары аясында ең көп бітімгерлік күштер Непал, Руанда, Бангладеш және Үндістаннан жіберілген, бұл елдердің әрқайсысынан бірнеше мың әскери қызметші қатысады. Бітімгерлер саны жағынан Қазақстан әзірге көшбасшы елдердің қатарына кірмесе де, халқының саны 20,5 млн адамды құрайтын мемлекет үшін бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Атап өтерлік жайт, Голан биіктіктеріндегі миссия – Қазақстанның басқа мемлекеттердің батальондарына қосылмай, БҰҰ аясында дербес жұмыс істейтін алғашқы толыққанды ұлттық контингенті. Сонымен қатар, біздің әскери қызметшілер тек статистикалық көрсеткіш үшін ғана емес, шиеленіс аймақтарында нақты міндеттерді белсенді түрде атқарып келеді. Бұл, әрине, ел Қарулы Күштерінің халықаралық мәртебесін арттыра түседі. Бұған дейін Қазақстан бітімгерлік миссияларға шағын бақылаушылар тобы мен офицерлер құрамын ғана жіберіп келсе, қазіргі таңда арнайы дайындықтан өткен және толық жарақтандырылған бітімгерлік персонал елімізді БҰҰ бітімгершілік жүйесінің толыққанды мүшесі ретіндегі мәртебесіне жақындата түсті.




