Евразия24СаясатМінез-құлықты қадағалау – қаржылық реттеудің жаңа кезеңі

Мінез-құлықты қадағалау – қаржылық реттеудің жаңа кезеңі

|

|

Zakon.kz сайты жаңа банк заңына қатысты Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның пікірін келтіреді. Оның айтуынша, банк секторын реттеуде жаңа тәсіл – мінез-құлықты қадағалау енгізілмек. Бұған дейін реттеуші органның басты міндеті банктердің қаржылық тұрақтылығын бақылау, яғни капиталдың жеткіліктілігі, өтімділік және тәуекелдерді басқару болса, енді тұтынушымен өзара әрекеттесу тәртібіне де бақылау күшейтіледі. Мінез-құлықты қадағалау тұтынушымен байланыстың бүкіл кезеңін қамтиды: жарнамадан бастап қызмет көрсету сапасына, клиенттің деректерін қорғауға дейін. Мәселен, банк өнімдерінің жарнамасы нақты болуы тиіс, ондағы мәліметтер шындыққа жанасуы, артық пайда уәде етпеуі және тәуекелдер жасырылмауы қажет. Келісімшарттар да ашық әрі түсінікті болуы шарт. Онда ұсақ қаріппен жазылған тармақтар, жасырын комиссиялар немесе екіұшты тұжырымдар болмауы керек. Жаңа талаптар банктердің клиентке деген жауапкершілігін арттырып, қаржылық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Клиенттердің жиі көтеретін мәселелерінің бірі – қосымша қызметтердің мәжбүрлі түрде ұсынылуы. Мысалы, несиеге сақтандыру немесе басқа өнімдер автоматты түрде қосылады. Жаңа заң бойынша мұндай тәжірибеге тыйым салынады: енді тұтынушы кез келген қосымша қызметтен айыппұлсыз, несиеден бас тарту қаупінсіз, шарт талаптарының нашарлауынсыз бас тарта алады. Мінез-құлықты бақылау мәселесіне қатысты пікірталас та аз болған жоқ. Әсіресе қаржы алаяқтығының алдын алу тетіктері кеңінен сөз болды. Дегенмен, бұл салада барлық шешімді бір мезетте іске асыру мүмкін емес, өйткені қаржы жүйесінің ішкі үйлесіміне нұқсан келуі ықтимал. Мысалы, онлайн несие беруді толық шектеу туралы ұсыныстар айтылды – бұл алаяқтық оқиғаларын азайтады деген пікір бар. Алайда қазіргі жағдайда, Мемлекет басшысы цифрландыру мен қаржылық технологияларды дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп отырған шақта, мұндай шаралардың тиімділігі күмән туғызады.

 

Евразия24 пікірі:

Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның ұстанымын қолдай отырып, айта кетер жайт – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасына қатысты пікірін тек отандық сарапшылар ғана емес, шетелдік қаржы ұйымдарының өкілдері де білдіруде. Мәселен, Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша атқарушы директоры Хусейн Озхан бұл реформаның ашықтық, тұрақтылық және озық халықаралық стандарттарға бейімділік ұстанымына сай келетініне назар аударады . Оның пікірінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банктермен тиімді әріптестік орнатуы және банк секторын айқын әрі тәртіпті жүйеге көшіруге бағытталған ұстанымы жоғары бағаға лайық. Мұндай өзгерістер банктерге деген сенімді арттырып қана қоймай, Қазақстан экономикасына жаңа инвестиция тартуға, сондай-ақ халықаралық инвесторлардың ел нарығына белсенді қатысуына жол ашады. Сонымен қатар Озхан банкроттық немесе банкроттық қаупі жоғары банктермен жұмыс істеуге арналған заманауи тетік енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл Қазақстанды банк секторының заңнамасын халықаралық стандарттарға жақындатуға және Қаржылық тұрақтылық кеңесі (Financial Stability Board) айқындаған басты қағидаларға сай болуына ықпал етеді.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Польша Ресеймен шекараны нығайтуға 7 млн доллар жұмсамақ

Польша Ресеймен арадағы шекарадағы күзет жүйесін жаңғырту жобасын іске асырады.

Орталық Азия елдерінің СІМ басшылары АҚШ мемлекеттік хатшысымен “С5+1” форматы аясындағы ынтымақтастықты талқылады

Орталық Азия елдерінің СІМ басшылары АҚШ мемлекеттік хатшысымен “С5+1” форматы аясындағы ынтымақтастықты талқылады.

Сенат халықаралық байқаулар жеңімпаздарына 6 млн теңгеге дейін сыйақы қарастырылған заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды

Сенат халықаралық байқаулар жеңімпаздарына 6 млн теңгеге дейін сыйақы қарастырылған заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды

Қазақстан Парламенті зияткерлік меншік мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады

Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күнгі пленарлық отырыста зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Мәжіліс қабылдаған заң жобасын екі оқылымда қарап, мақұлдады.