ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған КазТАГ агенттігі мынадай мәлімет таратты: «Еңбек нарығындағы сұраныс негізгі бес салада шоғырланған, олар барлық бос жұмыс орындарының 66,4%-ын құрайды. Салалық бөліністе білім беру саласы дәстүрлі түрде көш бастап тұр – 33 мыңнан астам хабарландыру (жалпы санның шамамен үштен бірі). Одан кейін өзге де қызмет түрлері – 11,4 мың (11,1%) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету – 9,7 мың (9,5%) салалары келеді. Сондай-ақ мемлекеттік басқару (7 мың) және өңдеу өнеркәсібінде (6,9 мың) кадрларға деген қажеттілік жоғары», — делінген бейсенбі күні жарияланған хабарламада.
Сұраныстың тең жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарына тиесілі – 48,9 мың хабарландыру (47,6%). Ең көп сұранысқа ие мамандардың қатарында: мейірбикелер мен мейірбандар (1,9 мың бос орын); санитарлар мен жүргізушілер (әрқайсысы 1,8 мыңнан); математика мұғалімдері (1,7 мың). 2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында 102,7 мың бос жұмыс орны және 162,4 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл жұмыс іздеушілер санының ұсыныстардан асып түскенін білдіреді: орта есеппен бір орынға 1,58 үміткерден келеді. Бос жұмыс орындарының 80%-дан астамы білікті мамандарға арналған.
Еуразия24 пікірі:
Ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында не ІТ-мамандарының, не қаржы технологиялары саласының өкілдерінің, не жоғары технологиялық сала қызметкерлерінің жоқ болуы бізге оғаш көрінді. Бұл елімізде жарияланған ЖИ-ландыру мен цифрландыруға қарамастан, Қазақстандағы жұмыспен қамту құрылымы әлі де әлеуметтік бағытын өзгертпегенін білдіре ме? Мүмкін. Бірақ мемлекеттік электронды еңбек биржасында «цифрлық» бос орындар мен ұсыныстардың болмауының себебі басқада болуы ықтимал: бұл — ІТ-мамандары жұмыс іздейтін немесе жұмыс берушілер оларды іздейтін орын емес. Ал орта медициналық және педагогикалық персоналға деген жоғары сұранысқа келсек, бұл біздіңше — жаңа мектептер мен ауруханалар салынып жатқан кезеңде осындай мамандарды даярлау ісінің кенжелеп қалғанының айқын дәлелі. Сондай-ақ, ұсыныстан гөрі сұраныстың басым болуын қисынды түрде түсіндіруге болады: жұмыс іздеушілердің басым бөлігі жұмысқа орналасу кезінде қойылатын сапалық талаптарға сай келмейді. Бұл, өз кезегінде, білім беру және қайта даярлау жүйесіне қатысты үлкен сұрақтар туғызады.




