Алдыңғы колонка президенттің халыққа Жолдауын жариялауына санаулы сағаттар қалғанда жарық көрді. Ол «ақпараттық бомба» ретінде таралған оқиғаға арналд. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта «Гүлнара «Хабардың» орнына» немесе «Бажкенова – назарда» деген атаумен міндетті түрде қайта ораламыз. Ал енді негізгі мәселеге – Жолдауға тоқталайық. Онда айтылған бастамалар мен міндеттердің маңыздылығына қарай сараласақ: ең алдымен — мына жайт ерекше назар аудартады, одан кейін — мынасы, әрі қарай — төмендегісі…
Әлбетте, басты назар бірпалаталы Парламент мәселесіне емес. Бұл – маңыздылығы жағынан келесі орында тұрған, алғашқы тармақтан туындайтын бастама. Ең өзектісі – Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттілігі жөніндегі мәлімдемесі. Президент сондай-ақ Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында Қазақстанның халықаралық ахуалға қатысты көзқарасын және БҰҰ-ны жаңғырту жөніндегі ұсыныстарын таныстыратынын мәлім етті. Бұл үндеу сессия барысында айтылды (не болмаса қыркүйекте жарияланады). Бұған дейін, 1 қыркүйек күні өткен «ШОС+» саммитінде Президент дәл осы реформалар жөніндегі ұстанымын алдын ала білдірген болатын.
Айта кетерлігі, БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысын сайлауға бір жылдан астам уақыт қалды. Ендеше, Қазақстан Президенті мінберден реформалар туралы бастама көтерсе, оны Бас хатшылыққа үміткердің сайлауалды бағдарламасы деуге бола ма?
Мұнда да мәселе айқын: егер әлемдік ықпал үшін жауап беретін АҚШ–Қытай–Ресей үштігі өзара әрекеттестіктің қақтығыссыз форматын таба алса, Қазақстан Президентінің кандидатурасы ең лайықты әрі баламасыз нұсқа ретінде қарастырылары сөзсіз. Бұл – еліміздің дербес халықаралық беделіне де, түрлі геосаяси бірлестіктерге мүше болуына да, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби жолы мен жеке дипломатиялық тәжірибесіне де байланысты. Біз жаһандық соғыс емес, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықты қалаймыз, солай емес пе? Сол себепті артық сақтық жасап, аңғалдық танытып, күтпеген шешім болады деп үміттене берудің еш негізі жоқ. Керісінше, ел ішіндегі жауапты саяси күштер ашық түрде өз ұстанымын білдіріп: «Біз Мемлекет басшысын БҰҰ Бас хатшысы лауазымынан көргіміз келеді» деп мәлімдегені дұрыс болар еді.
Осы ретте Жолдаудағы келесі маңызды мәселе – Парламент реформасына арналған референдумға дайындық. Яғни, ұсыныстар әзірлеу мен оларды талқылау жұмысын жылдамдату қажет – БҰҰ тарапынан болатын тосын жаңалыққа дейін бәрі дайын болу керек.
Дегенмен, мәселе тек мерзімде де, не Сенатты таратуда да емес. Барлығы әлдеқайда терең әрі маңызды. Негізгі мәселе – президенттің өзі бастама көтеріп, Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы референдум арқылы бекітілген президенттік өкілеттіктің шектелуі. Бұл – еліміздің саяси жүйесі үшін мүлде жаңа құбылыс. Бұл өзгеріс жүйенің бүкіл негізін қайта қарауды талап етеді. Бұған дейінгі жеке билік шексіз ұзарып, формалды сайлау арқылы рәсімделіп отырды.
Осындай жағдайда президенттік транзит те, шын мәнінде, тек бұрынғы Елбасының еркімен ғана жүзеге асты деу — шындыққа жанаспайды. Мұны Қаңтар оқиғасы да дәлелдеді. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымындағы бастапқы, баламасыз әрі ұзақ мерзімді билігін Кремль бекіткен Компартияның бірінші хатшысы ретінде-ақ иеленген болатын.
Бүгінгі таңда Президентке қарасты орталық және өңірлік билік құрылымдары еліміздің ішкі заңдық тәртібімен бекітілген. Сондықтан алдағы уақытта мемлекет басшылығына тек шынайы, салмақты үміткерлерді ұсынуға және солардың арасынан ең лайықтысын таңдауға негіз болатын сенімді ішкі саяси тірек қалыптастыру — аса маңызды міндет. Бұл ретте, бәсекелі сайлау процесі ел ішіндегі тұрақтылықты шайқамай, кланаралық немесе олигархиялық текетіреске айналмай, керісінше, ұлттық бірлікті нығайтудың тетігіне айналуға тиіс.
Мұндай саяси тірек тек Парламент арқылы және кандидаттарды парламенттік партиялар ұсынатын рәсім негізінде қалыптасуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұл партиялар формалды сипаттағы құрылым емес, Әкімшілік тарапынан жасанды жолмен құрастырылған ұйым емес, нақты сайлаушылардың мүддесін білдіретін және Парламенттегі жиынтық бейнесі арқылы халықтың — биліктің бірден-бір заңды көзі ретіндегі — еркін білдіретін институтқа айналуға тиіс. Бұл өз кезегінде партиялық жүйені құруға мүлде басқа көзқарасты талап етеді.
Сондықтан БҰҰ Бас хатшысының сайлауы қалай өтетіні де, келесі Қазақстан Президентін 2027 жылы ма, әлде 2029 жылы ма сайлайтынымыз да маңызды емес. Ел үшін тағдыршешті бұл саяси сынаққа біз барынша тез дайындалуымыз қажет. Билік қоғамға парламенттік реформаның өз көзқарасын ұсынуға, ал біз – қоғам – өз нұсқамызды айтуға тиіспіз. Ең дұрысы – осы екі ұстаным бір «жол картасына» тоғысып, оны іске асыру жұмыстары дер кезінде басталса игі.
Енді Жолдаудағы үшінші маңызды бағытқа тоқталсақ. Оны өздеріңізде аңғарған боларсыздар. Жоқ, бұл – цифрландыру немесе жасанды интеллект емес. Бұл – инфляция да, үш жаңа АЭС салу немесе көмірге негізделген экологиялық электр станцияларын іске қосу да емес. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау, су тапшылығын шешу, шетелдік инвестиция тарту, аграрлық секторды түбегейлі дамыту сияқты маңызды міндеттердің ешқайсысы да емес. Әңгіме – банк туралы заңда. Себебі айқын: Президенттің барлық жаңа бастамалары мен Жолдаудан Жолдауға жалғасып келе жатқан міндеттердің орындалуы елде ұлттық кредит пен ұлттық инвестиция жүйесінің жоқтығына тіреліп тұр.
Ал ол да Ұлттық банктің «арқасында» мүлде жоқ. Бұл туралы «Eurasia-24» бірнеше рет, қайта-қайта, жүйелі түрде айтып келеді және әлі де бұл мәселеге назар аударып отыр.
Міне, Президент көтеретін кез келген бастаманың түптеп келгенде қаржылық мәселелерге тірелетініне айқын мысал.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі… атауының өзінде бір ирония бардай сезіледі: жасанды интеллектті неге қолданамыз – шикізатқа тәуелді экономикаға ма?
Алайда цифрландырудың негізі – өзіміздің әрі арзан электр энергиясы, ал түпкі нәтижесі – цифрлық валютаға көшу. Екеуі де аса өзекті мәселе. Себебі энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын сыртқы қарыздар мен тарифтердің өсуі есебінен жаңғырту – ел үшін қауіпті қадам. Оның үстіне, өткен қыста РАО «ЕЭС»-тен жабылатын тапшылық өз генерациямыздың 10–12%-ына жеткен болатын. Демек, қуат көздерін арттыру барынша жедел жүргізілуі тиіс. Бұл үшін ауқымды, тарифке байланыссыз ішкі инфрақұрылымдық инвестициялар қажет, мысалы, мынадай.
Енді цифрлық теңгеге тоқталсақ – бұл өте маңызды тақырып. Мұндай ақша қай субъектіден қайсысына өтсе де, әрдайым бақылауда болады және оны нақты белгіленген инвестициялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда ол дәстүрлі банк активтерінен ерекшеленеді. Жолдауда бұл жайында дипломатиялық түрде айтылды: «Бүгінде Қазақстанда банктік активтер мен капиталдың табыстылығы дамыған елдердегі көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Бұл жағдай отандық банктер үшін экономиканы несиелеуге қарағанда төмен тәуекелді құралдарға қаржы салу тиімді болып отырғанымен түсіндіріледі».
«Төмен тәуекелді құралдар» деп сипаттау бұл жағдайда тым жеңіл. Шын мәнінде, мұндай қаржы құралдары тәуекелге мүлде бармайды және нақты экономикаға қатысы жоқ. Екінші деңгейлі банктердің бұл санаттағы инвестициялары толықтай сенімді әрі дамыған елдердегіден бірнеше есе табысты болып отыр. Себебі аталған құралдар – Ұлттық банктің қарыздық міндеттемелері. Қазақстан жағдайында Ұлттық банк дәстүрлі түрде экономиканы несиелейтін институт емес, керісінше банктерден қарыз алушы рөлін атқарып отыр. Реттеуші орган өз міндеттемелерін толық көлемде өтейді, ол үшін айналымға қосымша ақша шығарады. Бұл қаражаттың табыстылығы да жоғары, себебі ол Ұлттық банктің өзі белгілеген базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейінен туындайды.
31 шілдедегі мәліметке сәйкес, Ұлттық банк депозиттік аукциондар арқылы 5 трлн 895 млрд теңге тартты, оған қоса 500 млрд теңге көлемінде қарыздық ноталар орналастырды. Жалпы көлемі шамамен 6,4 трлн теңгеге жеткен бұл қаражаттың табыстылығын 15–16 пайыз деңгейінде есептегенде, коммерциялық банктер үшін қаншалықты ірі көлемде қосымша пайда қалыптасып отырғанын және соның нәтижесінде нақты экономикаға қандай ауқымды инфляциялық қысым түсіп жатқанын бағамдауға болады.
Инфрақұрылымдық инвестициялар үшін аса қажет цифрлық теңге іс жүзінде нарыққа қосымша ақша ағынын әкеледі. Егер ол жаңа тауарлар мен қызметтердің өндірісін арттырмаса, инфляцияны күшейтетін қосымша факторға айналады.
Жалпы алғанда, баға тұрақтылығына жауапты орган ретінде қарастырылатын Ұлттық банк шын мәнінде инфляцияның жоғары деңгейінің негізгі қозғаушы күші болып отыр.
Бұл мәселеге қатысты Жолдаудан мынадай дәйексөз келтіруге болады:
«Бүгінгі ең үлкен мәселе – жоғары инфляция. Ол экономикалық өсімнің де, халық табысының да нәтижесін жоққа шығарып отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бұл бағытта бір команда ретінде жұмыс істеуі қажет. Олардың алдына қойылған міндет – бүкіл ел үшін маңызды мәселе. Қазір күш сынасатын уақыт емес.»
Мәселенің нақты шешімі мынадай: Ұлттық банкті Үкімет құрамындағы толыққанды топ мүшесіне айналдыру қажет. Валюталық және ақша-несие саясатын жүргізу – бұл қарапайым атқарушы функция. Дәл солай, ол әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына енгізіліп, ақша айналымын қамтамасыз ету арқылы ортақ міндеттің орындалуына жауап беруге тиіс. Осылайша, мәселе түбегейлі шешіледі.
Қазіргі «тәуелсіз» мәртебеге ие, ешкімге іс жүзінде бағынбайтын әрі ешқандай жауапкершілік көтермейтін Ұлттық банктің бұл жағдайы – сырттан таңылған басқару тетігі. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету деген желеумен бүркемеленгенімен, іс жүзінде ол тұрақтылықты құрбан етіп, шетелдік мұнай өндірушілер мен сол шикізат экспортына инвестиция салған шетелдік инвесторлардың мүддесіне жұмыс істейді.
Сондықтан жаңа банк заңын ең алдымен Ұлттық банк туралы түбегейлі жаңа заңнан бастау қажет. Президенттің сөзін мұқият тыңдайық – сонда бәрі дұрыс болады!